Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әскердегі жастың жайынан

Әскердегі жастың жайынан

Тарихшылар қазақ армиясында ежелден «дедовщина», яғни тәжірибелі жауынгерлердің бозбалаларға тізе батырып, күн сайын қорлау оқиғалары болмағанына екпін түсіреді. Өйткені Ұлы далада тұрақты әскери қосын-базалар тұрғызылмады. Шайқас біткен соң, жаудың беті тойтарылып, жеңіске қол жеткесін, батырлар өз қолын ертіп, төл ауылдарына тарасатын болған. Ал қазір ше?
Бүгінде елімізде әскерде жүріп қайтыс болған жастар жайлы жиі еститін болдық. Тіпті соңғы уақытта бұндай қаралы хабарды құлағымыз бірнеше мәрте естіді. Бейбіт күнде сарбаздардың көз жұмуы жақсы құбылыс емес. Шамасы, саладағы жауаптылар темір тәртіп пен әлімжеттікті шатастырып алса керек-ті. Осындай оқыс оқиғалардың себебі неде?
Сау барып, ауру болу
Саптағы сарбаздарды іріктеу – ең жауапты сәт. Сол үшін өкілетті орган жеке істерді зерделеу кезінде әскерге шақырылушылардың сауалнама деректерін қарап, азаматпен және оның ата-анасымен барынша әңгімелеседі. Оның үстіне жастардың мамандығы, білімі, моральдық және іскерлік қасиеті, денсаулығы мен дене бітімі, тіпті арнайы дайындығы мен отбасылық жағдайы да егжей-тегжейлі зерделенеді. Соның ішінде қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны, тергеуде жүргені, заңсыз қоғамдық бірлестіктердің немесе дәстүрлі емес діни ағымдардың мүшесі ретінде арнайы есепте тұрғандығы да мұқият тексеріледі екен. Осы іріктеуден өте алмаса, онда олар Отан қорғау міндетінен босатылады. Оның ішінде денсаулығына байланысты тексеріс ерекше қаралады.
Аудандағы сала мамандарының сөзіне сенсек, әскерге шақырылғандар алдымен 11 дәрігердің тексеруінен өтеді. Жарамдылықтың 6 санаты бойынша әскерден босатуға жататын аурулардың тізімі бар. Мысалы, туберкулез, көз ауруы, қатерлі ісікпен және басқа да аурулармен ауыратын адам әскерге мүлдем жарамсыз деп танылады. Ал ауруы емделетін болса, әскерге шақыру мерзімі кейінге шегеріледі. Айталық, ішкі ағза, хирургиялық, неврологиялық, көз ауруларына байланысты ауру түрлері емделуге болатындықтан, әскерге шақыртуы артқа шегеріледі. Әскерге шақырылғандардың психологиялық ауытқушылығы сарбаз болғанға дейін әбден тексерілетіні де сондықтан. Себебі саптағы сарбаздың дене дайындығы ғана маңызды емес. Алдағы сынаққа сынып түспейтіндей психологиялық дайындығы да мығым болуы шарт. Әйткенмен әскери мамандардың мың тексерісінен өтіп, сан сауалынан мүдірмей өткен жігіттердің жыл өтпей-ақ өз-өзіне қол салып, өмірінен күдер үзетіні күмән туғызады.
Тәртіп те, тәрбиеге келіп тіреледі
Әскери саладағы көп дүние, маңызды деректер мемлекет құпиясы ретінде саналып, ол жайлы ақпарат таратыла бермейтінін білеміз. Мәселен, бұндай санаттағы құпияға не жатуы мүмкін? Әскери бөлімшелердегі сарбаз саны, қару-жарақ есебі мен оның түрлері, мүмкіншіліктері, әскердің стратегиясы сияқты дүниелер расымен жасырын болуы тиіс. Дегенмен осы күні Қазақстан армиясы мемлекеттік құпияға өздерінің ішкі былығын да қосып жіберген сыңайлы. Шынында сарбаздың ішіп-жейтін тамағы, оның құнарлылығы, жатын орнының жағдайын мемлекеттік құпияға жатқызуға болмайды. Еліміздің армиясындағы әлімжеттік жайы ылғи жауаптылар тарапынан мүмкіндігінше құпия саналып жүр. Әлде «аюға әліп үйреткен таяқ» қағидатын бекем ұстанады. Немесе қатаң тәртіп дегенді ұрып-соғумен шатастырады. Мысалы, бір сарбаз қайтыс болғанға дейін оның не нәрседен зардап шеккені, қалай қысым көргені толық айтылмайды. Өткен жылы көз жұмған сарбаздардың қатарында осындай жағдай кездесті. Әскери бөлімдегілер әуелде ата-анасына «сарбаз аяқкиімнің бауына асылып қалды» десе, көп өтпей «белдігіне асылып қалған» дегенді айтқан. Екіұдай сөз шикіліктің барын аңғартады.
Қараңыз, статистика бойынша соңғы 2011-2022 жылдар аралығында 220 әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсаған. Сонда жыл сайын орта есеппен 22 отбасы қара жамылып отырған. Ал әскери прокуратура жалпы тіркелген суицидтің 90 процентінде еш қылмыстық сипат жоқ деп шешім шығарыпты. Бұл қалай?
Осы орайда әңгіме бір ұшы жастардың әскерден жалтаруына да келіп тірелетін секілді. Өйткені генерал-лейтенант Абай Тасболатов сарбаздар арасындағы өз-өзіне қол салу оқиғалары әскердегі әлімжеттіктен емес екенін алға тартады. Оның айтуынша, кезінде әскердегі өлім-жітімнің көбісі әлімжеттіктен болған да шығар. «Бірақ қазіргі жағдайда сарбаз арасындағы суицидтің болуы отбасындағы тәрбиеге байланысты. Себебі қазір көп отбасында ұл баланы тәрбиелеуді босаңсытып алдық», – дейді ол. Дәл осындай пікір білдірушілердің бірі кент тұрғыны, 2002 жылы отан алдындағы борышын өтеп келген Асхат Жанғазы.
– Әскерге шақырту басталды дегеннен кейбір жігіттердің түн ұйқысы бұзылып, мазасы қаша бастайды. Қалайда әскери комиссияратқа бармаудың әрекетін қарастырып бағады. Одан қалды «Отанды қорғаса жұрттың баласы қорғасын, мен баламды жібермеймін» дейтін ата-аналарда көбейді. Ұл туса елінің қорғаны дейтін ұрпақ едік. Қазір ше? Бәрі «мамасының баласына» айналды. Неге, ұл бала тәрбиесінде ақсап қалдық? Жігіт емес, ездер көбейді. Сондай жастарды көрсем қатты қынжыламын.
Рас. Әлеуметтік желіде тараған бейнероликтер әскерге барса өлтіріп тастайды деген түйсік қалыптастырады. Бірақ, әскердегі қайғылы жағдайлар кеше ғана емес, атам заманнан болған. Тек ол кезде дүрбелең қылатын интернет болған жоқ. Мен де ұлдан жалғыз болған соң уақытында жібергісі келмеді. Жолын іздеп, қашып болса да барғым келді. Өйткені әкем барды, мен неге бармаймын деген ой келді. Содан бірден военкоматқа барып, тексерістен өтіп, бірінші патокқа іліндім. Борышымды өтеп жүргенде екі жігіт көз жұмды. Тағдыр ғой. Бір бригадада 2000-нан асатын сарбаз болды. Оның барлығын көз алдында бақылап отыру мүмкін емес. Кіл ер азамат бір казармада жатса, жанжал-текетірес деген қалыпты жағдай. Басында «демблдерден» таяқ жедік, кейін есемізді жібермейтін болдық. Әскер бозда ойнап, қиындық көрмей өскен жігіттер үшін өмір мектебі. Тынығу лагері емес, жас бөрілердің апаны. Әскердің өз заңдылығы, тәртібі бар. Қазақ әскерінің қатарына алынып, ант қабылдаудың өзі бір ғанибет. Командирлер «АНТ» мәтіні қанмен жазылған дейтін. Заман-ай, сол батырлардың ұрпағы қазір әскерден қашып жүр, – дейді азамат.
Төзімі таусылғандық немесе сылтау
Адамның өз-өзіне қол жұмсауы оңай емес. Оған кім-кімнің де бірден бара қоймайтыны тағы анық. Мұндай жағдайға қиындықтан төзімі таусылғандар барады. Ұзақ уақыт бойы жиналып келген ашу-ыза, өкпе-реніш білте секілді, кішкентай ғана себептен тұтанып сала береді. Содан соң адам шарасыздықтан өз-өзіне қол салады. Ендеше оқиғаларда да жас сарбаздардың әскери өмірінде кикілжіңнің болғаны рас. Солардың салмағынан қиналып кеткен албырт психика соңғы қадамға барған болуы мүмкін. Ал мұнда айтылып жатқан «сүйген қызы күтпей тұрмысқа шығып кеткен», «ауылдан жақындары қайтты деген жаманат хабар келген» дейтін болжамдар сол білтеге тиген от қана, яки негізгі себебі емес, құрамдас бөлігі. Сондықтан да еліміздің әскер басшылары армия өмірінде мезгіл-мезгіл психологиялық серпіліс жасайтын бағдарлама ойлап тапқаны абзал. Әскердің күнделікті қайталана беретін, бір-біріне ұқсаған сұрқай өмірінің адамды жалықтырып жіберетіні рас. Сондықтан да мәдени-танымдық шараларды көптеп өткізген абзал. Бәлкім, ондай бағдарлама бар да болар. Бірақ жыл сайынғы сарбаз өлімі оқиғасы – оның жеткіліксіз екенін көрсетеді. Одан өзге де шаралар болса қолға алған абзал. Ал бізде бейбіт күннің әскери құрбандары туралы еске алып өткеннен басқа шара жоқ:
Ширата ма, қирата ма?
Қалай алсақ та, әскердегі әлімжеттік мәселесін ақтай алмаймыз. Дегенмен әлем елдеріндегі жағдайды да бір шолып өткенді абзал санадық. Бізді таңғалдыратыны – дамыған елдер де әскердегі әлімжеттікті жеңе алмай отырғаны. Әсіресе, АҚШ армиясы «hazing» немесе «bullying»-тен көп зардап шегеді. Жас жауынгердің денесі мен жүйкесін құрыштай шынықтырудың бір тәсіліне, қатал сынақ түріне жатады. Мәселен, жаңа шақырылғандарға намысқа тиетін лақап ат тағу, таң атпай ұйқыдан ояту, еш себепсіз жер-жебіріне жету, бірнеше күн тамақ татырмау қалыпты саналады. Әлсіздері сынға шыдамай, сынады. Соның кесірінен өзіне қол жұмсағандар саны да артқан. Соңғы жылдарын қарасақ, 2020 жылы АҚШ армиясында 41 сарбаз өзіне қол жұмсаса, 2021 жылы 60-ы өз өмірін қыршын қиған. Былтыр бұл мәселе ол елде «үлкен трагедия мен масқара» аталған болатын.
Түйіндер болсақ, армияны шынықтыру үшін қашанда қатаң тәртіп керек-ақ. Дегенмен бұл әдістің әлімжеттікке ұласып тұрғаны алаңдатады. Соңғы айларда сарбаздардың өлімі көбейгенінен салаға жауапты басшылар сабақ алып, реформа жүргізетін болар. Әйтпесе бұндай жағдайдан кейін баласын әскер қатарына жібергісі келмейтіндер сөзсіз көбейеді. Сайып келгенде, бұл қорғаныс саласына деген сенімді сейілтпейді.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
07 ақпан 2023 ж. 340 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031