Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлт айбыны асқақтасын көгімде

Ұлт айбыны асқақтасын көгімде

Осыдан тура 32 жыл бұрын егемендіктің белгісі – Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Гимн бекітілді. Мемлекеттік рәміздер ел рухын асқақтатып, ұлттың бітім-болмысын айшықтай түсті. Аспаннан сәулесін төккен шұғылалы күні, еркіндікте қалықтап ұшқан қыраны бар көк туымыз көкте желбіреді. Әсем өрнектелген шаңырақ, қос қапталында қанат жайған пырақ – Елтаңба, ал «Менің қазақстаным» әні – тәуелсіздіктің теңдессіз нышаны. Осындай ұлт айбынын қалай қастерлесек те жарасады емес пе?!
Бейбіт елдің рәмізін жасап, оны халық талқысына салу, арнайы құрылған мемлекеттік комиссияның сараптамасынан өткізу маңызды міндет еді. «Туымыздың бейнесі қандай болады?», «Елтаңбаның ерекшелігі ше?», «Әнұранымыз бойға қуат, ұлтқа рух беріп тұра ма?» деп талай жан егемендіктің елең-алаңында ұйқы қашырған болатын. Көне түркі дәуірінен бергі ХV ғасырдағы Қазақ хандығының өз байрағы болған.
2007 жыл, 4 маусым. Астана қаласы. Дәл осы күні рәміздердің 15 жылдығына арналған «Менің Қазақстаным» республикалық жастар форумы өтті. Осы күннен бастап «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Рәміздері туралы» Конституциялық Заң қабылданып, еліміздегі Мемлекеттік мерекелер саны тағы да көбейген-ді. Бұл күн – Ұлы даланың тарих беттерінде өзіндік орны қалған күн. Ал мерекелік датаны атап өту жыл сайын дәстүрлі үрдіске айналды.
Бала күнімізде үлкендер осы үш нышанды ерекше қастерлеуге, қадірлеуге тәрбиеледі. Бойымызға сіңіріп өсірді. Елтаңба бейнеленген 1 теңгелік монетаның өзін жерден көрсек, биікке қоюға асығатынбыз. Бұл да киелі дүниенің бірі болды. Қазірдің өзінде жерге тастамай қастерлей ұстаймыз. Туымыздың желбіреп тұрғанынан қуат аламыз. Әнұран орындала кетсе бейсана түрде оң қолымызды жүрекке қойып, рухымызды асқақтатамыз. Ал түрлі сайыста орындалған әнұран әрбір қазақтың құлағынан кіріп, бойын алары сөзсіз. Тек белгілі бір мерекеде емес, оқу ошақтарында сабақ басталмай тұрып, оқушылар бойын тіктеп, қолын жүрегіне қойып әуелете таңын атыратын-ды. Тіпті кей мектепте үзіліс қоңырауының орнына әнұранның дауысы сыңғырлады. Керемет емес пе?! Қазір ауыл болсын, қала болсын туымыз түстес мектеп формасын арнайы тіктіреді. Қазақы оюын да жейдесінің бір бөлігіне жабыстырады. Соңғы үлгіде шыққан сәнді қазақи киімдерге қарап еріксіз қуанамыз. Қай жерде болсын ұлттық нақышымызды көргенде бойдағы қанымыз еріксіз тулайды. Мақтаныш, қуаныш, сүйіспеншілік сезімі Отанға деген құрметті одан әрі тасытатындай. Қай кезде болсын қазекемнің менталитеті шекарадан аспаған. Жерден нанды жолай көтермей кетпейтін қазақ жоқ. Сол секілді туымыз да жерде жатпайды, әнұран да ескі таспада қалмайды. Отанын қалай сүйсе, құндылығын да солай дәріптейтін Ұлы даланың халқымыз. «Ел» дегенде ең алдымен рәміздер көз алдымызға оралатыны да осыдан.
Біз Тәуелсіздігімізді алып, бейбіт елде марқаятын күнді армандадық емес пе? Рәміздер – ұлт тұтастығының бедел-бедері, тәуелсіздігіміздің басты құжаты. Көкке қалықтаған туы, айдары айшық Елтаңбасы, құлақтан кіріп бойды алған Әнұраны бар Тәуелсіз елде ынтымағы жарасқан халықпыз. Еліміздің өз алдына дербес мемлекет екенін айғақтайтын, қазақ халқының дарқандығы мен кеңдігін бейнелейтін төл нышандарды құрметтеу – Отанға деген сүйіспеншіліктің, жоғары азаматтығымыздың көрінісі болып қала бермек.

Айнұр ӘЛИ
04 маусым 2024 ж. 77 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031