Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Рәміздер – егемендігіміздің айғағы

Рәміздер – егемендігіміздің айғағы

Мемлекеттік рәміздер Ту, Елтаңба және Гимн – біздің тұтастығымыз бен дербестігімізді айшықтайтын, өткеніміз бен болашағымыздың арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Рәміздер елдің өзіндік өмір салтын, болмыс-бітім ерекшелігін, өзгелермен байланыс орнату мұратын білдіретін айрықша белгі болып табылады. Қазақстан өз егемендігін жариялаған уақытта ­декларация қабылдап, 1992 жылы 4 маусымда тәуелсіздігіміздің мызғымас негізін білдіретін мемлекеттік рәміздерді бекітті. 2007 жылы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң қабылданды. Заң аясында жыл сайын 4 маусым Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленуде.
1992 жылы мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылданып, арнайы шығармашылық комиссия құрылды.
Рәміздердің үлгісі бойынша конкурсқа 600-ден астам адам қатысты. Мемлекеттік ту эскизі бойынша 1200 өтінім түскен. Суретші Шәкен Ниязбеков салған мемлекеттік ту бекітілді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.
Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 кескіндемесі ұсынылды. Елтаңба жобасы конкурсында сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың еңбегі үздік деп танылып, қазіргі нұсқа бекітілді. 2018 жылы елтаңбада «Қазақстан» жазуы латын графикасымен QAZAQSTAN деп берілетін болды. Елтаңба – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес. Елтаңбаның белгісі Қазақстан азаматының туу туралы куәліктен бастап зейнетақы кітапшасына дейінгі кез келген құжатында болады.
1992 жылы конкурсқа түскен 750 ән нұсқасының арасынан Қазақстанның алғашқы гимн музыкасының авторлары ретінде Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди белгіленді. Гимн мәтінін белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жазып шықты. Сөйтіп, 1992 жылы 11 желтоқсанда еліміздің алғашқы әнұраны бекітілді.
2006 жылы жаңа мемлекеттік гимн қабылданды. Оның негізі ретінде халық арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды. Әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әнге мемлекеттік гимн жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді. Қазақстан Парламенті 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа мемлекеттік гимнін бекітті.
Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.

"ҚАЗАЛЫ" ақпарат

04 маусым 2022 ж. 2 290 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031