Дәулет бақсы мен Қосым қожаны не байланыстырады?
Тарих парақтарында Қосым қожа – үш жүзге пір болған Мүсірәлі сопының кенже баласы. Шұғылай Жайсаңның кенже қызы, Жоңғар хонтайшысы Қалдан Цереннің балдызы Мәриямнан туғандығы жазылады. Қосым қожаның азан шақырып қойылған аты – Хошмұхаммед.
Ол кезде балаларына ниетпен пайғамбар есімі берілсе, оларды басқа қосалқы есімдермен атаған екен. Бабамыз Мүсірәлі (Мусафир Әли) кенже баласын «Менің пірлік жолымды, қосынымды жегуші, жалғастырушы ізбасарым, Қосымым» – деп атап кеткен. Мүсірәлі үш жүзге пір болып Түркістаннан хан сарайына кетерде Қосымды Әлімнің Қаракесек тайпасының ішіне өзінің орнына пір қойып кетеді. Қосым да әкесі сияқты айтулы кісі болады. Өзі өмір сүрген уақытта Әйтеке бидің баласы Өтебас, Жақайым Байжанұлы Сартай батырмен бірге жүріп, ақылшы ағасы, батагөй пірі болған. Тірі кезінде де сыйлас болып, ахиреттік әлемде бірге қатар жатқан әулиелер. Қосым қожа пір болумен қатар ел мүддесі жолындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға араласқан. Ресей, өзбек, түрікмен, башқұрт ұлыстарымен келіссөздер, ара-ағайындық мәселелерде, елі, жері, тілі, діні үшін көптеген маңызды құжаттарға ешкімнен тайсақтамай, әділдік шешімін айтып, қолын қойып, мөрін басып отырған деседі.
Қосым қожа діндар болумен қатар емші, алдағыны болжағыш, тақуа, әулие, таза софылық күй кешкен екен. Қызылорда облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің қызметкері Еркебұлан Елеуов бір жазбасында былай дейді: «Бірде қапа болған Қосқадам: «Әуелі Құдай, қалды, Қосым қожа. Софы Әзиз жар бола гөр, – деп төңкеріле тулап аққан дарияға аттың басын қойған екен. Әне-міне дегенше ат дариядан өте шығыпты. Арғы жағада мына керемет құбылысқа аң-таң болып есі шыққан хан баласы:
– Әй, Қосқадам, сенің піріңе менің берген садақам – деп астындағы атын ер-тоқымымен дарияға салып жіберіпті. Ол ат та бергі бетке өткен. Сәлтеке батыр Қосым қожамен қатар екен. Тап сол күні азанда Қосымның үйіне келіп:
– Әй, әулием 17 жыл қалмақтың қолында жатқан баламнан бір хабар алып бермедің-ау, – депті? Сонда Қосым: «Міне, хабар мынау!» деп иығындағы көгеріп қалған шылбырдың ізін көрсетеді.
– Өзеннен өткіздім. Балаң бірнеше күннен кейін үйіңе келеді, – деп жауап қатады. Айтқанындай сол жетінің аяғында Қосқадам Қарақұмдағы ел-халықпен қауышып, туыс-тары үлкен қуанышқа кенеліпті. Қосқадам амандық-саулықтан соң, әкесінің алдына Шегір ханның басын домалатып жіберіпті. Ертеңіне әулие Қосым атасының ауылына аттанып, қалмақ арғымағы мен өз атын баба босағасына байлапты». Деректерде көрсетілгендей, Дәулет бақсы, Қосым қожа, Сартай батырмен қатарлас ғұмыр сүрген. Сартай – Әлімнің Жақайым аталығының белді биі болған. Хан сайланар кезінде үлкен дау, талас туыпты. Әулиеге боз қасқасын айтып, ер тұрманымен арғымақ ат босағасына байлапты. Пірінен бата алған соң сол жылы хан сайланыпты. Өлерінде: «Мені Қосым қожаның әруағы қолдады. Өлгенде де сол кісінің қасына, жақын жерге қойыңдар», – деп өсиет қалдырыпты деседі жұрт.
Дәулет бақсы екеуінің бір-бірімен ойнап, күш салыстыруы ерекше әңгіме. Екеуі жолаушылап келе жатып күш сынастырғанда, Дәулет жоқ болып кетеді. Жан-жағына ұзақ қарағанында бір уақытта кесіртке болып жатқан құрдасын «Тұр әй, Бұрханым» деп тауып алыпты. Ендігі кезекте Қосым баба жоқ болып кетеді, ұзақ іздеген Дәулет бақсы «Әй, қожа, таба алмадым, шық енді» дегенінде, ол бүркіт болып жоғарыда айналып ұшып жүреді. «Әй, қожа, сені жерден іздеп жүрсем, сен төбемде, көкте ұшып жүр екенсің ғой, нәсілің қожа ғой» – дейді. Осылайша Дәулет бақсы құрдасы Қосым қожаның кереметінің басым екендігін мойындаған көрінеді. Бұл туралы Ү.Түктібаев ауылындағы «Орынбет ишан» мешітінің имамы Ғабдулла Іззатулла жазады.
Дәулет бақсы мен Қосым қожа, Сартай батыр бейіттері Қазалы ауданының орталығы – Әйтеке би кентінен 70 шақырымдай қашықтықта Қуаңдарияға жақын жерде орналасқан.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА