Айтайын дегенім... Тексіздіктің тамыры қайда?
– Қателестім... Жас болдым, шоқ бастым. Жүрегіммен сенген адамым жүкті екенімді естіген соң бір күнде бізді керек етпеді. Өкінгеннен не пайда? Алға жылжып өмір сүріп келеміз, – деп күрсінді Салтанат.
Көзінен тамған әр бір жастан өкінішті, «апалап» жүрген ұлының көз жанарынан мұңды байқайсың. Келте ойдың жетегіне еріп, қадамын ағат басқандардың бейкүнә сәбиінің жазығы неде?
Қарға тамырлы қазақтың ойланатын жағдаяттары жеткілікті. Ең сорақыларының бірі – қоғамымызда некесіз бала туудың үйреншікті, қалыпты, қысылып-қымтырылмай іске асырылатыны дағдыға айналғаны. Соның салдарынан да шата бала саны күн санап өсуде. Тастанды бала тағы бар. «Айналайын баладан, тауып алған даладан, далада бала жата ма, түсіп қалған шанадан» деп еркелеткен ата-әжеміздің бұл өлеңі шынға айналып барады. Кейбір жастар өзі жасаған кінәнің салдарынан, өмір есігін енді ғана ашқан сәбидің тағдырына балта шапқанына алаңдамайды да. Некесіз қосылуды шариғатта «зина» деп атайды, және оның жазасы ауыр екені ескертіледі. Зинақордың ақыретте тартатын азабы өте ауыр екенін айтады дін өкілдері.
Кейбір ұлт некесіз бала тууды жат қылық, жабайы әрекет, жиіркенішті дағды деп есептеген, оның орын алуына саналы түрде қарсы болған. Мәселен, орта ғасырларда кейбір монахтар көрдемшелерді өртеп жіберу жөнінде үкім де шығарған. Өйткені, олардың танымы шата баланы «шайтанның төлі» деп таниды. Францияда некесіз бала тапқан әйелді ел азаматтығынан айырып, бір жылға соттап жіберетін пәрмен болыпты. Ал, көне түрік салтында зинадан туылған адамды әулеттің зиратына қоспай бөлек жерлеген екен. Қазақ некесіз туған баланы шеттетіп, көрдемше екенін бетіне басып, намысына тимеген. Егер әлдекім осындай әдепсіздік жасаса, ол айыпталып, жазаланған, жазықсыз жанның жүрегін жаралаған кісі ретінде ақсақалдар талқысына түскен екен. Дегенмен, өткен қоғамда шата балаға деген іштей жақтырмаушылық болған, күдікті көзқараспен қараған. Себебі, әкесінің нақты кім екені белгісіз бейбақтың ел басына қатер төнгенде сырт айналып кетпесіне ешкім кепіл бола алмайтыны, қауымдасып өмір сүрген халықтың іштей сенімсіздігін тудырды. Жалпы қазақ елі некесіз қосылуға, құрсақ көтеруге аса қатал қараған. Сол дағды мен дәстүр бүгінге дейін қазақ қыздарының некесіз бала тууына кедергі болғанымен, соңғы жылдары шата бала тапқан қыздар ол жайында әке-шешесіне айтпай, баладан құтылуға асығуы болмаса, қашып-пысып өздері баланы өсіруіне себеп болды. Қазақта «ақырзаман боларда көрдемше көбейеді» деген тәмсіл бар.
Ата-бабамыз кезінде қызды қырық үйден тыйып отырған. Ал қазір жағдай мүлдем өзгеше. Бір-біріне сезімін ашықтан-ашық білдіретін бозбала мен бойжеткеннің абыройды былай қойып, баласын жетектеп некесін қидырып жатқандары да бар. «Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі» демекші, тәрбиенің жөнді берілмеуімен осындай күйге жеттік. Дәстүрлі отбасының артықшылығын ұрпақ санасына сіңіруді күн тәртібіне енгізіп, «қасиетті қарашаңырақ» ұғымын жадымыздан өшіріп алмаудың әрекетін қазірден бастап жасағанымыз абзал.
Әлем елдері қазақ халқының қонақжайлығы мен қан тазалығына тәнті болады. Олай болатын жөні де жоқ емес. Ерте кезде ата-бабаларымыз «жеті ата» заңдылығын ұстап, бір ру ішінде қыз алыспаған. Бүгінгілер жеті атадан аспай қыз алудың маңызын біле ме? Шежіре мен жеті атаны білу – жөн-жоралғының бұлжымас ережесі, қан мен тек тазалығының басты кепілі. Қазірде бұрынғыдай бір атаның балалары бір жерде шоғырланып өмір сүрмейді. Әрқайсысы елдің әр өңірінде, тіпті шетел асып сонда тұрып жатқандары қаншама? Арақашықтық алыстаған сайын қарым-қатынас та үзіледі. Кейбірі жақын туысын да танымай жатады. Сол себепті бізге жаһандану заманында жеті аталық қағиданы ұстану қажет.
Тарихқа үңілсек, Испания корольдігінде Габсбург әулетінің жақын туыстарына үйленуінің кесірінен тұқымымен құрып кеткені белгілі. Ал АҚШ-та әлі күнге дейін туыс адамдардың некелесуіне тыйым салынбаған. Соның салдарынан белгісіз аурулар мен баланың шетінеуі көбейіп кеткен. Қан мәселесіне немқұрайлы қарауға болмайды. Айталық, жақсы, ізгі істеген жанды «тегіне тартып туған» деп жатады. Сондай-ақ, халқымызда «Қанына тартпағанның қары сынсын» деп айтатыны да бекер емес. Бүгінде балалы болғысы келген нәзікжандылар ру сұрасып, жеті атасын түгендемек түгілі, тегі белгісіз, көрмеген, тіпті танымайтын ер адамның ұрығын сатып алып, жасанды жолмен бала көтере береді. Қазақстанда жасанды ұрықтандыратын 20-дан аса орталық бар. Жыл сайын тек қана бір клиникада 70 бала жасанды жолмен ұрықтанады. Ал республикада бір донор аталық жасушасын 20 рет тапсыра алады. Егер бәрі орынды болса 20 аталық жасушадан жиырма бала дүниеге келеді деген сөз. Сол жиырма бала әр шаңырақтың шаттығына айналады. Әрине, бұл қуаныш. Алайда астары қасірет емес пе?
Қазақ үшін «тек» құнды. Оны сақтау үшін не қажет? Бастысы – қан тазалығы. Бұл – тектіліктің өлшемі. Ал тексіздіктің өлшемі бар ма? Бар.Ол – шексіздік. Шексіздікте шекара жоқ. Тексіздіктің шексіз болғаны бізге керек пе?
Айнұр ӘЛИ