Шөпшек сүйіп, шөл басқан
"Қарты бар үйдің, қазынасы бар" деп бекер айтылмаса керек. Қариясы бар үйдің балалары да өзгеден ерек, жауһар сөздерін саналарына сіңіріп, өсетіндігі белгілі. Сондықтан да болар, қарты бар үйден қазақы тәрбиенің самалы есіп тұрады. Кие мен қасиетке толы Қазалы ауданында ұзақ жасағандардың қатары аз емес. Олар ұлды ұяға қондырып, қызды қияға ұшырып, немерелерінің қызығына бөленуде. Шөберенің қолынан май жалап, кейінгі буынға даналық өсиетін жеткізіп отыр. Сондай жанның бірі – Қазалы қаласындағы қарт кейуана Манай Сапарқызы.
Манай Омарова 1928 жылы Арал ауданы, Қасқақұланда дүниеге келген. Сол кездің мүмкіндігіне орай төрт жылдық білім алған. Бүгінде 95-ке толып отырған кейуана еңбекке жастайынан араласады. Белі қатаймаған жас жылым тартып, ау тоқып жүріп, әскерден келген Нағи Омаровпен жиырма жасында отау құрған. Тоғыз құрсақ көтерген ана, қазіргі таңда үш ұлы мен үш қызынан 17 немере, 31 шөбере, 11 шөбере сүйіп отыр.
1975 жылы Майдакөл ауылына қарасты Жаңаталаптан Қазалы қаласына қоныс аударады. Қазалы қаласындағы №17 мен ән-әуез және кешкі мектептерде тазалықшы болып жұмыс істеп, зейнеткерлікке шығады.
– Қайсібірін айтайын, қиын сәттерді бастан өткердік. Қазір шүкір бәрі бар. Ел тыныш, халық тоқ заман. Біздің кез ең ауыр, бейнетке толы шақ болды. Бірақ, бүгінгідей пиғыл тарылған емес. Бұл күні мейірімсіз бала, қатыгез ата-ана көбейіп барады. Қарағым, құлағым нашарласа да, теледидар тыңдап, жаңалықтарды үзбеймін. Түрлі жантүршігерлік оқиғаларды естіп, іштей қынжыламын. Кейінгілердің халіне алаңдаймын. Келешек ұрпақтың жағдайы қалай болар екен, деген уайым басым. Тек айтарым, жастар біздің көрген бейнетті көрмесін, – деп сөзін түйіндеді көп жасаған кейуана.
Кезінде күш-қайраты мол, әрі қарулы болған әжей өзінің төсек тартып жатқан енесін бағып, бата алған. "Батаменен ел көгерер демей ме? Содан да болар осы жасқа жеткенім", – дейді әже.
Жолдасы мәңгілік мекеніне аттанған соң, ұл-қызын қатарынан қалдырмай, жетелеп жеткізді. Бүгінде бір әулеттің асыл әжесі атанған өнегелі жан солардың қызығын көріп отыр. Балаларының әрқайсысы өз алдында жарасымын тапқан жанұя болып, анасының ақылын өмірлік азығына айналдырған.
Бейнеттің өтеуі зейнет деп білген Манай Сапарқызы қазір өмірден көргені мен түйгенін бала-шағасының құлағына құйып, тіршіліктегі кей қиындықтарға мойымау керек дегенді жиі қайталап айтып отырады. Өмірдің басқа салған ауыртпалықтарын еңсере білген кемеңгер кейуананың парасаттылығы кейінгі аналарға үлгі болары сөзсіз.
Қаракөз ЕРМЕКБАЕВА