Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Адалдығынан айнымаған ақсақал

Адалдығынан айнымаған ақсақал

Елге сыйлы, көпке қадірлі қазалылық абыз ақсақал Айымқұл ата биыл тоқсанның төртеуін толтырып, тоқсан беске қадам басты. Өнегелі өмірімен жұртқа сыйы артқан жанның шаңырағына арнайы барып, ақ батасын алдық. Батагөй қарияның кестелі сөзі мен тағылымға толы өмір тарихын тыңдап, көкейге түйгеніміз көп болды.
«Бұрынғы Өркендеу совхозында дүниеге келгенбіз» деп бастады әңгімесін Айымқұл ата. «Әкем Жалғасбай Жарылқағанов жылқышы болды. Анамның есімі – Ақжарқын Төлтеқызы. Бір ана мен әкеден төрт ұл Әбілхан, Айымқұл, Жұмахан, Көшімхан, үш қыз Ағымша, Зәуре, Сәуле тарадық. Соғыс басталған жылы әкеміз әскерге аттанды. Біз отбасымызбен «Өзен жағалағанның өзегі талмас» деген ниетпен теңіздің жағасына Аралқорған – Сандал деген жерге қоныс аудардық. Ұялыда балық заводы болды. Әке-шешем малдың басында, әркімнің үйінде жатып, жеті жылдықты бітірдім. Содан Қазалы қаласындағы интернатта оқуымды жалғастырмақ болдым. Сөйтсем біздер 7-сыныпты бітіргенше туу туралы куәліксіз жүріппіз. Сол кездері метркені бірінші рет алдым. Қаладығы №17 мектептен 10 жылдықты бітіріп, оқуға бардым. Алайда түсе алмадым. Кішігірім жұмыс істеп жүргенімде әскер қатарына алып кетті. Армияда үш жыл, екі ай жүріп келгеннен кейін шешемнің қалауымен жеделдетіп отбасын құрдым. Шешеме оқуға барамын деп едім, жылап жіберді. «Менің бір аяғым көрде, бір аяғым жерде. Маған келін әкел» деді. Осылайша отбасын құрдым. Қарабура деген жерде бір жыл жұмыс істедім. 1960 жылдан 1965 жылға дейін дүкенші болдым. 1963 жылы теңіз тартыла бастады. 1965 жылы тіпті көз ұшында кетті. Осы жылдың тамыз айында дүкенді тапсырып, Қазалыға келдім. Әбілхан деген ағам: «Райкомхоз» деген мекеме ашылайын деп жатыр. Сен осында кел, жұмыс істе. Сен келмесең, әке-шешең келмейді. Теңіздің бағы енді тайды» деді. Қала мен кенттегі «Комхоз» қосылып, үлкен бір мекемеге айналды. Бұрын бес жыл бойы дүкенші болған мен осы мекемеге қойма меңгерушісі болып жұмысқа орналастым. Ремстройдан кейін балық зауытында , «Сберкассада», Ақөзек селхозында, тұтынушылар қоғамында өндірістік мүліктерге қойма меңгерушісі болдым, – деді Айымқұл ата.
Әр кез адалдықтан айнымаған Айымқұл Жалғасбайұлы басшылармен жиі сөзге келіп қалатын едім деп өткен күндерді еске алды.
– Қойма меңгерушісі болу өте жауапты жұмыс. Қолыңда қаншама дүние тұрады. Оның барлығының сұрауы, есебі бар. «Бармақ басты, көз қыстылыққа» салынып, басшылармен ауыз жаласпадым. Сондықтанда болар көп басшы мені жақтырмады. Өзімнің жұмысымды білемін әрі тиянақты атқарамын. Басшылық тарап ретсіз сөксе немесе тіл тигізсе, кілтін қолына тапсырып, жұмыстан кетіп қалатынмын. Алайда «бізге кел» деп жұмыс ұсынушылар табыла кететін. Жеті жерде жұмыс істеппін. Бәрінде де қойма меңгерушісі болдым. Абыройыма нұқсан келетін іске ешқашан бармадым. Он жылдық білімім ғана болсада өз нәпақамды тауып, бала-шағамды жетілдірдім. Оқимын дегендерінің ешқайсысының бетін қақпадым. Он төрт баланы бір-бірінен бөле-жара қарамадық. Марқұм жолдасымда пейілі кең, жүрегі таза жан еді», – деді ақсақал.
Бір шаңырақ астында он төрт бала тәрбиеленуінің де өзіндік себебі бар болатын. 1966 жылы ағасы Әбілхан ауру меңдеп, бір ай ішінде қайтыс болып кетеді. Араға ұзақ уақыт салмай ол кісінің жұбайы да мәңгілік мекеніне сапар шегеді. Айымқұл ата бауырынан қалған алты қыз, бір ұлды өз балаларымен қатар өсіреді. Бір шаңырақ астында 14 бала мен жарымжан інісін бағып-қағып, олардың жетіліуіне аянбай күш салады. Бүгінде әрбірі бір-бір үй болып отырған балаларының алды зейнеткер. Немере сүйіп ата мен әже атанды.
– Аллаға шүкір, 47 немере, 30 шөбере сүйдім. Балаларымның алды зейнеткерлік демалыста. Бәрі де жағдайымды жасап, асты-үстіме түседі. Құрметін аямайды. Әр қызым тұрмыс құрарда, ұлдарым үйленерде бір апта ас батпай қалатын. «Қалай болады, не болады?» деп уайымдап қалатынмын. Қазір бәрі де түтіні түзу шыққан шаңыраққа айналды. Мен үшін осыдан артық байлық жоқ. Байлық жинамадым. Дүниеге қызықпадым. Тапқан-таянғанымды балаларымның аузына тостым. Осылар оқысын-тоқысын деп тер төктім. Шүкір, қазір жемісін көріп отырған жайым бар. Ұл-қызымның, ұрпағымның татулығын, ауызбіршілігін көріп, бақытым еселенеді. Немере, шөберелерім «аталап» мойныма асылғанда бір жасап қаламын», – деді Айымқұл ақсақал жанында отырған шөбересін маңдайынан иіскеп.
Қарияның есте сақтау қабілеті де қайран қалдырмай қоймайды. Өміріндегі әрбір сәтті қай жылы, қай күні болғанын нақты айтып отырған ақсақал үнемі газет оқып, теледидар жаңалықтарын жібермейтіндігінде айтып қалды.
– Газет-журнал дегенді әр санын жібермей оқимын. Жинақтап қоятынмын. Теледидардан жаңалық тыңдап, күн райының қалай болатындығынан да хабар алып отырамын. Спорт каналын жиі көремін. Әсіресе бокс қараймын. Жерлестер жеңсе қуанып, жеңіліп қалса, көңіл-күйім түседі, – дейді ақсақал.
Әңгімешіл қартты одан әрі сөзге тартып: «Ата, жарыңызбен қалай таныстыңыз? Алғаш қайдан көрген едіңіз?» деп сұрадым.
– Ұялыдағы балық зауытта ағам Әбілхан басшылық қызметте болды. Қайын ағам Қапаш Қарақұлов техникалық директор болып істепті. Оның ортаншы қарындасы бар екен. Ағам: «Менің інім армиядан келсе, қарындасыңды берсеңші. Құда болайық» деп қолқалап жүрген екен. Әскерден келген соң жездем Серік Сейтмағамбетов екеуімз қарындасын сұрай бардық. Ағасы бермеймін демеді. «Бір айдан кейін оралып кел» деген жауап алдық. Содан мен тұрып: «Жеріміз қашық, жол қатынас жоқ. Қыздарыңызды берсеңіздер қазір алып кетемін. Бермесеңіздер Қазалыда қыз көп. Қайта айналып бұнда келмеймін» дедім. Содан өздері ойласып, кеңесіп, түннің ішінде Аралдағы туыстарын шақырып, малдарын сойып, кәде-кәуметін жасап, ізіме ертіп жіберді. Әжелеріңмен өле-өлгенше сыйластықта болдық. Барлық баланы бағып кеткен сол кемпірім. Өкініштісі, ауруы асқынып, арамыздан ерте кеткені, – деп күрсінді қария.
Біраз үнсіздіктен кейін: «Кемпірім кеткелі келінім Гүлмира барлық жағдайымды жасап отыр. Алғаш келін болып түскен күні әлі есімді. Бір күні «Мақсуджан қыз әкелді» деп үйге балалар жүгіріп келді. Содан бірден: «Егер келісімсіз, зорлықпен әкелсе бірден айтсын» дедім. Өзінің келісімімен келді деген сөзді естіген соң артынан келген апаларын күтіп алдық. «Қыздың өзінен сұраңдар. Келісіммен келдім десе, ешқайсысың орнынан қозмайсыңдар» дедім. Міне сол уақыттан бері қаншама жыл өтті. Киімім таза, тамағым тоқ, жатар орным жайлы. Бұның барлығы Гүлмира келінімнің арқасы», – деді ақсақал.
– Ата, көпті көрдіңіз, қаншама адаммен аралас-құралас болдыңыз. Жалпы адам бойындағы қандай қасиетті ерекше бағалайсыз? деген сауалыма: «Адам ең бірінші адамгершіліктен аттамау керек. Еңбектен қашқан адамда мақсат болмайды. Тазалық пен талапшылдық тура жолдан тайдырмайды. Қарапайымдылық та кісі көркін ашар асыл қасиет», – деп нақты әрі қысқа жауап берді. Төрт сөйлемге түсінген адам үшін талай өсиетті сыйғызған Айымқұл ақсақалдың бата беруі де бөлек. Сұхбатымыз тәмамдалып, қош айтысып, көкірек көзі ояу, кеудесі шежіреге толы қарттың ақ батасын арқалап, шаңырақтан шықтық. Жол бойы абыз ақсақалдың: «Балам, талабың оң болсын. Қай істе болсын қолың да, жаның да, арың да таза болсын» деген сөзі ойымнан кетпеді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
05 наурыз 2024 ж. 313 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031