Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Балаларға базарлық

Балаларға базарлық

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді қазекем. Қайырымдылық – адамзат бойындағы ерекше қасиет. Ол ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегінің символы іспеттес.
Жақсылық пен қайырымдылық – егіз ұғым. Жақсылықты ту етіп, қайырымдылықты қалыпты жағдай деп түсінетін қазақ халқы өз тарихында қанша жанның жанына жалау, көңіліне медеу болды. Туыс пен бауырға, ауылдас пен қарындасқа жетпегенін жеткізіп, болмағанын толтырып отыратын ата салтымыздан сіңген қасиет емес пе?
1 маусым – халықаралық балалар күніне орай Қазалы қаласындағы Сырлыбайұлы Мәметек би кесенесінде балаларға базарлық жасалды. Қаланың мүмкіндігі шектеулі балғындарын мерекемен құттықтап, түрлі қызықты уақыттар ұйымдастырылды. Мәселен, жеткіншектер арасында ән-би фестивалі өтті. Бар өнерін ортаға салған өрендерге Мәметек ата қоғамдық қорының басшысы Серікбай Байкенов арнайы дипломмен марапаттады. Айта кеткен жөн, Орман шаруашылығы мекемесінің директоры Ардақ Нартайұлының демеушілігімен сыйлықтар үлестірілді.
Осыған қарап, қайырымдылықты ту еткен халқымыздың қасиеті қанымызға сіңгенін, оның әрі қарай жалғасып келе жатқанын аңғарамыз. Бұл ретте қайырымдылық ұғымын терең зерттеген ғұлама әл-Фараби: «Адамдары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам. Барлық қалалары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын халық – қайырымды халық. Егер халықтар бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отырса, бүкіл ғалам қайырымды болмақ» деген. Осы ретте қайырлы іске үлес қосқан жомарт жандардың көптігі қуантады. Оларға Алла мол сауаптан жазсын дейміз. Өзгеге ізгі ниетпен берілген көмек – жақсылықтың бастауы, несібенің қайнар көзі. Кең жүректі, мейірімді жандар көп болса, ізгіліктің шырағы өшпесі анық.
Бұл өмірде ешкім мұқтаждықты, зәру болуды қаламайтыны белгілі. Әйтсе де қоғамда түрлі тағдыр бар. Өзгеге қол ұшын созып көмектесу қанымызда бар қасиет. Қиналғанды демеп, жақыны болмаса да жанашырлыққа асыққан жандардың күн сайын қатары артып келе жатқаны көңіл қуантады.
Айнұр ӘЛИ
04 маусым 2024 ж. 55 0

Ызғарлы түн

17 қыркүйек 2024 ж. 2

Шешімін тапқан шаруа көп

17 қыркүйек 2024 ж. 10

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30