Алаяқтарға алданбаңыз
Кеше таныс емес номерден қоңырау түсті. Ойланбастан телефон тұтқасын көтердім. "Алло" дей бергенім сол еді, өзін Каспий банк операторымын деп таныстырған бойжеткен судырап қоя берді.
- Сіз Каспий банк қосымшасы арқылы номеріңізді өзгертуге өтінім беріпсіз, - дейді мыс. Мен ешқандай өтінім бермегенімді айтқаным сол ақ екен, оператор қыз тағы да жүйткіген пойыздай зуылдап:
- Демек сіздің дербес деректеріңіз арқылы аялақтар сіздің шотыңызды бұзуға әрекеттенген. Сіз жеке құжаттарыңызды жоғалтып алмап па едіңіз? Мүмкін ұялы телефоныңызды біреу қолданған шығар. Сіздің жеке деректеріңізді сұрап банк қызметкерімін деп сұрағандар болды ма? Жеке сәйкестендіру нөмірін, банк картасының, ағымдағы шот нөмірін ешкімге айтушы болмаңыз, - деп тоқтамастан сөйлеп жатыр. Әрбір сөзіне "жарайды, - деп жатырмын өзімше. Сөйтті де әлгі қыз ватсап желісі арқылы басқа оператормен байланыстыратынын айтты. Ойымда ештеңе жоқ, тағы да жарайды дедім.
Ватсапқа түскен қоңырауды көтердім. Бірақ іште күдік пайда бола бастады. Олар мен айтпасамда ЖСН номерім мен тұрғылықты мекен-жайымды біліп тұр. Оның үстіне менің қандай банктен несие рәсімдеп, рәсімдемегенімді сұрағанда күдігім одан сайын үдей түсті. Play market-ке Поддержка деп жазып, сол қосымшаны телефоныма жүктеуімді сұрады. Мен айтқанын жасадым, бірақ толығымен емес. Жүктемей тұрып не қосымша екенін білейін деп, описание ашып қалсам, қосымша арқылы жеке деректерімді 2-3 тұлғаға жіберуге болады екен. Күдігім расталды. Бұлар мені ақымақ қылуды ойлаған екен.
Телефонмен өрбіп жатқан әңгімені естіп отырған жанымдағы әріптесім дауыс ұлғайтқышты қосуымды сұрады. Жаныма келіп:
- Кім қоңырау шалған? - деп еді. Әлгі оператор:
- Біздің әңгімемізге үшінші тұлғаның қосылғандығын және кедергі келтіріп жатқандығын айтты да, тұтқаны қоя салды. Сәлден соң қайта хабарласты. Менің жаңағы қосымшаны жүктеп, жүктемегенімді сұрады. Смартфоныңыз Android әлде IOS па дегеннен соң, әріптесім әңгімеге араласып:
- Неге орыс тілінде сөйлесіп отырсың? Қазақ оператор жоқ па? - деді. Мен де тексермек ниетпен қазақша сөйлеуін сұрадым. Бірақ әлгі операторсымақ: қазақ тіліндегі операторлардың дәл қазіргі сәтте бос емес екендігін, бұған дейінгі диалогта бір-бірімізді түсіне алғанымызды алға тартты. Мен де өз дегенімнен қайтпай, қазақ операторға қосыңыз деуден таймадым. Сол сөзімнен соң, неге екені белгісіз әңгімеміз аяқсыз қалды. Өзіміз қайта хабарлассақ тұтқаны көтермеді.
Қазір алаяқтар түрлі қулыққа көшкен. Егер сізге де осындай жолмен қоңырау шалып, қандай да бір қосымшаны жүктеуді сұраса, телефонға жүктемеңіз. Тіпті болмаса таныс емес номерді көтермеңіз. Қолданыстағы банк қосымшаларыңызды жиі тексеріңіз, қандай да бір келген цифрлы смс-терге жауап бермеңіз,өзіңізге қажетсіз сілтемелерге өтпеңіз. Құпия сөзіңізді жиі ауыстырып тұрыңыз.
Арайлым ЖҮСІПОВА