Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Алтын құрсақты аналар ауылы

Алтын құрсақты аналар ауылы

Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаев атындағы ауыл аудан орталығынан 75 шақырым қашықтықта орналасқан. Алға ауылдық округіне қарасты елді мекеннің аты республика көлеміне таныс. Қалай дейсіз ғой?! Батыр атымен аталуы өз алдына бөлек әңгіме. Басқа ауылдардан бөлектігі бұнда алтын құрсақты аналар қатарының көптігінде. Көз тимесін Түктібаев ауылында 24 егіз тұрады. Осыдан төрт жыл бұрын дүние дидарын ашқан үшемдер – Айғаным, Айғант, Асылым есімді балдырғандар да ата-анасының көз қуанышы болып өсіп келеді.
Ауылда 2000-ға жуық адам тұрады, 300-ден астам отбасы түтінін түтетіп отыр. Түктібаевтардың басым көпшілігі ата кәсіп мал шаруашылығымен айналысады.Сонымен қатар бау-бақша егіп, ырзық-несібесін Жер Анадан теріп жүргендер жетерлік. Әсіресе, жергілікті қауынның дәмі таңдайдан кетпейді.
Үрмәш Түктібаев 2000 жылдардан бері қарай «Егіздер ауылы» аталып кеткен. Мұнда жылына бірнеше егіз туылады. Қазір алақандай ауылда 24 егіз жұп тұрады. Ең үлкені 40-тан асса, ең кенжесінің жасы бесте.
Шапағат және Толғанай Аманжоловалар әпкелі-сіңілі. Туғаннан бері жұптары жазылған емес. Егіздердің сырт-келбеті бір-біріне қатты ұқсамағанымен, мінезі ұқсайды. Екеуі де бауырмал, жақындарына қамқорлық танытып тұрады. Анасы Перизаттың айтуынша, Толғанай гуманитарлық бағыттағы пәндерді ұнатады екен. Ал Шапағат жаратылыстану пәндерін сүйіп оқиды. Екеуі де анасына үй шаруасына қолғабыс жасап, берілген тапсырманы тиянақты орындайды.
"Мен бес баланың анасымын. Егіздерім – ортаншы балаларым. Негізінен сыңарлар менің әулиетімде болған. Толғанай мен Шапағат бір-біріне өте жақын. Біреуі ауырса, екіншісінің де денсаулығы сыр береді. Бір-бірінен ұзақ уақыт жырақта жүре алмайды. Сағынып, іздеп тұрады", – дейді анасы Перизат Дауылбаева.
Ақжан және Маржан Жақсыкелді. Екеуі де оқуда озат. Сыныпта бір партада отырады, үй тапсырмасын да бірге орындайды. Қайда жүрсе де, бір-бірінен алыстамайды. Қыздардың түрлері де ұқсайды, қызығушылықтары да бірдей. Егіздер ән айтқанды, би билегенді ұнатады. Ақжан мен Маржанның ата-анасы балаларының болашағына үлкен сеніммен қарайды.
Балаларын – байлыққа балаған бұл отбасымызда сегіз бала өсіп келеді.«Үшемдердің мінезі үш түрлі, еркеліктері басым. Біреуіне қабақ шытсаң, қалғандары да ренжіп қалады. Бір-бірімен ойнайды, ұзақ уақытқа бір-бірінен ажыратуға болмайды. Жүректері нәзік, өте бауырмал», – дейді көп балалы ана Айгерім Маханбетжанова.
Екі мәрте егіз тапқан Алмагүл апаның Нұрқанаты мен Ерқанаты 1997 жылы дүниеге келді. Араға тоғыз жыл салып, Бекзат пен Саят Шаттықовтар отбасы қатарын толықтырды. Қазір Нұрқанат, Ерқанат және Бекзат Астана қаласында тұрады. Ерқанат отбасылы. Бір баланың әкесі. Бекзат мамандық меңгеруде. Сыңары Саят ауылда ата-анасының жанында. Биыл мектепті тәмамдайды. Алтын құрсақты Алмагүл анаға телефон шалып, балаларының ұқсастығы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы сұраған едік. Бір қызығы алғашқы егіздерін дүниеге әкелгенде ешкім сенбепті.
– Жүкті кезімде бірнеше мәрте ультра дыбыстық тексеруден өтсем де ешқайсысы егіз бала дүниеге келеді деп айтпады. 1997 жылдың 1 сәуірінде Нұрқанатым мен Ерқанатымды босандым. Жақын-жуыққа егізді болдым десем, ешкім сенбейді. 1 сәуір – күлкі күніне бізді алдап отырсың деп бәрі қалжың ретінде қабылдағаны бар, – дейді Алмагүл Алданбергенова. Бұл отбасының тұңғышы Ләззат. Ол тұрмыста. Бес баланы өмірге әкеліп, тәлімді тәрбие беріп отырған Киікбай Нағызалиев пен Алмагүл Алданбергенова немерелердің сүйікті ата-әжесі.
Бір ғана ауылды емес, бүкіл қауымды шаттыққа бөлеген жаңалық – 2019 жылы Ү.Түктібаев ауылында болған еді. «Өмірге үшем келді» деген қуанышты хабар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы лезде республикаға тарады.
Осыдан төрт жыл бұрын ауыл тұрғындары Қуаныш Алтынбаев пен Айгерім Маханбетжанованың отбасында қуанышты жағдай орын алды. Жарық дүниеге Айғант, Айғаным және Асылым есімді үшем келді. Бүгінде қыздар тәтті қылықтарымен жақындарын қуантып жүр. Үш қыздың сырт келбеті бір-біріне қатты ұқсамайды. Ата-анасының айтуынша, үшемдердің мінезі де әртүрлі.
– Ортаншым Айғаным пысық, үлкенім Айғант аңқаулау. Ал кіші қызым Асылым әлі мінез шығара қоймады. Үшеуі бір-біріне өте жақын. Өсе келе бірге ойнауды үйренді. Бірі ауырса, екеуінің де мазасы қашады. Қазір аналары үйде балалардың тәрбиесімен айналысып отыр. Баланың ержетіп, есейіп кетуі оңай емес. Үшемдер тіптен бөлек әңгіме. Бұл бізге құдайдың берген үлкен сыйы. Барымыз да, бақытымыз да балаларымыз, – дейді үшемдердің әкесі Қуаныш Алтынбаев.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
02 наурыз 2024 ж. 248 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 73

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930