Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мүсірәлі қожа софы әзіз

Мүсірәлі қожа софы әзіз

Мүсірәлі қожа Софы Әзіз бабамыздың ісі – болашаққа өнеге, есімі үлгі таусылмас құнарлы қайнар бұлақ. Ел арасында шаршы топты жарып, ділмар шешен, ақыл-ойлы, парасатты, алдағыны болжағыш, көріпкел әулие. Кешегі уақытта ел тірлігін, ұлт ұйымшылдығын сақтау үшін оқтай сөздерімен қара ниетті жандардың тіліне, ниетіне бұғау салып, отты найзағай қара түнекті қақ жаратын Алланың құлы Мұхамбеттің үмбеті ойындағысын сөзбен толықтай жеткізе алатын дұғалары қабыл болған. Көзден кетсе де көңілден кетпейтін Мүсірәлі қожа Софы Әзіз бабамыздың ісі болашаққа өнеге, есімі үлгі таусылмас құнарлы қайнар бұлақ.

Ел арасында, халық жадында жатталып, тарихта сақталып қалған бірегей тарихи тұлға Мүсірәлі қожа Софы Әзіз 1639 жылы дүниеге келген. Балиғат жасына толғаннан бастап, өмір жолы ислам дінінің кәусар білімін бойына жинақтап, бар өмірінің ислам дінінің ілгері басуына, бойына жинаған ілім-білімін дінді уағыздауға арнаған тұлға. Мүсірәлі қожа Софы Әзіз Бұхар Шәрип, Көкілташ медресесінде 12 жыл оқыған. Одан соң Бұхар Шәриптегі жоғары діни оқу орны Бұхар әміріне қарайтын атақты Мірараб медресесінде 8 жыл, Шам шаһарында 5 жыл дәріс алған. Бүкіл саналы өмірін ислам дінінің жолына сарп еткен тұлғаның бірі. Шам шаһарынан 38 жасында аты аталған медресені аяқтап, Бұхар Шәрипке қайтып келген. Мүсірәлі қожа Софы Әзіз ислам дінінің сопылық бағыттағы тарихат жолын ұстанған. Бұхара әмірінің және Мирараб медресе шихының тапсырмасымен халықты дін жолына насихаттау және шәкірт тәрбиелеу мақсатында Түркістан қаласы Қожа Ахмет Иассауидегі Қазірет сұлтанға жіберіледі.
1677-1679 жылдары Түркістан шаһарында түбі бір түркі мұсылман жұртына ислам философиясы, ислам тарихы, Құран кәрім, хадис, фих тағы тарихат сопылық бағыттағы ілімдерінен дәріс берген. 1680 жылы қазақ хандығына үш жүздің және Алты Алаштың игі жақсылары мен билері аузы дуалы ақсақалдардың қолдауымен Күлтөбе Тәуке хан сайланғаннан кейін қазақ билері мен данагөй абыз ақсақалдарымен ойласа келе, елді діни бағытпен басқаруды қолға алады. Мүсірәлі қожаны үш жүзге ортақ пір етіп сайлайды. Мүсірәлі есіміне Софы Әзіз атағы қосып беріледі. Мүсірәлінің алты баласының бірі Сүгірәлі, Дербісәлі, Мұхаммед-Дербіс, Сауранбай, Дос, Қосым қожа да, оның ұлы Әбужәлел де пір болған. Мұхаммед-Дербістен бала жоқ, атақты палуан болуына байланысты бір жарыс­та түрікмен палуанымен күш сынасқанда жауырыны 12 қарыстығына халық қызығып, көз тиіп қайтыс болған. Қалған бесеуінің балалары Қазақстанның әр түкпірінде өмір сүріп жатыр. Мүсірәлі атаның кереметтігі оның көріпкелдігі, пірадарлығы да баршылық. Хан кеңсесінде өткен пір сайлау сынағына қатысқан. Әулие қожалардың көріпкелдігін сынауда Мүсірәлі мақтаны үрлеп жандырып, жалындаған от ішінен жанбай шығады. Жиналған билер Мүсірәлінің осы кереметтігіне қайран қалған. Келесі кезектегі сайыс сиырдың ішіндегі бұзауының түрін, түсін, жынысын, анасының ішіндегі де қандай күйде жатқанын жиналған көпшілікке бұлжытпай айтып беруі. Осы кезекте бірінші сөз алған ұлы жүздің ғұламасы Айтқожа «бұл сиырдың ішіндегі бұзаудың түсі қара, жынысы ұрғашы, ақтөбел бұзау жатыр» дейді. Орта жүздің ғұламасы Шортанбай қожа «сиыр ішіндегі бұзау ұрғашы, қара бұзау құйрығы ақ» дейді. Кезек Мүсірәлі қожаға келеді. Ол да «сиырдың ішіндегі шындығында ұрғашы қара бұзау, құйрығының ағы бұзаудың маңдайына оралып келіп жатыр» дей келе, алдыңғы ғұламалардың сөзін дәлелдей келе нақтылап жауап береді. Үш ғұламаның айтқанына куә болған халық одан соң сиырды бауыздап, ішін жарып қараса, бұзау қара түсті, ұрғашы, құйрық ұшындағы ағы бұзаудың маңдайына келіп жатыр екен. Мүсірәлі қожаның тағы бір ерекшелігі, пірлер сайысында ең күрделі сынақ – өлі аруақтармен тілдесу. Сол кезде Мүсірәлінің айтқаны «Сайрамда бар сансыз бап, Түркістанда Түмен бап, олармен сөйлесу оңайырақ, олардың бәрі тірі ғайыптар» дейді. Олардан бөлек жеті түрлі ұлт өкілдерінің өлі әруақтармен жеке-жеке тілдесіп, олардың хал жағдайын білген және оның сөйлескеніне сайыстағы жиналған барша жамағат куә болған және көріпкелдік қасиетіне тәнті болған. Мүсірәлі қожаның «жеті өлікке жан бітірді» деуі осы әңгіменің желісі негізінде жеті өлікпен тілдесуі Мүсірәлінің шын әулие екенін көрсетеді. Бабаның тағы бір кереметтігі, қалмақ елімен жаугершілік уақытында қазақ елін ашық шайқасқа шығуға шақырады. Осы кезде Тәуке хан өзінің би сұлтандарымен пірі Мүсірәлі қожаны хан кеңесіне алдырады. Кеңестегі негізгі мәселе ашық шайқасқа шығу, шықпау немесе ортақ келісімге келу жайлы талқыланады. Осы кеңесте Мүсірәлі қожа әрі пір өз ойын ортаға салады. 20 жылға дейін ашық айқасқа шығуға болмайды. Өйткені біз азайып қалдық. Не болғанда да ортақ келісімге келіп, жоңғарға елші жіберуіміз керек, – дейді ол. Елшілікке 12 адам дайындалып, жолға жинақталады. Сол кезде Мүсірәлі пір бір орамалға бір уыс мақта, бір уыс мұз және бір уыс шоқты салып құбылаға бет бұрып дұға қылып, үшеуін бір орамалға түйіп береді. Елшілік жоңғарларға жүріп кетеді. Мейман асын тасыған жоңғар елі елшілікті қабылдамай мазақ етеді. Жұмыс бітпеуге айналғанын сезген елшілік басшысы қолындағы пір берген орамалды жоңғар ханына ұсынады. Жоңғар ханы орамалды ашып көрген кезде, орамал ішіндегі шоқ сөнбеген, мақта жанбаған, мұз ерімеген болып шығады. Хан барлық билер мен уәзірлерін шақырып, оның қасиетін сұрайды. Бірақ ешкім бұл жұмбақтың шешуін таба алмайды. Сол мезетте ханның қызы әкесінен рұқсат сұрап, «шешуін мен айтайын» дейді. Ол жұмбақтың шешуі «Қазақ елі үш жүзден тұрады. Ұлы жүз мақтадай жұмсақ, орта жүз мұздай суық, кіші жүз оттай ыстық. Келісімге келсең, достығымыз ақ мақтадай жұмсақ болады, ниетің бұзылса, мұздай қарып, шоқтай жандырамыз және жоңғар елін жер бетінен жоқ қыламыз» деген. Мұны жіберіп тұрған адам тегін емес. Бұл қасиет – тек ғана пайғамбар әулетінің қолынан келетін іс. Қазақ елі – жаңадан ислам дінін қабылдаған ақ көңіл, пейілі таза, жүрегінде иманы бар халық. Осы сәлемдемені жіберіп отырған сол елдің ислам дінінің көріпкел әулие қожасының ісі. Мені сол адамға қосыңыз» деп әкесіне қолқа салады. Амалсыздан қызына келісім беріп, елшілікті дұрыс қабылдап, келісіммен қайтарады. Қалмақ қызы ислам дініне кіріп, Мәрия есімін алып, Мүсірәлі Софы Әзізге некелі жар болады. Кіші жүздің пірі Қосым қожа туады. Әйелі толғақ үстінде қайтыс болып, атамыз баланы етегіне салып асыраған екен. Ол өз балаларынан ерекше болып өседі. Бұған қызғана қараған бәйбіше «пірім, қалмақтың қызынан туған бір Қосымды менен туған ұлдардан артық көрудің себебі не?» деп өкпе айтса керек. Атамыз үйдің алдында өз ұлдарын және Қосымды шақырады. Әуелі басқа, ұлдарына «қане, түзге көз салыңдаршы, не көрінеді, айтыңдаршы» депті. Ұлдары ойлана келе «түзде шаң көрінеді, шамасы жаугершілік болып жатса керек» депті. Ал Қосым болса, «әке бір күншілік жерде сізге бір адам келе жатыр» депті. Ертеңіне сәскеде бір аттылы келіпті. Бәйбіше бұған да қанағаттанбай өкпесі тарқамапты. Одан соң атамыз есік алдына киіз төсеп, оның үстіне әуелі басқа ұлдарын шақырады да, «секіріңдер» дейді. Ұлдары секірген кезде әрқайсысынан бір-бірден қорғасын түседі. Ал Қосым секірген кезде, оның бойынан ақ киіздің үстіне тоғыз тамшы қорғасын түскен екен. «Қосымның құдыреті мен аруағы тоғыз ұрпағына кетеді. Мұның артық көруінің себебі осы» деп түсіндірген екен.
Бірде Кіші жүз биі Әйтеке Мүсірәлі Софы Әзізге жолығып, «біздің еліміз төменде, ел жаққа жүрмейсіз бе?» дегенде әулие «Жас болса, келіп қалды. Пірлікке мына Қосым жаста болса жарайды» деп кенже баласын Әйтекенің қарамағына жібереді. Міне сол уақыттан бері Қосым әлім руының арасында болып, кіші жүз Әйтекемен бірге және ел тұтқасын ұстаған азаматтармен бірге кіші жүз жеті руға пір болып жіберіледі. Іргесі керейт руы ішінде болады. Қосым қожаны керейт руынан шыққан қожа деу себебі осы. Негізі Қосым қожа сүйегі жеті ру керейтте емес, тек олардың жол сілтеушісі рухани пірі болған. Негізгі сүйегі – қожа. Мүсірәлі қожа – Софы Әзіздің шығу тегі қазіргі аталып жүргендей Жетіру Керейт те емес, Бақсайыс қожа да емес, тікелей Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) тікелей немере ағасы әрі қайын атасы бірінші Халиф Әбубәкір Әссдихтың р.ғ. және де бүкіл түркі халқын ислам дініне кіргізуші әулие баба түкті Шашты Әзіздің тоғызыншы ұрпағы. Таза қожа әулетінен бұларды ел ішінде Әзіз қожа деп атайды. Әулиенің қасиеті 20 жылдан соң қазақ өсіп-өніп, қалмақты Аңырақай шайқасында бір жолата жер бетінен жоқ қылады. Бұл әңгіме нанымды болу үшін әулиенің арабша жазылған дерегі әулиенің ұрпағы Умра қажылығын өтеуші Орынбет ишан мешітінің имамы Ғабдулла Ізатта сақтаған мақаланы қортындылай келе, Мүсірәлі қожа жан-тәнімен жинаған ілім-білімін болашақ ұрпақтарына берген, қазақтың жер бетінде ұлт болып сақталып қалуына дұғасы мен ілімімен бар өмірін сарып еткен керемет әулие адам.
Мүсірәлі қожа Софы Әзіз – қолына мөр ұстаған мемлекеттік дәрежеде тарихта қалған, сөзі мен ісі мәңгілікке сақталып қалған пір. Сондықтан пір қай уақытта да пір.

(Қысқартылып ықшамдалып беріліп отыр)
Аралбай МАМБЕТЖАНОВ,
Майдакөл ауылы
02 шілде 2024 ж. 194 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031