Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Елдіктің ерекше белгісі

Елдіктің ерекше белгісі

Елдің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі мемлекеттің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі, халық рухын, ұлттың салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын жеткізетін ерекше құнды белгілер – мемлекеттік рәміздер.
Мемлекеттік рәміздер ұлттық бірегейліктің қалыптасу тірегі және әрбір ел дамуының ажырамас бір бөлігі. Олардың тарихы алғашқы қоғамдағы тотемге табынудан бастап, кейін түркілер дәуіріндегі көк бөріге табыну, Орта ғасырдағы хандықтар мен патшалықтардың елтаңбалары, жалаулары және теңгелеріндегі айшықты белгілерімен сабақтасады.
1992 жылдың 4 маусымы Қазақстан Республикасының рәміздері бекітілген күн болып тарихта қалды. 2007 жылғы 4 маусымда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қол қойып бекіткен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңы мемлекеттік рәміздердің пайдалану тәртібін нақты шегелеп берді. Тұңғыш рәміздер – Ту мен Елтаңба 1992 жылдың 4 маусымында қабылданса, Гимн мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілді. Ал биыл осы рәміздерге 29 жыл.

Тәңірдің сыйы – көк Ту
Мемлекеттік тудың ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.
Авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков. Оның тың туындысы 600 жоба арасынан көзге түсіп, жоғары кеңесте талқыланған. Күн – жарқын болашақтың, күннен тараған әр шапағат, шуақтың – молшылық пен аманшылықтың белгісі. Ал дала қыраны – кеңдік пен зеректікті білдіреді. Біз үшін бұл тәуелсіздікке, болашаққа ұмтылудың символы. Оюлары қазақы элементтің бірден-бір көрінісі.

Елдіктің нышаны – Елтаңба
Елтаңба – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу түскен.
Шаңырақ қазақ ұғымындағы ең қасиетті де қадірлі символ. Жақсылыққа алғыс ретінде де «шаңырағың биік болсын», «шаңырағың шайқалмасын» деген сынды тіркестер қолданылатыны белгілі. Бір шаңырақтың астында бірнеше ұлттың тату-тәтті ғұмыр кешуі де көптің қолынан келе бермейді. Қанатты қос пырақ – қазақ санасындағы ертеден келе жатқан қиял.
Авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Әлемге танытатын – Гимн
Гимн авторын әр қазақ жатқа білуі тиіс. Сөзін жазған Елбасы Н.Назарбаев пен Ж.Нәжімеденов. Әнін жазған Шәмші Қалдаяқов. Туған елдің бар болмысынан, тарихынан көрініс беретін бұл әннің әні мен сөзі әдемі үйлесіп, күллі қазақ кеуде кернеп айтатын әнұранына айналғаны да отан деп жүрегі соққан әр азамат үшін айтары көп.
Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Гимн Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.
Тәуелсіздік тұмары болған рәміздер туралы әрбір қазақ азаматы білуге тиіс деректері бар. Мәселен, Елтаңба көрінісі Қазақстан азаматының кез келген құжатында болады. Туу туралы куәліктен бастап зейнетақы кітапшасына дейін Елтаңбаның белгісі қолданылады. Ал ту үнемі оң жаққа қарай желбіреуі керек. Сондай-ақ Мемлекеттік мекеме маңдайшаларында Ту міндетті түрде болуы шарт. Қазақстандағы ең үлкен ту елордадағы «Атамекен» этномемориалдық кешеніндегі Мемлекеттік рәміздер алаңында орналасқан. Биіктігі – 111 метр. Кешен 2009 жылы салынған.1994 жылы 1 шілдеде Талғат Мұсабаев тұңғыш рет қазақтың Туын ғарышқа апарды. Монблан шыңында Памир тауының Ленин шыңында және Эверест шыңында еліміздің Туы желбіреп, Гимн шырқалды. Сонымен қатар 2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетовтің ғарышқа сапары кезінде Қазақстанның Туы Жерді 150 рет айналып ұшты.

Дайындаған А.БАҚЫТҰЛЫ
05 маусым 2021 ж. 932 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 115

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930