Онлайн ойын опық жегізбесін
Жуырда туыс ағамның үйінде қонақта болдым. Әулетте болып жатқан үлкен қуаныш болған соң, жақындарым балаларын еріте келіпті. Бүлдіршіндердің басы қосылса ойыннан қолы босамайды емес пе?! Бәрі бір бөлмеге шоғырланып, ойнап, шуласып кетті. Кенет, жеңгемнің «Шуламаңдар, ақырын», – деген дауысы қонақ бөлмесіне дейін естілді. Не болып қалды екен? – деген сұрақпен, балалар бөлмесіне қарай енсем, алысып-жұлысқан ешкім жоқ. Бәрі телефонға телміріп отыр. Өзара дауыстап бірдеңелерді айтып, сөйлеп жатыр. Олардың не айтпақ болғандарын түсініңкіремей, құлағымды тосып тұра қалдым. Бір-біріне «Мені қорға, әне, артыңда тұр. Тезірек қимылдасаңшы. Атып, өлтір», – деп жатыр. Олардың айтқандарын іштей қорыта алмай, сол жерде біраз уақыт состиып, тұра қалдым. Сәл кідіріп барып, олардың «Free Fire» ойнап жатқандығын аңғардым.
Әлемде ең танымал онлайн ойындардың біріне айналған «Free Fire» жобасы Вьетнам қаласында 111 dots Studio компаниясында Ли Форрест есімді сингапурлық азаматтың жетекшілігімен жасақталған. Бүгінде елімізде бұл ойынның қолданушылары өте көп. Оның дені жастар мен жасөспірімдер. Сандық мәліметтерге сенсек, осы ойынды елімізде мектеп жасындағы жастардың 70%-і қолданады екен. Бұл аз көрсеткіш емес, тіпті артық десе де болады. Балалардың оқуға деген қызығушылығының төмендеуі, көп уақытын ойынмен өткізуі, ата-анасының күнделікті жұмсауға берген аз-кем ақшасын осы ойынға жаратуы жоғарыдағы көрсеткішке негіз болып отыр. Тіпті осы ойынның құмарына кіріп кеткен кейбір студенттер офлайн оқу режимінен онлайнға ауысып, уақытын осы ойынға жұмсайтын көрінеді.
Технологиялық жетістіктердің болғаны жақсы, бірақ өз қалталарын қалыңдатуды ойлайтын осындай коммерциялық жобалар қоғамға, оның ішінде жастар мен балалардың дамуына, олардың теріс іс-әрекеттерге баруына, мінез-құлқына әсерін тигізіп отыр. Бұл тұрғыда психолог мамандар мұндай ойындардың адам психологиясына кері әсер беріп қоймай, тіпті қиын жағдайға ұшырататынын да айтып дабыл қағуда.
– Ермекке айналған бұл ойыннан ең алдымен адамның денсаулығына айтарлықтай зиян келіп жатыр. Виртуалдық әлемге терең бойлағаны сонша, адамдармен тікелей байланыс құру қабілеті төмендеп, өзін қоршаған әлемде, тіпті жан-жағында болып жатқан дүниелерді елең қылмайды. Қиын жағдайлардың өзінде салқынқанды кейпін жоғалтпай, өзіне жақын жандардың жанын жаралаудан тайынбайды. Онлайн ойындардың шырмауына шырмалып, психологиясы айтралықтай бұзылған адамдардың кей жағдайда өз үйінен, отбасынан да бас тартып, қылмысқа барып жатқан оқиғалар да жоқ емес, – дейді психологтар.
Оған өткен жылдың мамыр айында Татарстан мемлекетінің Қазан қаласындағы мектепке жасалған шабуыл мысал бола алады. Арнайы сарапшы мамандар бұл турасында мынадай пікір білдіргенді. «Оқу ордасына шабуыл жасаған жігіттің IT мамандығы бойынша білім алғанын ескерсек, виртуалды әлемге шектен тыс берілудің салдарынан оның мінез-құлқында психологиялық ауытқушылық бар болуы мүмкін», – деген болжамдарды да айтқанын естігенбіз. Демек атыс-шабыстан тұратын онлайн ойындар адамның санасын улап қана қоймай, қылмысқа итермелеуі мүмкін деуге толық негіз бар.
Мұндай ойындарға тәуелділіктің соңы немен аяқаталатынын жастарға дер кезінде түсіндіру не алдын алу шараларын жасау керек. Себебі осы мәселе турасындағы мұғалімдер мен ата-аналар арасындағы талас-тартыс қоғамда жиі талқыланып жатады. Сондықтан екі тарап баланың уақытын тиімді өткізуде бірлесе жұмыс атқарғаны жөн. Үйде ата-ана «Балам не істеп жатырсың?», «Телефоныңда қандай қосымшалар бар?», «Қандай әлеуметтік желілерге тіркелгенсің?», «Не көріп отырсың?», – деген сауалдармен қызығушылық танытып, үнемі қадағалауда ұстаса, баламен бетпе-бет диалог құрса, баланың жауапкершілігі мен шынайы дүниелерге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік болар еді. Ал мұғалімдер тек сабақ берумен ғана шектелмей, әрбір баланың қызығушылығына қарай жұмыс жасауы қажет. Бірақ шектен тыс тыйым салу жағдайдың бақылаудан шығып кетуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Бұл тұрғыда Айзат Жұмағалиева есімді ата-ана былай дейді:
– Менің Ислам есімді 12 жастағы ұлым бар. Ол да осы бір «Free fire-ды» ойнайды. Кейде болмайтын ойын үшін өзімен-өзі сөйлеп ашуланып жатады. Өтпелі жас кезеңінде болғандықтан басында аса мән бермейтінмін, кейін баламның мінезіндегі өзгерістерден соң, онымен бетпе-бет сөйлесіп, бір мәмілеге келдік. Қазір сабақтан тыс уақытын бос өткізбей, домбыра үйірмесіне барып, біршама жетістіктерге жетіп жүр. Ал ойынға белгілі бір уақыт аралығында уақыт бөліп, ойнайды. Баламның бұл ісіне өзімде қуанып жүрмін. Бұл жүйелі қадағалаудың нәтижесі деп ойлаймын,– дейді Айзат.
Халқымызда «Баланы жастан» деген тәмсіл бар. Ертеңгі ұрпақ мейірімсіздік пен жауыздыққа насихаттайтын, опа бермейтін ойыннан опық жемесін десек, оларды жастайынан мейірімге бөлеп, жамандықтан қорғап, жақсы жаққа тәрбиелеуді қазірден бастағанымыз абзал.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ