Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тілмен түйгенді тіспен шеше алмайсың

Тілмен түйгенді тіспен шеше алмайсың

Ел егемендігін алған уақытымыз бодандықта бол­ған уақыттың жартысына жуықтады. Не өзгеріп, не өзгермегенін әр сала мамандары өздері бағамдай жатар. Ал біздің қаузамақ тақырыптың шеңбері мемлекеттік тіл төңірегіндегі түйткілдер. Қазақ айтады: «Тілмен түйгенді тіспен шеше алмайсың» деп. Десек те, ҚР Конституциясында ресми түрде мемлекеттік тіл саналатын қазақ тілінің 30 жылдан астам уақыттан бергі һәм бүгінгі мәртебесі, қолданыс аясы неге мәселе мінберінде шешімін таппайды. Проблема қайдан шықты немесе кілтипан кімде?

Атақты ойшыл, әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби: «Үнінен, тілінен және дінінен айырылған халық жер бетінен жойылып кетеді» десе, хакім Абай: «Өнер алды – қызыл тіл» дейді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады», «Егер біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек», – дейді. Міне, біз осы сөздерден асып ешнәрсе айтпауымызға да болады, бірақ уақыт бұл қағидаларды кері итеріп тұрғанға ұқсайды. Неге?
Себеп пен салдарды өзімізше іздеуге тырыстық. Ең әуелі біз туғаннан шығатын тілімізді шүлдірлетіп қоймауымыз керек. Мәселе осы арнадан келіп, ортаңғы тұсқа келгенде аударма проблемасына ауады.
Бір-екі мысал келтіріп көрейік. Осы күні «Межрайонный экономический специализированный суд» дегенді «ауданаралық экономикалық ма­мандандырылған сот» деп айтып, жазып жүрміз. Дұрыс нұсқада, ілік септігінің жалғауын алып тастап, «Ауданаралық экономика сала­­сының соты» деп неге айтпасқа?! Өткенде көше бо­йымен келе жатып, бір дүкеннің маңдайшасындағы «Одежда для всей семьи» деген жарнаманы көзім шалды. Өзімді қайда жүрмін деп жан-жағыма қарап, ойландым. Бұл сөйлем «Бүкіл отбасыға арналған киім» деп сөзбе-сөз аударылған. Жай ғана «Біз осы дүкеннен киінеміз!» деп аударса да тәуір жарнама болар еді. Калькамен сөйлеу, сөйлету, жазу мәселесі халық киінетін, тамақтанатын орыннан да басталады. Сондықтан көпшілік көп жиналатын қоғамдық орындардағы жарнама жазуларға баса мән беру керек деп есептеймін.
Өздеріңіз білесіздер, Қазақ­стан 1992 жылдан бері Біріккен Ұлттар Ұйымының қатарында. Алайда осы ұйымның атауы да ойланарлық жайт секілді. Неге? Өйткені «нация» сөзі ұлт дегенді білдірмейді, ұлыс, қауым, тайпа, ел дегенге көбірек келеді. Сонда осы халықаралық ұйым атауын оның түпкі мақсатына орайластырып, «Әлем Елдері Қауымдастығы» деп атасақ та болатын жарасатын секілді.
Бір құжаттардың әлегімен халықтың көп келетін орнына бардым. Кіреберісте «В первую очередь кресло-коляска!», «Aldymen mugedek oryndygy» деген ескерту сөзіне көзім түсті. Мен ол кісілердің құқығына, адами қадір-қасиетіне, адами ерекшеліктеріне кем­сітушілікпен қарамаймын. Керісінше өзім де бірінші кезекте сол кісілерге орын, жол беремін. Мәселе, тақтайшадағы ескерту сөзінің дұрыс, бұрыстығында болып тұр. Негізгі мағынасына сәйкестендіріп, «Алдымен жол – мүгедек арбасына» деп неге өзгертпеске?!
Ортақ құндылықты жұмыла көтеріп, қоғам болып шешкен әлдеқайда пайдалы, өтімді болары рас. Орайы келгенде айтып қалайын, әр мекемеде, мейлі қоғамдық орын, мейлі салалық мекеме болсын, мемлекеттік тіл мәселесін реттеп, аударма ісін қадағалап отыратын маман болса, құба-құп.
Жазушы Ғұмар Қараш: «Тіл сақтауға мүмкін болғанда, ұлт сақталуға тиіс. Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз» десе, Халел Досмұхамедұлы: «Тіл – ұлттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды», – дейді. Мұстафа Шоқай: «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тілі» десе, Мұхтар Әуезов: «Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан дүниесі», Бауыржан Момышұлы: «Тіл – ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі», – деп жазды.
Сонымен, сөз басында «Проблема қайдан шықты немесе кілтипан кімде?» деген жауапсыз сұрақ қойған едік. Әрине, проблема да кілтипан да – бір. Ал оның қалай, қайдан шыққанын зерделейтін болсақ, таразы басында сіз бен бізден құралған қоғам бар. Әрине, мемлекеттік тіл төңірегіндегі түйткілді мәселені, көрнекі ақпарат құралдары мен жарнама беттеріндегі проблеманы жалғыз немесе бір топ адамның түбегейлі шешіп тастауы мүмкін емес. Елдің азаматы, қоғамның мүшесі, тіл жанашыры ретінде көзбен көрген қателіктерді жазып, ортаға салып, ұсыныс-пікірімді жеткізгенім деп түсінсеңіздер болады.

Жансая ПІРІМ
02 шілде 2024 ж. 179 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031