Көкпар – ұлттық ойын
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Атқа міну мәдениеті» тарауындағы айтылған пайым мені терең ойға жетеледі.
Шынымен де қазақтың тіршілігі төрт түлік малмен өрістеген, оның ішінде әсіресе атпен байланыстысы басым екені даусыз. Өткен дәуірде ұлтымызда әр түрлі мақсатқа пайдаланатын осы жануардың жиырмадан астам атауы болған. Мәселен олар азбан, жүрдек, өздік, жетік, егей, епті, тұғыр, мес, бақал ат болып жалғаса береді.
Сондай-ақ халқымызда атпен байланысты дамыған спорттық ойын түрлері де баршылық. Соның бірі – көкпар.
Көкпар – қазақтың делебесін қоздырып, дегбірін алатын дода екеніне ешкімнің таласы жоқ. Аталмыш ойынның шығу тарихы жөнінде зерттеушілер түрлі пікір білдіреді. Олардың айтуынша, көкпар әуелде әскери машықтық қажетінен туған. Түркі қағандығы кезіндегі «дербес жасақ» осындай жаттығулардан өтіп, сыналған жауынгерлерден құралған. VІ ғасырдан бастап көкпар көшпелі халықтың тұрмысына кеңінен енген. Түркі қағандығы мен қазақ хандығы арасындағы көкпар спорты айрықша дамыған көрінеді. Сол заманда Наурыз мейрамы көкпарсыз өтпеген.
Жалпы көкпар ережесі бойынша екі үлгі бар. Бірі жаппай, екіншісі командалық. Жаппай көкпарда серкенің нақты салмағы болмайды, теке тарта ма, тана тарта ма өздері шешеді. Сонымен қатар қатысушыларға шек қойылмайды, бес жүз, тіпті мың ат қатыса алады екен.
Ал қазіргі көкпар додасына төреші бекітіледі. Шабандоздар команданың намысы үшін атқа қонады. Спортшылар ережеге сай 80х100 метр алаңда биіктігі 1,20 метр қазандыққа 30-35 келі тартатын серкені салуға күш жұмылдырады.
Мұндай серкені көтеру үшін сайыскерде қайрат, астындағы пырағында соған сәйкес күш болуы қажет. Зерттеушілердің пайымдауынша, ат үстінде шыныққан жігіт денсаулығы мықты, батыл, ержүрек болып өседі. Сонымен қатар оның бойында намыс пен ұлттық рух қалыптасатын көрінеді. Өзге малдың терісі жыртылғыш, тартысқа шыдамсыз келетіндіктен көкпарға берік, ұстауға ыңғайлы болғандықтан көп жағдайда серке тартылады.
Соңғы уақытта шетелдіктер серкені тарту мал-жануарға жасалған қиянат екендігін білдірген. Осыған орай жасанды серке-муляж пайдалану туралы ұсыныстар да болып жатыр. Елімізде көкпардан үздіктер қатарында жүрген Тараздың «Әулие атасына», Түркістан облысының «Құлагеріне» тең келетін команда аз. Қызылорда облысының көкпар құрамасы елімізде үздік төрттіктер қатарында. Оның негізін жаңақорғандық жігіттер құрайды. Осыларды есітіп, көргенде қызыға да қызғана да қарайтынымыз шындық. «Көкпар – ұлттық ойын» десек бізде осы күнге дейін аталмыш спорт түріне арналған клуб немесе спорт мектебі жоқ.
Сондықтан ауданның басшылары бұл мәселені ұсақ-түйек деп қарамай назарына алса деген тілегім бар.
Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы саласының ардагері