Шөпшек сүйген кейуана
Біздің ауданда жасы жүзге таяғандар ара-тұра болса да кездеседі. Соның бірі – Күнжамила Қадырқызы. Бүгінде негізгі жасы 95-те, дегенмен құжат бойынша 93-ке келді. Шаңырақтағы келіні Нәйләнің айтуынша, оны сол қым-қуыт заман әсеріне орай 2 жасын кейін шегертіп паспортқа жазғызған екен.
Күнжамила әжей Ақшатаудан Қазалыға соғыс жылдары келін болып түскен. Еңбекқор жас келіншек үш отбасын баққан. Қайынағасы соғыста қаза болса, оның жұбайы ауыр дерттен көз жұмған. Тірі жетім атанған балаларын бауырына басқан. Сонымен бірге қайнысының да отбасын қамқорлыққа алған. Бұдан бөлек 95 жастағы қайын атасы мен енесін бағу да Күнжамиланың жауапкершілігіне берілді.
Күнжамила Бөлекбаева барлық шаруаға үлгеретін. Жастайынан тылда еңбек еткен ол бидай егіп, оны оруға атсалысқан. Күріш жинауға қатысқан. Октябрь мен Еңбек ауылдарында, Түктібаев, Карл Маркс совхозында біраз тер төккен. Қазіргі “Қара арықты” егін мен мал суару мақсатында 3 метр тереңдікке дейін қазғандардың бірі.
– Ол кезде барлығы майдан үшін деп соғыстағы жауынгерлерге жіберіледі. Халықтың да жағдайы мәз емес. Ауылдан береке қашып, жұрт аш-жалаңаш қалған кез болды ғой. Ер азаматтар сирек, өңкей әйел қауымы ауыр жұмысты еңсеретін. Өте жаспын үш үйдің адамына тамақ әзірлеуім қажет. Амал жоқ, арасында ыңғайын тауып егістіктен қалған бидай мен күріш шиін теремін. Оны диірменге салып, ұн қылып күніге 10-12 қазанжаппай пісіремін. Қолда азын-аулақ мал да ұстаймыз. Аулаға картоп егеміз де кептіріп, оны да диірменнен өткізетінбіз. Қабығын да тастамай кептіріп, диірменге саламыз. Әкем жол түскенде есек арбаға үлкен-үлкен балықтарды тиеп, әкеп беретін. Оның да сүйектерін диірмен арқылы ұнға айналдыратынмын, – деп күрсінді әжей.
Бүгінде тоқсаннан асқан кейуана 11 құрсақ көтеріп, олардан 29 немере, 53 шөбере мен 3 шөпшек сүйіп отыр. Шөберенің қолынан су ішіп, шөпшектің алақанынан май татқан әжейдің ұзақ жасау сыры неде деген сауалға келіні Нәйлә апай енесінің әлі күнге дейін бауырды шала пісіріп ауқаттанатынын жеткізді. Малдың талағын күлге көміп, қабылдайды екен. Бүгінге дейін тамақты далада ошақта дайындаған. Тек қара ұннан нан бастыратын. Қой етін тұздап, ұнға малып ошақта сақтаған күйі асқа қосатын. Арнайы диірменімен күрішті өткізіп, асқа қамыр илеген. Және балықты жиі жейтінін, ағарған ішіп, құрт, сүзбе, ірімшікті үзбей қолданатыны тағы бар. Бұған қоса, күн-түн демей, еңбек еткен. Келі түйіп, диірмен тартқан. Күбі піскен, ұршық иіріп, қажетті бұйымдар тоқыған. Киіз басып, құрақ құраған. Қолынан бәрі келетін нағыз бес аспап. Содан да болар ғұмыр жасы ұзақ болуы деген ойын жеткізді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА