Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Адамзат һәм апат: бізді не күтіп тұр?

Адамзат һәм апат: бізді не күтіп тұр?

Фото: ашық дереккөзден
Неше күннен бері су тасқыны дүйім жұртты әбігерге салды. Әлеуметтік желіні шарлаған сансыз бейнероликтер қабырғамызды қайыстырып, есті ел елең болып отыр. Ауыл іші тегіс дарияға айналып, қарғын су үйлердің бел ортасынан келген. Адамдар эвакуацияланғанымен мал біткен бірінен соң бірі қырылды. Бірнеше бас жылқы мен сиырды жаңқадай ағызып әкетті. Қой біткенді де аяған жоқ. Сорақысы сол, мазарды су шайып, өлген адамның денесі қалықтап шықты. Әжетхананы айтпаса да белгілі. Ендігі не боларын қара жұрт бағамдай алмай әбігерге түсіп отыр. Елдің бірнеше өңірінде орын алған су тасқынының соңы не болмақ? Экологиялық апат болу қаупі бар ма?
Ескі фильмдерден көрген боларсыз, сол кездегі ата-бабамыз «мен өлсем ана-а-ау төбеге жерлеңдер» дейтін сөзі бар еді ғой. Осындайда әлденені алдын ала сезіп айтқандай ма деп қаласың кейде. Мұның астарында не жатқанын бағамдап отқан боларсыз. Жақында ғана әлеуметтік желіні шулатқан бір сурет тарады. Онда су басқан мекенде 3-4 адам қаусаған өлі адамның мүрдесін судан алып жатады. Оқиға Жылыой ауданында болған. Дереккөздерге сүйенсек, бұл дене Басшы Ата зиратына жерленген екен. Су бетіне қалай қалықтап шыққаны белгісіз, әйтеуір су шайып «Автожолшылар» ықшам ауданындағы Рамазан дүкенінің маңына дейін келген. Жергілікті жауаптылардың айтуынша, Құлсары қаласының 33 пайызы суға кеткен. 33 пайызы қауіпті аймақта тұр. 2860 нысан су астында қалған. Арнасынан адасып аққан су қаланы қоршап тұр. Су астында қарашаның баспанасынан бөлек, қалаға жақын маңдағы бейіттер де қалған. Су кепсе жер бетіне қалдықтардың барлығы көтеріліп, салдарынан экологиялық апат туындауы мүмкін екені айтылуда. Әкімдік өкілдері ауданға Республикадан санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары келгенін айтты. Дегенмен көпшіліктің ойы күпті болып, пікірлер екіге бөлінді. Қызығы сол, адам жерленгенде мәйіт 2 метрге жуық тереңдікте орналастырылады екен. Бетін ағашпен жауып, содан соң топырақ төселеді. Расымен бейітті су шайғанда мүрде қалықтап жоғарыға шықты деген әңгіме ақылға қонымды ма?

Алаң да алаң, алаң жұрт...
Көлкіген судан көптеген қабірдің топырағы опырылып түскен. Зиратта жерленгендердің туыстары мәйіттер жер бетіне шығып қалуы мүмкін деп алаңдаулы. Бұдан жұқпалы аурулар тарауы да ғажап емес дейді. Су тасқыны кезінде әжетханалар да кетіп, мал өлекселері де суда қалқыды. Қоқыстарды айтпаса да белгілі. Сондықтан одан ауру-сырқау, эпидемия тарай ма деген қауіп бар. Көпшіліктің ойы екіге бөлінді. Бірі мұндай құбылыс алдағы уақытта өмірімізге қауіп, ауданды көшіру керек десе, енді бірі мәйіттің су бетіне шығып кетуі мүмкін емес дейді. Қолдан эпидемия ұйымдастырмақшы деген пікірді жарыса айтуда. Ал кейбірі жұқпалы ауру тарауы мүмкін емес, әсіресе ескі қорымдағы мүрдедегі бактерия бөлінбейді дегенді алға тартады. Ал мамандар не дейді? Бұл сауалдың жауабын біраз іздедік. Дегенмен мардымды жауап таба алмадық. Қазақ тіліндегі осы мәселе жайында қаузалған материалдарды таппадық. Солай гугл әпкеміздің көмегіне жүгініп, тауып берген орыс тіліндегі ақпараттарды шолып шықтық.
«Өлексе уы»
«Өлексе уы» деген термин бар екен. Мұны көбі біле бермейтіні рас. Өлген үй жануарының, үйде өлген тышқанның, тіпті адамның өлімі ме, бәрібір, ыдырау деген болады. Мәйіттің уы сол – органикалық тіндердің ыдырауынан орын алады. Осы процеске белсенді қатысатын бактериялар қызметінің нәтижесі қауіпті уға әкеп соғады. Оның зиян келтіруі мүмкін бірнеше компоненттері бар. Олар спермин, кадаверин, нейрин, путресцин. Ғылыми негізде бұл заттар «птомаин» деп аталады. Ол несімен қауіпті?
Бұл – бүкіл биологиялық тіндердің (ақуыз, майлар) ыдырауының нәтижесі. Шіріту процестері өте қауіпті, өйткені микроорганизмдер шығаратын токсиндер иммунитетті айтарлықтай төмендетеді, қан улануын және некрозды тудырады. Өлі денеде қан айналымының болмауына байланысты бірнеше минут ішінде денеде жойылу басталады және қандағы ферменттердің арқасында ол айтарлықтай жеделдетіледі. Ағза өзін іштен қорыта бастайды. Ал ішекте ас қорытуға қатысатын шамамен 5-7 келі бактерия бар екенін ескерсек, дене өлгеннен кейінгі бірінші күні шіріп кете бастайды. Бұл у түрлері тірі адамның денесіне бірнеше жолмен енеді. Әсіресе ауа арқылы тарауының қарқыны жоғары. Қан немесе ауыз арқылы птомаиндердің әсері өте сирек кездеседі. Әдетте симптомдар кәдімгі улануға ұқсас: әлсіздік, қызба, құсу, диарея. Ал сирек кездесетін белгісі – сананың жоғалуы.
Мәліметтерге сүйенсек, өлі улардың шығарылуы қайтыс болған сәттен бастап 24 сағат ішінде басталады. Ал жылы бөлмелерде одан да жылдамырақ. Егер ыдырау белгілері пайда болса, мәйітке және оны қоршап тұрған барлық нәрсеге қол тигізбеу керек. Бұл өлген мәйіттің бірер күн тұрып қалуы жайында. Ал бірнеше жылдар бойы жерленген мәйіттер ше? Ғалымдар мәйіт инфекция салдарынан қайтыс болса, олар арнайы жерге жерленетінін айтады. Әрі сол денесіндегі инфекция өлуі мүмкін, бірер жылдан соң сыртқа шықпайды деген тұжырымды алға тартады.

Дерек бар, дәйек жоқ
Бұл су тасқыны елде орын алып жатқан алғашқы оқиға емес. 2010 жылы 12 наурызға қараған түні қатты жауын-шашын мен еріген қар суы жиналып, Қызылағаш су қоймасының бөгетін шайып өтті. Салдарынан ауыл су астында қалды. Су тасқыны Қазақстан тарихындағы ең жойқын оқиғаның біріне айналды. Су тасқыны салдарынан 45 адам қаза тапты, оның сегізі бала. 300 адам жарақат алды. Ауылдағы үйлердің 80 пайызға жуығы қирады, 146 тұрғын үйді биіктігі екі метр толқын шайып кетті, 251 үй қатты зардап шекті. Ресми мәлімет бойынша, кентке және басқа да объектілерге келтірілген залал 8 миллиард теңгеден асты, сол уақыттағы есепке сәйкес, бұл сома 50 миллион доллардан асады.
Су қоймасын қалпына келтіру үшін бюджеттен 5,9 млрд теңге қаржы бөлінсе, Үкімет төтенше жағдайдың салдарын жоюға 600 млн теңге бөлген болатын. Оның дені материалдық көмекке, қалған 100 миллионы баспана салуға жұмсалған. Ал туыстарынан бір түнде айырылған отбасылардың әр жоғалтқан адамына жергілікті қазынадан 500 мың теңгеден берілген еді. Сол жылы мамырда қызылағаштықтарға салынған 145 үйдің алғашқы партия­сы тапсырылды. Біраз уақыттан кейін тағы 188 баспананың кілті табысталды.
2011 жылы Батыс Қазақстан облысында бес аудандағы 38 елді мекенді су басқан, 2600 тұрғын үй, 7146 саяжай ғимараты бүлінген, жүздеген бас мал өлген. Су тасқыны салдарын жою үшін 19 миллиард теңге (130 миллион доллардан астам) жұмсалған. Бұл сомаға мектеп, аурухана, жол, электр желілері мен газ құбырлары қалпына келтірілді.
2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында тоғыз аудандағы 23 елді мекенді су басып, 254 үй мен мың жеке аула су астында қалды.
2013 жылы Қостанай облысында үш аудандағы сегіз елді мекенді су басып, 94 тұрғын үй су астында қалды. Сол жылы Қарағанды облысының Бұқар Жырау ауданында еріген қар суы жиналып, «Көкпекті» су қоймасының бөгеті бұзылды. 149 үй топан су астында қалып, 38 тұрғын үй қирады. Бес адам қаза тапты. Тұрғындар 85 бас ірі қара, 304 бас ұсақ мал, 109 шошқадан айырылды.
2014 жылы Ақмола облысының бес ауданындағы 13 елді мекенде 429 тұрғын үй су астында қалды.
2015 жылы Қарағанды облысында Қарағанды, Теміртау, Шахтинск қалалары және 48 елді мекен, сондай-ақ облыстың тоғыз ауданындағы екі қыстауды топан су басты. Еріген қар суы бөгет, көпір, автожол, тұрғын үйлерді қиратып, жолындағының бәрін шайып әкетті. 2121 тұрғын үйді су шайып, оның 170-і қирады. 1711 бас мал өлді. Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божконың айтуынша, су тасқынынан келтірілген залал шамамен 9 миллиард теңге. Осы жылы су тасқынынан Қарағандыдан бөлек, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары да қатты зардап шекті. Ресми мәлімет бойынша, барлығы 50 елді мекенді су басып, 11 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланған.
Елдегі дерек осы. Бұл кезде де бейіттерді, қоқыс пен әжетханаларды су шайды. Бірақ оның салдары экологиялық апатқа апарды ма? Ол жайында дерек те, дәйек те жоқ.
Түйін: Алаңдаулы елдің жанайқайы орынды ма? Әлде тек күдік пен болжам ба? Су кепкен соң ауру тарап кетпей ме? Көпті ойландырған тағы бір мәселе бар. Су тасқынының алдын алуға жөнелтілген топырақ арасынан адам сүйектері мен бас сүйегі шықты. Көпшіліктің 2 метр тереңдікте жерленген мәйітті су шаюы мүмкін емес дегенін назарға алсақ, бұл мәйіттер кімдікі? Әлде кезінде із-түссіз жоғалғандар ма? Сансыз сауал. Жауабы беймәлім.

Айнұр ӘЛИ
13 сәуір 2024 ж. 199 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031