Жаңа зауыт іске қосылды
Ақ маржан атанған күріштің отаны – Сыр елі тәуелсіздік жылдарында жер қойнауындағы мұнайдың мол қорын игеріп, егемен елдің игілігіне жаратуда. Ырысты, күрішті өлкедегі игілікті істер жалғасын тауып келеді. Оның ішінде қазалылық шаруалар биыл күріш алқабын едәуір арттырып отыр.
Аудандағы «Жанкент Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жаңа зауытты іске қосты. Оның қуаты жылына 5 000 тонна күріш өңдей алады. Жобаның жалпы құны – 501 миллион теңгені құрайды. Оның 155,2 миллион теңгесі «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан алынса, қалған 345,8 миллион теңген серіктестік өз есебінен қаржыландырған екен. Өндіріс орнында 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қазір ақталғаш күріш өзімізден бөлек Ресей, Украина, Өзбекстан елдеріне экспортталуда.
Серіктестік директоры Әнуар Абыхановтың айтуынша, «Жанкент Агро» серіктестігі 2021 жылы құрылған. Шаруашылық күріш, жоңышқа дақылдарын егумен айналысады. Биылдың өзінде 292 гектар жерге күріш егіп, суға бастырған. Шаруашылықта 35 адам еңбек етеді.
Биыл аудан бойынша барлығы 17 377 гектарға егін егу жоспарланған. Оның ішінде дәнді дақылдар – 6 637 гектар, майлы дақылдар – 65, картоп, көкөніс, бақша – 2384, мал азықтық дақылдар – 8 291 гектар болса, сыр салысы – 6 200 гектарды алып жатыр.
Қазалы ауданының халқы жыл сайын ауыл шаруашылығы саласында табысты еңбек етіп жатқанын бәрі жақсы біледі. Тіпті өнім өндіруде аймақта көш басынан көрініп жүр. Өткен жылға да өкпе жоқ. Дала дарабоздарының табанды еңбегінің арқасында былтыр сыр салысынан мол астық алдық. Биылғы науқанға да қажырлы еңбек етуде. Көктемгі егіс сызбасын даярлау барысында әртараптандыру бағытындағы жұмыстарға да ерекше мән беріліп отыр. Бұл тұрғыда өткен жылмен салыстырғанда жаздық бидай – 81, жаңа жоңышқа – 126, ескі жоңышқа 112 гектарға артық егілген. Ал негізгі дақыл – күріштің көлемі 250 гектарға азайыпты.
Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында картоп, көкөніс, бақша дақылдарын қосымша егу үшін 146 гектар жерге барлығы 281 адам бірігіп, дән себу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, 15 гектар картоп, 35 гектар көкөніс, 46 гектар бақша дақылдары егілді.
Сыр өңірі – ауыл шаруашылығы саласы бойынша жыл сайын толайым табыстарға қол жеткізіп, ел қазынасының ұлғаюына айтарлықтай үлес қосуда. Аймақ күріші ішкі нарықты қамтып қана қоймай, алыс-жақын шетелдерге де экспортталып келеді.
Бүгінде қазақстандықтардың шамамен тең жарымы елді мекендерде тіршілік етеді. Ал Қызылорда облысы халқының 60 пайызға жуығы – ауыл тұрғындары. Олардың басым бөлігінің күнкөрісі, әлеуметтік-экономикалық жағдайы ауыл шаруашылығы өндірісіне тікелей байланысты. Қазалы бұрыннан ауыл шаруашылығында табысты еңбек еткенін айттық. Бұйырса, биыл да осы дәстүр жалғасады деп үміттенеміз. Еңбекпен еңсе тіктеген елді мекен халқы қазірдің өзінде алдағы науқандарға қызу дайындық үстінде жүр.
Айнұр ӘЛИ