Балалар бейпілауыз болып барады
Фото: ашық дереккөзден
Түкпір бөлмеде тығылып ойнап жүрген жиендерім кенет шуылдасып кетті. Бала ғой деп елең қылмадым. Бірақ айқай үдеп барады. Айқай дегенім жай сөз шығар. Бір-біріне былапыт сөздер айтып, боқтап жатыр. Өздері алысып-жұлысып қояр, арасына түспейін десем де болатын емес. Олардың бейәдеп сөздеріне жағамды ұстадым. Дереу оларға ойнап жүрген бөлмеге ендім. Екеуі әлі ұрсысуда. Тіпті менен қымсынар емес. Ауыздарына келгенін аталап әлек. Тәйт дегеніме де қайырылғысы жоқ. Жекігенімді де елең қылмады. Болмаған соң, екеуін екі бөлек бөлмеге желкелеп кіргіздім. Бұрын-соңды артық ауыз "әй" деп те айтпайтыныма үйренген екеу менің бұл әрекетіме таңғалды ма, әйтеуір менің жұлқылағанымнан тына қалды. Бірақ бөлмеге кіріп кеткен соң да, "сенің кесірің" деп бір-бірін кіналауын тоқтатар емес. Тентектер тынышталғанда түскі ас қамына кірістім. Бірақ бұлар мұндай бейәдеп сөздерді қайдан үйренді? деген сауал санамды сан саққа жүгіртті. Әдетте әдепті болып жүретін жиендерімнің мұндай қылығын көрмеген соң, мұны қалыпты жағдай деп қабылдай алмадым. Бірақ мұндай жағдайлар әр отбасында қайталанып жатқан болуы әбден мүмкін. Бұнымен қалай күреспек керек?
Расында да менің басымнан өткен жағдай әрбір екінші ата-анаға жақсы таныс. Мұндай сәтте көбі балаларының мұндай мінез-құлқына дәл мен сияқты жауап береді, бірақ кейбіреулері мұны қалыпты санайды. Қызығы, қазі жеткіншектер мен жасөспірімдер арасында бейпілауыз болып бара жатқандар көп. Бесіктен белі шықпаған балалардың осындай былапыт сөзге құмар болуының себебін белгілі психолог мамандар былайша түсіндіріпті. Жас балалардың мінез-құлқын, сондай-ақ жүріс-тұрысын зерттеген ағылшын психологы Фрэнсис Комптонның сөзінше балалар осындай бейәдеп әрі ерсі әрекеттермен өзін ересек көрсеткісі келеді екен. Тіпті өзгелерге өздерін осылайша дәлелдейді-міс. Байқағаным, қазір қай орта да болмасын біз айтып жүрген жағдай жиі кездеседі. Тіпті ол отбасында, қоғамдық орында, көшеде. Біз балалардың мұндай жаман әдеттерге үйір болуына көбіне өзі жүрген ортасы түрткі болуы мүмкін деген түсінікті жиі қарастырамыз. Бірақ барлық жағдайда олай емес. Психолог маман Жазира Демесіннің айтуынша, баланың өзін-өзі ұстамай, бақылай алмауы көбінен-көп ата-анасына не өз ортасына деген агрессияның болуынан. Яғни, жеткіншектің не жасөспірім мінезін көрсетіп, ашуға бой алдырып, балағат сөздерді жиі қолдануы, оның белгілі бір мәселеге қатысты өкпесі болуы мүмкін екендігін байқатады. Олар былапыт сөздер айту арқылы іштегі решінін осылай білдіретін көрінеді. Біз білсек, көпшілік баласының бейәдеп сөздерді қолдануының себебін сұрамайды. Тіпті сұрай қалғанның өзінде өздері де айқаймен бас салуы мүмкін. Психолог Жазира Демесін мұндай әрекетпен жағдайды ретке келтіру мүмкін емес, керісінше ушықтырып алуыңыз мүмкін дейді. Ол балағат сөз жиі айтатын балалардың ата-аналарына не жақындарына "Сенің бұл қылығың не?", "Бұлай айтуға қалай дәтің барады?" деместен бұрын жағдайды мейлінше саралап, бейтарап пікір білдіруге кеңес береді. Яғни, баланың бұлай жасауының себебін түсініп алып, сосын ғана оның әрекетіне баға берген жөн. Әйтпесе, "бейпіл ауызға берік құлып саламын деу бос әурешілік болып қалуы әбден мүмкін", – дейді маман.
Несін айтайық, қай жерде жүрсек те анайы сөзді айдақтатындарға жиі ұшырасып жүрміз. Тіпті үй ауласында ойнап жүрген жүгермектердің бір-бірін сыпырта боқтап жатқанына да куәміз. Құлағыңа түрпідей тисе де, ләм-мим деп ауыз ашуға батпайсың. Өйткені қазір "ұят болады" деген бір ауыз сөзден ұлағат алатын бүгінгі ұрпақ бейпіл сөздерді бейберекет айтқанымен қоймай, өзінен үлкендерден именуді, жасқануды білмейді. Бір-бірін асыра боқтағанын көргенде кірерге тесік таппай қаласың. "Бізді байқап қалды-ау" деп қымсыну тұрмақ, бойларынан "бұл қылығымыз бұрыс болмады" қынжылысы да байқалмайды. Бұл бассыздықтыққа тыйып, тоқтам жасауға әрекеттенсең, "Сіздің не шаруаңыз бар" деп өзіңді сөзбен сыбап жіберуге дайын тұрады. Кейде таңдайынан әлі ана сүті кетпеген тентектерден боқтық сөз естуге жүрексінесің де, көз көрмегендей кері бұрылып, кете барасың. Олай етпейін десең, қазір «Балама ұрсатын сен кімсің? Менің баламды жөнге салатын сен емес» деп баласының бұрыс қылығын елемейтін, мұндай мінезін мақтаныш санайтын ата-ана да жетерлік.
Шынын айтсақ, қазір кейбір ата-аналар тентегін тезге салудың орнына өздері де тұрпайы қылық танытып, балағаттауға шебер болып алған. Тіпті екі-сөзінің біріне боқтық қосып сөйлемесе көңілі көншімейтіндер көп. Оны әлеуметтік желілерден де кездестіруге болады. Парақшаны парақтағанда еріксіз алдыңнан шықса, естімей қалу мүмкін емес. Осы күні жай бейнелердің өзін дыбыстық режимде отбасымен бірге көру мұңға айналды. Өйткені жағымсыз жайтқа тап боламыз ба деп қорқатын жағдайға жеттік. Осыдан біраз уақыт бұрын tik tok әлеуметтік желісінде 9-10 жас шамасындағы жеткіншектің былапты сөзді әнге айналдырып, бесік тербетіп отырған бейнесі желіде жаппай тарады. Мұны көргендердің біреуі күліп, ал кейбіреуі бұған оң қабақ танытпады. Тіпті бейнежазба астында тартысты пікірталас қыза түсті. "Ау, сонда бесік тербететін анасы қайда қарап қалды? Бесік жыры қашаннан мұндай әуенге ауысып кеткен? деген сынды пікірлер жиіледі. "Әлі бала ғой", "Жаман мен жақсының аражігін ажыратуға әлі жас қой, кешіріммен қарайық" дегендері де болды. Қош, солай-ақ болсын. Бірақ әр нәрсеге осылай көз жұма қарай берер болсақ, енді шешек атып келе жатқан бүршіктің тура жолдан тайқып кетуіне түрткі болуымыз мүмкін ғой. Осыны да ойланғанымыз жөн сияқты.
Қайсыбірін айтайық, желіде ұстазын балағаттаған оқушы, шәкіртіне өктемдік көрсеткен мұғалім, тұтынушы мен сатушы арасындағы анайы сөзге құрылған диалог жиілеп жатыр. Мұның бәрі тікелей отбасына, жүрген ортасына байланысты. Әйтсе де адамдардың бұл тұрғыдағы ойы сан алуан. Аталған мәселе турасында 5 бала тәрбиелеп отырған ана Айкүміс Пернебекованың да айтар ойы бар.
– Қазақы ортада тәрбиелендім. Үлкендердің өнегесін бойға сіңіріп өстік. "Үйтпе, бүйтпе" дегенін реті келгенде орындауға тырыстық. Бойжетіп ортаға араласқанға дейін бірауыз боғауыз сөз естімеппін. Әлде заман сондай болды ма, әйтеуір айналамнан бейпілауыз адам көрмедім. Бертін келе ғой, естіп жүргеніміз. Үлкеннің де, кішінің де аузынан түрлі боқтық сөзді құлағымыз шалып жүр. Тіпті қарғысты қарша боратып, жөнсіз әрі жүйесіз қарғайтын үлкендер де бар. Жалпы қарғыс сөз де, алғыс сөз де өмірден алынған. Әрбірден соң, сөз ол – энергия. Киесі тиеді деуші едік қой. Солай болса, оны қайтарып алу да қиын. Ешкімді де жақсылыққа жетелемеуі мүмкін. Жасыратыны жоқ, қазір үлкендермен қатар кішкентайларымыз да балағат сөзге құмар болып алды. Бұл біздің қателігіміз. Әрине, үлкендер мұны мойындағысы келмейді. Бірақ қанша қашсақ та бұл солай. Балаларға жаба салу оңай көрінетін шығар, бәлкім... "Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі" демей ме дана халқымыз. Сол сияқты үйде не естісе, соны ортада қайталайды. Балалар былапыт, боқтық сөзден аулақ болсын десек, әуелі үлкендер бейпілауыздықтан тыйылу керек, – дейді көп балалы ана.
Айта кетейік, елімізде боқтық сөз айтқандарды жауапкершілікке тартатын арнайы заң бар. Аталған заңда жасы 16-дан асқан кәмелетке толмаған жасөспірім қоғамдық орындарда былапыт сөйлесе, оған ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабы бойынша шара қолданылып, процессуалдық шешім қабылдау үшін материал сотқа жіберіледі. Бұл бап бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл немесе 5-30 тәулікке қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған. Ал баланың жасы 14-16 жас аралығында болса, заңды өкіліне ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 435-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылады. Бұл жолы да іс сотқа жолданады.
Түйін:
Сөздің құдіреті жайында түрлі әпсана бар. Тіпті оның құдіреттілігі ғылымда да дәлелдемелерге де негіз болған. Су – ұзақ әрі жылдам қабылдап, сақтай алатын бірден-бір зат. Ал адам ағзасының 80 пайызға жуығы судан тұрады. Сөздің энергетикасын, оның адам ағзасына, ал ағзасы арқылы өміріне қалай әсер ететінін қарапайым тілмен түсіндіру үшін жапон ғалымдарының мына бір ғылыми тәжірибесін келтірейік. Екі ыдысқа бірдей мөлшерде бір құдықтан су құйылады. Бірінші ыдыстағы суға күнде жақсы сөздер, ал екінші ыдыстағы суға күнде балағат сөздер айтылады. Біраз күннен соң балағат сөздер айтылған су иістенеді, тағы да бірер күннен кейін түсі лайланып бұзылады. Сосын сасиды. Ал жақсы сөз айтылған су құдықтан алынған бастапқы таза, мөлдір күйінде өзгеріссіз қалады. Ендеше, жаныңыз таза болсын десеңіз, әуелі тіл тазалығына да мән бергеніңіз абзал.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ