Үшемдер мен егіздердің «анасы»
Қазақта көп баланы дүниеге әкелген адамды аяулы жанға балайды. Ал егіз бен үшемдер туған нәзікжандар қашан да құрмет төрінде. Құрсағына бір емес, бірнеше өмірді сыйдырған ардақтыларға күтім көрсетіп, перзенттердің аман-есен есік ашуына жауапкершілікпен қарайтын кіндік шешенің ісін жай күнде елей бермейміз.
Ол – ешқашан мақтау мен марапатқа ұмтылмаған адам. Солай бола тұра, биігінен аласармаған акушер. Арманы – әр сәбидің отбасымен қуанышта қауышуы, мақсаты – саналы ұрпақ өрбітуде тұрғындарға тәжірибесі мен біліктілігін бөлісу.
Қарапайымдылығымен көпке үлгі болған Әлия Айбергеннің есімін бүгінде бүкіл республика жұртшылығы біледі. Әсірелеу емес, анық ақпар. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазалы ауданына қарасты Ү.Түктібаев ауылында егіздер көп тұратынын ақпараттандырғанымыз бар. Сол кезден бастап жағымды жаңалық елімізге кеңінен танылып, танымалдығы арта түсті. Бүгінде басқалар батыр атымен аталатын мекенді «егіздер ауылы» деп біледі.
Екі мыңға жуық адам тұратын мұнда төрт жүзге жуық отбасы түтін түтетіп отыр. Соңғы отыз жылда бала туу толастамаған. Қызығы, олардың бірнешесі егіз бен үшемдер. Танымал балалардың кіндік шешелері – мақтаулы маман ғана емес, әрбір өскінге өз анасындай алаңдайтын жанашыр.
Аталған ауылда дүниеге келген ару орта мектепті отбасының қоныс тебуіне байланысты аудан орталығында тәмамдайды. Сол жылы Жезқазған медициналық училищесіне қабылданып, 1988 жылы жалпы мейірбике ісі мамандығын алып шығады.
Қолына диплом ұстаған жас маман Түктібаев ауылына оралып, еңбек жолын мейірбике болып бастайды. «Мейірбикелік адамнан көп қажыр-қайратты, үнемі ізденісті талап етеді. Тоқтауға, тоқмейілсуге болмайды. Өзгерістер мен жаңалықтарға ілесе жүріп, алға қарай адымдайсың. Өз басым сол жылдары көп нәрсе үйрендім. Қиналдым, кейде шаршаған уақытым да болды. Алайда мені жетелеген арманым мен ата-ана, ізіме ерген бауырларымның үміті болды», – деп бастады әңгімесін ол.
1992 жылдың соңында акушерлікке ауысады. Барлық ананың бала көтергендегі жағдайы, босанып келгеннен кейінгі күйіне жауапты жұмыста түрлі оқиғаға тап болады. Екі кезеңнің тоғысқан тоқырау заманның өзінде Түктібаев топырағындағы аналар бала босану көрсеткішін кемітпеген. 1992-1997 жылдар аралығында ауылдағы аурухана жанындағы перзентхананың жұмысын да дәл осы гинеколог пен акушер қоса атқарады. Мұның сырын сұрағанымызда, кейіпкеріміз жайбарақат қалпынан таймай: «Біздің штатымыз емханада болды. Әйел босанып жатса, түнде де, басқа уақытта да барамыз. «Неге қосымша ақы төленбейді?», «Менің құзыретіме кірмейді» демейміз, жақсы біткен іске қуанамыз», – дейді.
1997 жылдан 2007 жылға дейін жүкті келіншектер көршілес Бекарыстан би ауылында босанған. 2007 жылы ол аурхана да жұмысын тоқтатып, әйелдер облысқа тасымалданады. Олардың әрбірінің жанында акушер Әлия жүреді.
Жоғарыда атап өткен ағайындылар туралы білмекке ұмтылдық. Акушер маман бәрінің аты-жөнін, туған күні мен уақытын күні бүгін болғандай айтып берді.
Тәуелсіздіктің төл құрдастары Жанарыс және Бекарыс Сапаевтар білім саласында жемісті жұмысымен танылып үлгергендер. Олардың құрдастары Алмат пен Самат өз бағыттарын өнер жолынан іздепті.
Аймақовтар отбасының кенжелері Ержан – жоғары білімді азамат. Рудный педагогикалық институтының түлегі. Сыңары Нұржан – кәсіпкер. Егіздердің немере бауырлары Еділ мен Жайық Абзалдар теміржолшы мамандығын алса да, бірі Алматы, бірі Астана қаласында түрлі салада еңбек етуде.
«Алдыңғы егіздерде мен көмекші болдым. Ал 1997 жылы туған Киікбай Нағызәлиев пен Айымгүл Алдамбергеновтің ұлдары Ерқанат пен Нұрқанатты өзім босандырған тұңғыш егіздерім», – дейді жүзіне күлкі үйіріліп. Тағы бір айта кетерлігі, бұл отбасында тағы егіз бар. Қазір Бекзат пен Саят да тәрбиелі балалар.
Нұрсұлтан мен Сара да осы ауылда дүниеге келген. Олар да өздерін жақсы қырынан көрсетіп келеді.
2006 жылы есік ашқан Айдана мен Айбек Игенберген, Еркемай мен Еркетай Асандар – бітіруші түлектер
Толғанай мен Толағай Аманжол, Ақтілек пен Ақниет Жақайым – оқушы.
Айкөркем мен Айжұлдыз, Маржан мен Айжан да айналасының көз қуанышына айналған. Егіздердің ең кішісі Нұрәлиевтер отбасының ұлдары Дияс пен Мирас алғашқы қадамдарын басуда.
2015 жылы Жақсыкелдиевтер отбасына қосылған Айғаным, Асылым, Айланнан кейінгі үшем Алтынбаевтар шаңырағында 2020 жылы жалғасады. Айғаным, Асылым, Айлан балабақша тәрбиеленушілері.
Отбасында ардақты ана, абзал әже атанған Ә.Айберген 2010 жылы өмірден өткен жолдасы Байқадам Төлегенұлының шаңырағын тіктеп, ұл-қызын азамат қатарына қосқан. Қарашаңырақта қалған келін енесіне қызмет етіп, үлкен кісінің ақ батасын алған.
Үлкені Жомарт анасының жолын қуған, аудандық жедел жәрдем мекемесінің қызметкері. Қызы Гүлнұр – математика пәнінің мұғалімі. Байдәулеті былтыр университет дипломын қолына алып, ауылдағы №88 мектепте «Жастар тәжірибесімен» жұмыс істеуде. Кіші ұлы Ернұр «Болашақ» университетінің студенті.
Ауыл акушерінің айтуынша, жылына 38-45 нәресте тұрғындар қатарын толықтырады. Бұл аудан бойынша жоғары көрсеткіш. Әйелдердің үлкені 44-те болса, ең жасы 18-ге аяқ басқан.
Естуімізше, құрсақ көтере алмай, перзент сүю бақытын аңсап жүрген аналар ауылға жиі атбасын бұратын көрінеді. Бұл қазақы ырымнан туған сенім болса керек-ті.
«Көпбалалы ата-ана атану біздің ауыл үшін қалыпты жай саналады. Жағдайға еліміздегі ана мен балаға деген қамқорлықтың жыл сайын артуы да әсерін тигізсе керек. Алайда дені сау бала дені сау ата-анадан туылады. Бұл орайда жүктілікті жоспарлау, әйел күтімі туралы да жұмысты негізгі бағытымызға айналдырғанбыз», – дейді қоштасарда.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА