Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Креативті кәсіп – табыс кілті

Креативті кәсіп – табыс кілті

Соңғы уақытта қазалылықтардың бизнесте бәсі биік. Көбі кәсібін өрге домалатып, сан салада дамуда. Солардың қатарында Қожабақы ауылының тұрғыны Мерей Қалабаева да бар. Ол жолдасы Нұрбек Бақытханмен бірге пакеттерге лого бренд басып, нәпақасын тауып жүр. Көпшілікке таңсық көрінетін бұл кәсіпті көп балалы ана күйеуімен бірге ойласа келе қолға алуды жөн көріпті. Бүгінде кәсіпкер ана тұрақты тұтынушыларын да тауып үлгерген.
– Шыны керек, бұл кәсіпті бастағанға дейін жолдасыммен біраз ойландық. Ақыры осыған байландық та, үкіметтен 1 миллион 380 мың грант алып, тәуекел етіп, бастап кеттік. Қазір шүкір, жемісін көріп жатқан жайымыз бар. Ақырындап тұтынушыларымыздың қатары да толығуда. Тапсырыстар да жиілеуде, – дейді кәсіпкер келіншек.
Мерей Мейрамбекқызымен тілдескенімізде дәл осы кәсіп түрін таңдауының себебін сұрағанбыз. Ол оны былайша түсіндірді.
– Өзіңіз білесіз, қазір дүкен не базар болсын, тауарларын арнайы бренд қаптамаға, қалталарға салып ұсынады. Яғни лого бренді бар пакеттерге. Білсеңіздер, қазіргі уақытта логотипті бар пакеттер жарнаманың негізгі құралы болып саналады. Пакеттегі логотип брендті тануға ықпал етеді, сондай-ақ өзіңіз сатып алып тұрған өнімнің сапасына деген сенімділікті оятады. Қысқаша айтқанда бұл маркетинг. Жарнаманың кәсіпті ілгерілетуде үлкен маңызы бар. Біз қандай кәсіпті бастаймыз деп бас қатырған уақытта осы нәрсе ойымызға сап ете қалды. Содан пакеттің құр өзін шығарғаннан гөрі сыртына лого бренд басумен ерекшеленейік дедік те, осыны жасауға тоқталдық, – дейді ол.
Расымен де қазір логотипі бар пакеттер тұтынушыларды тартудың, ұстап қалудың және оларды сатып алуға итермелеудің тиімді әдістерінің бірі ретінде танымал. Қызығы, олар радио немесе теледидардағы жарнамаларға қарағанда тиімдірек болуы мүмкін. Пакеттегі сурет үнемі клиенттің көзіне түсіп, санада сақталады және сонымен бірге тікелей жарнама ретінде қабылданбайды.
Кәсіпкер келіншектің айтуынша, пакеттердің сыртына салынатын логотиптер тапсырыс берушілердің өтінішіне қарай жасалады. Пакеттерді сырт қалалардан түрлі пішінде, түрлі түсте алдырады. Ал жалпы жұмыс барысы былайша өріледі. Бастапқыда тұтынушымен логотиптің қандай болатындығы жоспарланады. Кейін оған ұнайтын дизайн ұсынылады. Одан соң ұсынылған дизайнның нарықтағы бренд бәсекелесінің бар-жоғы талданады. Трендке сай келетін дизайн жасақталады. Бұдан кейін компьютерлік бағдарлама арқылы жасалған дизайнның түсі анықталып, арнайы аппарат арқылы басылып шығарылады. Мерей Мейрамбекқызының сөзіне сенсек, пакет сыртына дүкеннің не тауарын ұсынатын компанияның орналасқан мекен-жайы, телефон нөмірлері; веб-сайт немесе басқа байланыс деректері жазылғаны жөн. Яғни тек қажетті ақпараттар ғана болғаны дұрыс. Сонда ол тұтынушының есінде тез жатталады. Егер одан көп ақпарат болса, басылған баспа көзге көріксіз көрінуі мүмкін. Бір сөзбен айтқанда қаптамадағы жазу адамдарға әсер қалдыруы керек екен.
Көпшілік қалта сыртын басылатын баспаны қымбатсынады. Бірақ кәсіпкер келіншек тұтынушылар мен тапсырыс берушілердің пікірімен санасып, нарықтағы бағадан аспай, қалтаға қонымды қаражатқа қызметін ұсынып жүр.
– Негізінен қатып қалған баға жоқ Тапсырыс берушілердің сұранысына қарай кейде жеңілдіктер де болып тұрады. Әр уақытта 15-20 пайызға дейінгі жеңілдетілген бағамен тұрақты тұтынушыларымызды қуантып тұратынымыз бар. Шыны керек, тұтынушыларымыз дән риза. Жасаған жұмысымызға қарай алғысын алып, ризашылығына кенеліп жүрміз, – дейді Мерей Мейрамбекқызы.
Көп балалы кәсіпкер ана алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, қосымша дүниелерді қолға алуды көздеп жүр. Қалта, қаптамалардан бөлек, түрлі жапсырмалар мен шарға жазба жазуды да ойға алған. Ісін ілгерілетуді мақсат тұтқан кәсіпкердің жұмысы жемісті болары анық. Өйткені ол кәсіптің көзі – креативте екенін жақсы біледі. Ал креатив қашан да жетістіктің кепілі болып қала бермек.
Арайлым ЖҮСІПОВА
27 ақпан 2024 ж. 317 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031