Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Алданған абонент немесе алаяқтан айла арылмайды

Алданған абонент немесе алаяқтан айла арылмайды

Фото: ашық дереккөзден
Жуырда ұялы телефоныма “Құрметті абонент, құттықтаймыз! Сіз Астана қаласынан 2 бөлмелі пәтер ұттыңыз” деген мәтіндегі хабарлама келді. Алғашында абдырап қалғаныммен, бұл қайдан шыққан батпан құйрық деп ойладым да, бойымды лезде жинап алдым. Бірақ расымен ұтысқа ие болған шығармын деген ой да маза берер емес. Сөйтіп әлгі хабарласқан нөмірге өзім қайта қоңырау шалдым. Телефонның арғы жағындағы бойжеткен менің шынымен де пәтер ұтып алғанымды айтты.
Әйтсе де оның кілтін алудың өзіндік шарттары бар екен. Ол үшін әуелі аталған нөмірге ватсап желісі арқылы жеке куәлігімді жолдап, өзі айтқан шотқа бес мың бірлік салуым керек екен. Дәл осы сөздерден соң, мен мұның әдеттегі алаяқтардың айласы екендігін ұға қойдым.
Өйткені олар менің дерегімді білмейінше, мен қойған сұрақтарға жауап беруге құлықсыздық танытты. Тіпті ақпарат беруден жалтарды. Тек “сіз алдымен бірлікті салыңыз, толық мағлұмат содан кейін түсіндіріледі” дегеннен танбады. Мен олардың ешбір сөзіне сенбейтінімді және олардың алаяқ екенін айтқанымда телефон тұтқасын тастай салды. Қазір қоғамда дәл осылай ұялы телефон арқылы алаяқтық жасап жүргендер жетерлік. Ал оған алданып қалған аңғалдардың саны солардан көп болмаса, аз болмай тұр...

Статистика алдамайды, сандар “сөйлейді”

Қазақстандықтар алаяқтардың “құрығына” жиі түсіп жатады. Былтырдың өзінде елімізде алаяқтықтың 44,8 мыңға жуық жағдайы тіркелген. Әйтсе де мұндағы көрсеткіш біз білетіннен әлдеқайда көп болуы әбден мүмкін. Тиісінше мұндай қылмыс құрбандарының да саны өсіп жатыр. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 2022 жылы шамамен 43,2 мың адам алаяқтарға алданса, ал былтыр олардың саны 46,8 мыңға жеткен. Яғни көрсеткіш 8 пайызға дейін артқан. Осыдан-ақ статистиканың алдамайтындығын аңға­­руға болады. Өткен жылдың 9 айы бойынша жасалған қорытындыға зер салсақ, елімізде алаяқтық бәсеңдегені байқалды. Әйтсе де сандар тізбегі сол қалыпта тұрақтап қалған жоқ. Өйткені былтырғы көрсеткіш уақыт өткен сайын жаңаруда.
Статистика бюросының жариялаған мәліме­тінше, ең көп алаяқтық фактісі Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген. Одан жалпы саны 34 623 адам жапа шеккен. Оның 15603-і ерлер болса, 19020-сы әйелдер. Ал алаяқтарға алданғандардың санатында кәмелетке толмағандардан бастап, оқу орнында оқитын студенттер, зейнеткерлер мен мүгедектер де кездескен.
Сарапшы мамандардың сөзінше, алаяқ­тардың көпшілігі 30-39 жас аралығындағы жас азаматтарды, сондай-ақ егде жастағы адамдарды алдайды. Нәтижесінде зардап шеккен зейнеткерлер саны өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 87%-ға өсіп отыр. Мұндай статистика “зиянкестерден” зардап шеккендердің саны да артып келе жатқанын анық көрсетеді.

Телефон алаяқтығының түр-түрі бар
Телефон алаяқтығы – адамға қауіп туралы хабарлап, алаяқтық торына түсіруге тырысатын кең таралған алаяқтықтың түрі. Мысалы, құқық бұзушылар жәбірленушінің атынан несие алуға өтініш берілгенін немесе шоттан ақшаны алу әрекеті жасалғанын айтуы мүмкін. Өзін банк қызметкері деп таныстырған алаяқ құрбанынан банк картасының деректемелері мен келген SMS кодын айтуды немесе “тексеру” мақсатында несие алып, қорғалған шотқа ақша жіберуді сұрайды. Ол клиенттен бұл ақпаратты алаяқтардан қорғау мақсатында сұратып отырғанына сендіруге тырысады. Алайда бүгінде алаяқтар жәбірленушілерді қулығына сендірудің жаңа әдісін қолдана бастады.
Әдетте алаяқтар жәбірленушінің телефон нөміріне қоңырау шалады, бірақ соңғы уақытта мессенджерлерге көбірек қоңырау шала бастады. Сарапшы мамандардың мәліметінше, бұл жағдайда оларды анықтау қиынырақ. Бұл ретте алаяқтар жәбірленушіге расымен банк қызметкері хабарласып тұрғанын дәлелдеу үшін оған мессенджер арқылы “банктің білікті қызметкерінің жеке басын растайтын куәлігін немесе суретін жібереді. Кейін ескі схема бойынша алаяқтық жүзеге асырылады. Алаяқ жәбірленушінің шотына қауіп төніп тұрғанына сендіріп, қаражатты алып шығу үшін жәбірленушінің жеке деректерін сұратып алуға тырысады. Осылайша олар өз құрбандарын құрығына оңай түсіреді. Қызығы дәл осындай қоңырауға сеніп қалатындар біздің қатарымызда да жиілеуде. Қазалылық Гүлжан Жұмағалиева есімді келіншектің банктен хабарласып тұрмын деп қоңырау шалған алаяқ ақшасын үптеп кетуге шақ қалған. Абырой болғанда інісі әпкесінің сөйлесіп жатқан сәтінің үстінен түсіп, әлгі алаяқ сұраған деректерді оған жолдауына кедергі келтірген. Сөйтіп шоттағы ақшасын орнында сақтап қалған.
– Банк қызметкерімін деп хабарласқан соң, ешқандай күдігім болған жоқ. Өйткені өзін соған кәдімгідей сендірді. Оның үстіне шоттағы ақшамның қанша екендігін тиынына дейін айтып тұрды. Сондықтан күмәнданбадым. Бірақ солай мүдірмей сөйлеп, сіздің олардан бірдеңе сұрауға мүмкіндік бермеуі – олардың айлалы әрекеті екенін кейін аңғардым. Шоттағы ақшаңызға қауіп төніп тұр дегенде абдырап қалады екенсің. Қайта інім келіп, оларға қағылып қалуымның алдын алды. Шыны керек, содан кейін де бірнеше рет сондай мазмұнда қоңырау шалып, мазамды алғаны бар. Қазір бірден сөзін аяғына жеткізбей, тұтқаны қоя салатын болдым. Осы жағдайдан соң, алаяқтардан қалай қорғануға болатынын өздігімше ізденіп, банк бөлімшесіне де хабарласып, біршама ақпаратқа қанықтым. Басқаларына да солай жасауға кеңес беремін, – дейді қазалылық тұрғын.
Алаяқтардан қалай қорғануға болады?
Алаяқтардан қорғанудың ең сенімді жолы құлақтандыру болып табылатынын жақсы білеміз. Әйтсе де қалың қауым кей ақпараттарға құлақ түргенімен, оны орындай бермейді. Тіпті болмаса назардан тыс қалдырады. Банк қызметкерлерлерінің айтуынша, олар ешқашан өз бетінше клиентке қоңырау шалмайды, сондай-ақ жеке шотқа байланысты ешбір қауіпті хабарламайды. Сонымен бірге жедел мессенджерлерді де пайдаланбайды. Мұндай уақытта екінші деңгейлі банкке қоңырау шалу маңызды. Әрине, тосын жағдай болған уақытта тосырқап қалатынымыз жасырын емес. Әдеттегі нәрселер болса да, білгенімізден жаңылып, байбалам салатынымыз қанымызда бар болмыс. Бірақ мұндайда бей-жай қарап отыру жарамайды. Банк мамандары осылай дейді. Айтуларынша, белгісіз нөмірден қоңырау шалынған кезде оны дереу тоқтатып, екінші деңгейлі банкке қоңырау шалу керек. Сондай-ақ банктің мобильді қосымшасын пайдаланып, қолдау қызметіне хабарласқан жөн.
Алаяқтардың қулығы туралы үнемі құлақтандырылып жүргендіктен бе, айлакерлер қазір телефон алаяқтығының тағы бір жаңа түрін кеңірек қолдана бастаған. Азаматтарды өтірігіне сендіру үшін алаяқтар жасанды интеллектті де белсенді түрде пайдаланады. ЖИ арқылы олар адамдардың дауысын жасанды түрде келтіреді немесе оның көмегімен арнайы боттарды жасайды. Яғни, ЖИ арқылы жасалған боттар адамның әлеуметтік желілердегі парақшаларына сілтеме арқылы оның жасырын интимдік фотоларын көрсетуге мүмкіндік береміз деген сарындағы хаттарды жолдау арқылы манипуляция жасайды. Ал оларды көру үшін карта деректерін енгізіп, қызмет ақысын төлеуді талап етеді. Нәтижесінде жәбірленушінің картасынан ақшасы шешіледі, ал жәбірленушіге ешқандай фотосурет жіберілмейді. Сондай-ақ алаяқтар қазақстандықтарды онлайн жұмыс және интернеттегі қосымша табыс арқылы да қызықтырып, бос орындар бар деп алдауда. Қаржыңыздан қағылғыңыз келмесе, үнемі қырағы болып, “банк қызметкерінің жеке куәлігі” фотосуреттері жіберілсе де, бейтаныс адамдарға жеке банктік деректеріңізді (шот пен банк картасының нөмірлері, онлайн төлемге арналған CVV коды, парольдер мен SMS хабарлама кодтары) мүлдем бермеңіз.
Үлдеге кенелтпейді, үптеп кетеді
Байқасаңыз, соңғы уақытта ұялы телефонмен ғана емес, үй телефонына да қоңырау шалып, бопсалаудың да түр-түрі шығып жатыр. Бұл көбіне үлкен қалаларда жиі көрініс табуда. Десе де, жергілікті жерлерде де осындай қоңырауға тап болған тұрғындар барын естіп білдік. Жуырда осындай оқиға кент тұрғынының бірінің басынан өткен. Оның үй телефонына соңы 0-мен аяқталатын түрлі қоңыраулар келіп түскен. Әдетте үй телефонына ешкім хабарласа бермейді. Іздеген адам ұялыға қоңырау шалатын болған соң, тұтқаны көтермедік. Бірақ үсті-үстіне үдеткен соң, еріксіз жауап бердік. Сіз ұтысқа ие болдыңыз деп хабарласыпты. Сізге не ұтқаныңыз жөнінде толығырақ басқа оператор мәлімет береді деп келесісіне байланыстырды. Сөйтсем олардың айласы мынада екен. Егер сөйлесу уақытын қаншалықты ұзартса, онда менің есебімнен ақша ұсталады. Олар солай оңай ақша табатын көрінеді. Мен мұны үйге түбіртек келгенде бір-ақ білдім. Өйткені мен сыртқа шығатын “восмерька”-ны алып тастаған болатынмын. Оңбай алданғанымды ұққан мен, осыдан кейін үй телефонына келіп түскен күмәнді қоңырауларды мүлдем көтермейтін болдым, – дейді кент тұрғыны Әділғазы Нұржігіт.
Оқыңыз, бірақ ойланыңыз
Қазір не көп, жалған жүлдені желеу етіп хат жолдайтындар да, құнды ұтысқа ие болдыңыз деп қоңырау шалатындар жетіп артылады. Бірақ олар “оңай олжа қайда бар?” деген әдіске жүгінеді. Олар ұтқан ұтысыңызды қолыңызға жеңіл әрі жедел ұстата қоймайды. Ол үшін олар айтқан шарттардың бірін қалдырмай, ретімен орындауыңыз керек. Мысалы, сіз ұтыс ұтсаңыз алаяқтар сізден ұтып алған жүлде салығын немесе жеткізу үшін белгілі бір көлемде қаржыны нөмірлерге аударуды немесе төлем карталарын сатып алып, олардың құпия кодтарын айтуды ұсынады.
Көп жағдайда төрт таңбалы қысқа нөмірге, жауап беруді сұраса, бұл – құны жүздеген теңге тұратын контент-провайдерлердің қымбат қызметі болуы мүмкін. Мәселен, «Сіз дауыстық хабарлама немесе ММS алдыңыз, оны тыңдау үшін ХХХХ нөміріне ҮҮҮҮ коды бар SMS жолдау қажет» деген мәтін келеді. Егер сіз шынымен дауыстық хабарлама алсаңыз, нөмірге келген мәлімдеме 2000 нөмірінен басталған болуы қажет. Осы секілді хабарлама алсаңыз ақпаратты нақтылау үшін компанияның ақпараттық-анықтамалық қызметіне хабарласқан дұрыс.
Туыстың қайғылы оқиғаға ұшырауы – қоңырау шалушы өзін сіздің туысыңыз немесе әріптесіңіз екеніне иландырып, қайғылы оқиғаға ұшырағанын айтады. Басқа біреудің телефонынан қоңырау шалып тұрғанын хабарлайды. Әрмен қарай төлем карточкасын сатып алып, құпия кодты айтуыңызды сұрайды. Компьютерлік вирус – компьютеріңіздің мониторында мынадай хабарлама пайда болады: «Вирус табылды, оны жою үшін ҮҮҮҮ мәтінін ХХХХ нөміріне жолдаңыз». Windows операциялық жүйеңіздің лицензиясы таусылғанын, оны ұзарту үшін ХХХХ нөміріне ҮҮҮҮ мәтіні бар SMS жолдау қажеттігі айтылады.
Жетім немесе ауру балаларға көмек керек екендігі жөнінде де хабарлама келеді. Ондайда телефон нөмірі көрсетіледі. Ол телефонға шалынған қоңыраудың әр секунды үшін сізден ақша ұсталып жатады. Тағы бірі «сіздің телефоныңыз істен шыққалы тұр, оның алдын алу үшін мынадай нөмірге хабарлама жіберіп, нөміріңізді қайта тіркетесіз» деген мағынада болады. Мысалы, *105*050 ХХХ ХХ ХХ*200# секілді нөмір көрсетіледі. Бұл ретте телефоныңыздағы бар ақшадан айырылып қаласыз.
Көшеде кездейсоқ біреу анасына телефон шалуы керектігін айтып, қатты қысылса да сенбеңіз, ол телефонды қолына алғаннан соң бірнеше минуттан кейін барлық бірліктеріңіз жоқ болып шығады. Бұл – мобильді алаяқтардың аңқау жандарды алдап соғуда жиі қолданатын негізгі тәсілдері. GSM Қазақстан/KCell–дің қоғаммен байланыс жөніндегі мамандары өз абоненттерін сайттағы арнайы бөліммен танысуға шақырады. Ондағы ақпарат пен кеңес мобильді алаяқтардың алдауына түсуден сақтандыратыны сөзсіз. Алаяқтықтың жолын кесудегі ең қарапайым әдіс – кез келген мәліметті тексеру.

Алданғандар ауданда да бар
Аудандық ішкі істер бөлімінің мәліметінше, өткен жылы алаяқтық фактісі бойынша 6 оқиға тіркелген. Ал жыл басынан бері тағы да 6 адам құм қауып, алаяқтарға алданғаны белгілі болды. Аудандық АПБ-нің басшысы Асылбай Аңсатовтың айтуынша, бүгінге дейін тіркелген оқиғалардың біреуі 100 пайыз деңгейде ашылып, кінәлілер тиісті айыбын арқалаған.
– Шыны керек, соңғы уақытта алаяқтыққа тап болғандар ауданда да жиілей түсті. Жыл басталғалы бері осындай оқиғалармен бетпе-бет келудеміз. Тұрғындардан келіп түскен арыз-шағымдар негізінде жедел тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп, профилактикалық шараларды да ұдайы ұйымдастырудамыз. Аудан тұрғындарын күдікті қоңыраулар мен хабарламардан сақ болуға шақырамын. Егер адамдар секем тудыратындай жағдайға тап болса немесе алаяқтарға алданса, дереу әрекет етіп, полиция бөліміне жүгінгені жөн, – дейді АПБ-нің басшысы Асылбай Аңсатов.
Түйін: Айлакерлерден абай болғанымыз жөн дегенді жиі айтып жатырмыз. Дегенмен алпыс екі айлалы адамнан амал артылмайтынын да білгеніміз жөн. Сондықтан ешкімге сенбей, үнемі сақтанғанымыз абзал. Өйткені қоғамда орын алып жатқан мұндай оқиғалардың ізін ашу құқық қорғау органдарына да оңай болып жатқан жоқ. Олай болса, өзіңізге ғана сеніңіз, оқырман!

Арайлым ЖҮСІПОВА

13 сәуір 2024 ж. 353 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031