Миллионер мектеп
Білім саласында бәйгелі болып, ақыл аламанында көш бастап жүрген білім ордасы – Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей республика көлемінде аудан атағын аспандатып, айтулы жетістікке қол жеткізді.
Биыл ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының таланты мен қабілетін дамыту және қолдау үшін жағдай жасауды мақсат еткен, жыл сайын ауылдық жерлердегі 5 және 6 сынып оқушылары арасынан 1000 дарынды баланы анықтап, елдегі ең үздік білім ошақтарында оқуға мүмкіндік беретін «Мың бала» ұлттық олимпиадасының І кезеңіне аудан бойынша 1660 оқушы онлайн тіркелген еді.
Аудан деңгейінде олимпиаданың ІІ кезеңіне өтіп, тест тапсырған 134 оқушының арасынан 56 қатысушы жеңімпаз атанды.
Ұлттық олимпиадада Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейден 67 шәкірт бақ сынап, 21 оқушы жеңімпаздар қатарынан көрінді. Осы орайда жоғарғы көрсеткішке қол жеткізген білім ордасына «Елбасы академиясы» корпоративтік қорының атқарушы директоры Ануар Жанғозин арнайы келді.
Соңғы үлгідегі технология түрлерімен жабдықталған мектептің мүмкіндіктерімен танысып, мектеп ұжымының соңғы жылдарда жеткен жетістіктеріне қанық болған қор директоры «Мың бала» ұлттық олимпиадасында оқ бойы озық болып, озат оқушылары дараланған білім ошағына 2 миллион теңге сертификатын табыстады.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат