Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұралқы ит – бұқараға қауіп

Бұралқы ит – бұқараға қауіп

Жұмыс уақыты тәмамдалып, әдеттегідей үйге орталық көшемен жаяу қайттым. Кеш қарайған. Сол күні жауған ақ мамықтың дауысынан ләззат алып, "қытырлата" басып келемін. Базар маңына жете бергенде шұбырған бір топ итті көрдім. Әдетте орталық Әйтеке би көшесімен №266, 70 мектеп оқушылары қайтатын, "солардың біріне шабуылдамаса" игі деп айтып ауыз жиғанша болмады, бұрылыстан шыға келген 5-6 сынып оқушысын бұралқылар талай бастады. Жанына "тәйт" деген қатты дауыспен жетіп бардым. Абырой болғанда балғынның балағына жабысқан иттің тісі қалың шалбардан өтпепті. Дегенмен бала қатты шошынған. Бүгінде мұндай қаңғыбас иттер қазалылықтардың қорқынышына айналған.
Тұрғындардың айтуынша, кезбе иттер көбіне осындай азық іздеп, базар маңы, күл-қоқыстың арасында жүреді. Сондай-ақ адамдар көп шоғырланатын жерге әуес келеді екен. Таңертеңгілік немесе кешкілік оларды аялдамада да көптеп кездестіруге болады. Жергілікті тұрғындар балаларының өміріне қауіптенеді. Өйткені топ-тобымен жүрген иттер балаларға шабуыл жасауы мүмкін.
– Бүгінде қаңғыбас иттердің жүрген жері тұрғындар үшін өте қауіпті орындарға айналып отыр. Олар алдымен жұқпалы ауруларды тасымалдаушылар және құтыру белгілері байқалғанда адамға шабуыл жасауы мүмкін. Ит қауып алса, өлімге әкеліп соқтыруы да ғажап емес. Қаңғыбас иттер қалада әр жерді паналап, қоқыс қалдығынан тамақ жеп күн көріп жүр. Мен жақында ғана бір топ иттің құрбанына айнала жаздадым. Менің орнымда бала болса қайтер еді? Біз балаларымызға алаңдаймыз. Адамдардың денсаулығы бәрінен қымбат. Сондықтан қаңғыбас иттермен күресуді жауапты мекемелерден талап етемін, – дейді кент тұрғыны.
Қаңғыбас иттерден адам түгілі қорадағы мал мен кетектегі құс та зардап шегіп жатыр десек, таңдай қағатындар табылуы мүмкін. Алайда бұл айтып отырғанымыз аңыз емес, ақиқат. Өткен жылы ауласында қос сиыр асыраған тұрғынның малына ашық тұрған көше есігінен кірген бір топ ит шабуыл жасап, талап тастаған. Бұдан бөлек, кетектегі тауықтарын иттер қырып кеткен тұрғындар да бар.
– Таң алды. Өлі тыныштық. Үйді «қыж-қыж» қайтқан газ жылуын азайтайын деп тұрдым. Ауладан қоразымның ащы дауысы мен иттердің «арпылы» естілді. «Бұл не болды екен?» деп шығып, тауық кетекті қарасам, іші қанжуса тек мекендерін қорғай алмаған қоразым ғана аяғынан тік тұр. Осылай он тауығымды жеп кеткен. Кімге, қайда хабарласарымды білмей, қоя салдым. «Тәуекел» десіп, – дейді кент тұрғыны Абзал Ақназар.
Жалпы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң жобасы әзірленіп, 2022 жылы күшіне енді. Әйтсе де біраз ескеретін жайттар көп. Алдымен иттерді ұстайтын панажай салынуға тиіс. Бұл мәселе бұған дейін де көтерілген. Бірақ түпкілікті шешілу нәтижесі күрделілеу болғандықтан, жабулы күйінде қалған қазанның қақпағын жаңа заң қайта ашуға мәжбүрлеп тұр. Мамандардың айтуынша, аудан орталығында бір панажай болса жеткілікті. Оның үстіне иттердің «жатақханасы» да талапқа сай болуы шарт. Бір өкініштісі сол, аудандағы осы салаға жауапты азаматтар екі жылдан бері еш іс-әрекет жасамаған. Соның салдарынан алдағы қыс-көктем айларында жойылуға тиіс иттердің жартысы күшіктейді. Сөйтіп, екі есеге көбейіп кету қаупі тұр.
PS: Айтпағымыз, қараусыз жүрген қаңғыбас иттің қауіптілігін ұмытпағанымыз абзал. Қаңғыбас иттер мәселесі аудан түгілі, еліміз үшін өзекті проблемаға айналғалы қашан?! Әдетте, кез келген саладағы олқылықтарды ойға алғанда, дамыған мемлекеттердің тәжірибесін алға тартқанды жанымыз сүйеді. Мысалы, Еуропа елдерінде жануарларды ешбір әуре-сарсаңсыз есепке алу үшін оларға арнайы чип тағылады. Бұл тәжірибе еліміздің ірі қалаларында да біртіндеп іске асырылып келеді. Үй жануарларының қожайындарын аталмыш чипті алуға міндеттеу арқылы қосымша қаражат бөлу мәселесін жеңілдетуге болар еді. Алайда қоғамға зиянын тигізбеудің орнына немқұрайлылық танытудан танбайтын біздің бұқараға бұл тиімді бастаманы түсіндіріп, санаға сіңдіреміз дегенше талай адамды ит қауып, талай үй жануары оққа ұшады. Мұндайда «үмітсіз шайтан» демеске лажымыз да жоқ. Тек оқу жылы басталар тұста балаларыңызды қараусыз қалдырмауға шақырамыз. Көшеде бейберекет жүрген бұралқы иттерден сақтаныңыз, айналаңыздағыларды да қорғаңыз!
Серік АҚМЫРЗА

13 ақпан 2024 ж. 320 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031