Некесіз ұрпақ – ұлтқа сын
Қазір қоғамда некесіз баланы өмірге әкелу қалыпты құбылысқа айналған. Адамдар бұған бұрынғыдай таңқалыс білдірмейді. Жастардың арасында бұл нәрсе ұятқа саналмайды, тіпті оған саналы түрде барып жатқандары да бар. Бірақ мұндай қадамға баруға оларға не түрткі? Ендеше осы мәселе төңірегінде кеңінен қаузасақ...
Бала ешқашан ортаны не ата-ананы таңдамайды. Бірақ оның толыққанды отбасында өмір сүруге қақы бар. Дегенмен біздің қоғамда азаматтық некеде және бейресми қарым-қатынас арқылы баланы дүниеге әкелетін жандардың саны артып жатыр.
Некесіз баланы өмірге әкелу әйелдердің бірқатар санаттарының қаржылық тұрғыда тәуелсіз болуымен, ер адамға қарағанда өзіне деген сенімділіктің басым болуымен байланысты. Олар ер азаматтарға тәуелді болуды шетке қойған. Өзін және баласын асырай алады. Бұған көбіне өзі үшін бала туып алатын жоғары білімді және мансапқа бағдарланған әйелдердің санаты жатады. Өтпелі нарықтық қатынастар, орта жолдан жалғыз қалған арулардың қалауынан тыс некесіз босануына да мәжбүрлейді.
Жалпы мұндай көрініс неге белең алып кетті? Әуелі соған тоқталайықшы. Себебі мемлекет мұны әлі де әлеуметтік мәселе деп емес, жай құбылыс ретінде қарастырады. Қателігіміз де осында бәлкім. Жастардың отбасылық өмірге дайындықсыз баруы, тұрмыстық өмірдегі қарым-қатынастарға бейімделмеуі, сондай-ақ некенің идеалды үлгісін игеру сынды дүниелерге дайындайтын, үйрететін отбасы институтының болмауы да себеп болған шығар. Неге десеңіз, қыз бала бойжеткеннен-ақ оның тезірек өмірден өз орнын тауып, тұрмыс құруына мән береміз. Бірақ аты айтып тұрғандай, «сол қыз баласы тұрмыстық өмірге дайын ба?» деген сауалға бас қатырмаймыз. Оның үстіне дәл қазіргі нарықтық заманда қыз баласының жоғарыдағы дүниелерге дайын болмауының нәтижесі некесіз бала тууына әкеп соқтырады. Іштей дайындықсыз қарым-қатынас қоғамда некесіз туған бала мен оның анасына деген теріс көзқарасты туындатып, қоғамдық сананы да улайтыны да жасырын емес. Бірақ бұл стереотиптерден арылмай, қателіктің орнын толтыра аламыз ба, бұл енді үлкен сұрақ.
Қоғамда «некесіз туған баладан қоғамға келер қайыр жоқ» деген сыңаржақ пікірлер жиі айтылып жүр. Алайда дін мамандары мұндай көзқарастың дұрыс еместігін алға тартады.
– Некесіз туылған жетім Алланың құлы. Ол ата-анасының жасаған қателігін арқаламайды. Оның болашағы көрген тәрбиесі мен санасына тоқыған тәліміне байланысты құрылады. Сондықтан мұндай теріс пікірден алшақ болған жөн, – дейді дін өкілдері.
Расында баланың жартылай жетім болып, тегін білмей өсуі оған жарық ғұмыр сыйлаған ата-ананың қателігі деп айту қиын. Себебі оларды мұндай күйге өмірде орын алатын түрлі жағдайлар мәжбүр етеді. Нәтижесінде қыз бала тұрмысқа шықпай баланы өмірге әкеледі. Мұны біреуі ұят деп санаса, ал кейбірі оны мүлдем қателікке баламайды.
Осы орайда тақырыпқа арқау болатын кейіпкердің пікіріне құлақ асуды жөн көрдік.
Бүгінде бір қыз бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана, Аида есімді ару (есімі өзгертілген) көзсіз тәуекелге барып, өзі үшін бала туып алғанын айтты.
– Баланы тұрмысқа шықпай, өзі туып алыпты деген әрине құлаққа түрпідей естілері анық. Бірақ бұл менің өмірім, менің таңдауым. Бұл шешімге келудің өзі оңай болған жоқ. Үйдің үлкені едім. Маған артылған үміт те зор болды. Ата-анамнан ерте айырылған соң, барлық ауыртпашылық өзіме түсті. Өзімнен кейінгілерді жеткізу басты мақсат болып, өз өмірім екінші орынға ығысты. Сөйтіп жүріп 36 жасқа жеткенімді де байқамай қалыппын. Менен кейінгі іні-сіңлілерім отбасын құрып, үйлі-баранды болды. Даңғарадай үйде жалғыз тұрамын. Уақыт өте барлығы өз қайғысымен әлек. Ал менің қатарластарымның барлығы дерлік үйленген. Өзіме серік іздегеніммен жасы не түсінігіміз сай келмеді. Уақыт өтіп жатты. Сөйтіп жүріп, өзімнің көңілім құлаған жаннан бала сүюге бекіндім. Бірақ бала үшін ол ер азаматқа ешқандай жауапкершілік артпадым. Арамызда сондай келісім болды. Бүгінде онымен мүлдем араласпаймын. Баламды барлық жағынан өзім қамтамасыз ете аламын. Әрине көлденең жүріп туып алыпты деген жұрттың сөзі жаныңа батпай қоймайды. Бірақ бұл өмір. Әркім өзі үшін жауапты, – дейді Аида.
Асылында оң жақта отырып, бала сүю қоғамға сын. Бірақ оларды осындай қадамға баруға итермелеген мотив қоғамның өзінде болып тұр. Қала берді қалыптасқан «ұят» деген стереотип. Адамды белгілі бір дүниелерден шектеудің өзі сол нәрсені керісінше жасауға мәжбүр ететінін қашан түсінеді екенбіз?! Қоғамдық қайшылықтар мен психологиямызды өзгертпей, отбасындағы тәрбиені тал бесіктен бастап бойымызға сіңірмей, қазір белең алған «некесіз бала, жалғызбасты ана» деген ұғымдардан арыла алмайтынымыз анық. Сондықтан қызымыз қияға қонып, ана атанып, ұрпағымыз ұлттың ұлағатын ұлықтасын десек, ұят боладыға ұрындырмай, тәрбие беруде ұқыпты болайық.
Арайлым ЖҮСІПОВА