Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қараусыз иттен қауіп жоқ деме...

Қараусыз иттен қауіп жоқ деме...

Фото
Қаңғыбас иттер қазалылықтардың зәре-құтын қашырып отыр. Көше кезіп, топтасып жүрген бұралқылар бүгінде тұрғындарға шабуылдауды шығарған. Ұл-қызын сабақтан аман-есен келуін күтетін бұқара үшін бұл үлкен уайымға айналғанын аңғардық.
Кеше кешкілік ағамның қызы үйге «мамалап» жылап келді. Жылаған дауысты естігенде бәріміз ас ішіп отырған бөлмеден өре түрегеліп, есік жаққа ентелей бастық. Сіңілімнің киімі жұлым-жұлым, сөмкесі жыртылған. Қолы қып-қызыл қан. Оның түрін көріп, шошынған біз: «Ау, түріңе не болған?» дестік жамырай. Сіңілім бұл сұрағымызға: «Біздің көшенің жолында бір топ ит маған қарай жүгіріп, ізімнен қуды. Мен олардан қаштым, бірақ олардың бірі сөмкемді, ал екіншісі білегімді тістелей жөнелді. «Көмектесіңдер!» деп қатты айқайладым. Көшенің арғы бетінде келе жатқан бір аға менің шақырғанымды естіп, иттерден құтқарды, – деп үн қатты ол жылаңқы дауыспен. Егер әлгі кісі болмағанда сіңілім иесіз иттердің құрбаны болар ма еді, кім білсін?! Әйтеуір аман құтылыпты. Оған да шүкір дедік.
Жалпы мұндай жағдай кент көшелерінде жиі кездеседі. Үйден жұмысқа, жұмыстан үйге шыққанда әр көшенің бойында топ-тобымен жүрген иттер өзіне назарын аудартпай қоймайды. Ал жұртшылықтың жүзінен кезбе иттер қауып алмаса екен деген қорқынышын аңғару да түк қиын емес. Көпшіліктің бұл алаңының да мәні бар. Неге десеңіз, жолыңда кездесе қалатын қаңғыбас иттердің қай бұрыштан шығып қаларын болжай алмайсың. Ал шыға қалса, олардың адамға шауып, қауіп төндірмесіне кепілдік жоқ. Керек десеңіз, ешкім ештеңеден сақтандырылмаған. Бұдан қараусыз жүрген иттерге қадағалау жасамақ тұрмақ, қауіптің алдын алуға қауқарсыз екендігімізді аңғаруға болатындай. Тіпті «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңды желеу етіп, адам өміріне ат үсті қарауды әдетке айналдырып бара жатқандаймыз. Адамгершілік қағидаларына негізделген заңның аясынан шыға алмасақ, иттерден төнетін қауіп әзірге азаймақ емес. Керісінше, кезбе иттердің құрбанынан айналғандар саны күн санып көбеюде. Иесіз иттерді атуға болмайды деген заң қабылданғалы бері бұқараның базынасы мен айтар арызы да жиіледі. Әлеуметтік желіде жарыса жазып, құзырлы орындарға шағымдарын жеткізіп жүргендер жетерлік. Өкініштісі, шырылдаған көптің шағымдары әзірге шешімін таппай тұр. Өйткені құзырлылар білетін жоғарыдағы Заңға сілтеме жасап, иттерді ата алмаймыз дегенді жиі айтады. Қош, солай-ақ болсын. Бірақ жануарларды қызғыштай қорыған заңның адам өміріне қорғауға келгенде қолды байлап тұрғаны көптің кіжінісін тудырмай қоймайды. Жуырда осы мәселе төңірегінде өзінің құзырлыларға өкпе-назын жеткізуімізді өтініп, редакциямызға хабарласқан Айымжан есімді кент тұрғыны да қаңғыбас иттердің құрбаны бола жаздағанын айтқан еді.
– Кешкілік дүкенге шықтым. Үй маңайындағы дүкен жабық болған соң, келесі көшедегі дүкенге бармақ болып, жүріп келе жатқан едім. Алдымнан бір ит сау ете қалды. Күтпеген жерден шыға келгенде сәл абдырағаным рас. Бірақ қорыққанымды білдірмей, өте берейін дегенім сол-ақ екен, балтырыма жармасты. Тісі батып барады. Жан-жағымнан оны ұруға болатын нәрсе іздеп, жер сипалап кеттім. Әйтеуір қолға бірдеңе ілінді-ау. Алдым да, бір қойдым. Қатты ұрсам керек, құйрығын бұтына қысып, қыңсылай қашты. Бірақ әлгі иттің тісінің ізі кәдімгідей батыпты. Үйге ақсаңдап жетіп, дереу жедел-жәрдем шақырдым. Олар да лезде келе қойды. Басымда: «бәлкім, жаңағы құтырған ит шығар деген күдік». Қуанышыма қарай, әйтеуір олай емес екен. Бірақ солай болуы әбден мүмкін еді. Көшеде иесіз, қараусыз жүретін иттерге құзырлы орындар қадағалау жасаса екен деймін. Балаларым үшін қатты қорқамын. Біз ғой, ересекпіз. Бірдеңе ғып тайталасармыз. Бірақ жануар жауыздығын жасамай қоймайды ғой. Балалардың оларға әлі де келмейді. Сондықтан көшеде жүрген кезбе иттердің мәселесін бір жақты етудің амалын тезірек тапқан жөн, – дейді кент тұрғыны Айымжан.
Тұрғындар дабыл қағып, айтуындай айтып-ақ жатыр. Бірақ бұл күрмеулі мәселе әлі де шешімін табар емес. Өйткені болып жатқан жайттарға бейқамбыз. Тек оқыс оқиға орын алғанда ғана бас көтереміз. Негізінде бұл мәселеде біржақты көзқарас танытуға болмайды. Шенділерді шарасыз отыр деп тағы айта алмаймыз. Олар шама-шарқынша бұл мәселенің шешімін табуға талпынып-ақ жатыр. Бірақ белгіленген шеңбер аясынан шыға алмауда. Өйткені оларға заңмен бекітілген талап тосқауыл болып отыр. Содан да болар жауапты өкілдер қараусыз жануарлардың көзін жоюға жүрексініп, шегін шектеуде. Тұрғындардың айтуынша, дәл осы шектеулер мәселені одан сайын күрделендіріп, қараусыз иттердің қоғамға қауіп келтіруін одан сайын арттырып жатқан көрінеді.
– Көшеде қаптап жүрген иттердің бәрін иесіз деуге келмейді. Араларында асырандылары да бар. Байлаудан босанған соң, олар әрине көше кезіп жүреді. Тіпті кейбіреуі шабуыл да жасап жүр. Мұндай жайтты кент көшелерінде жиі көріп жүрмін. Өз басымнан да өткергенмін. Бірде орталық көшелердің бірінде жұмыстан үйге жаяу келе жатқанмын. Дарбазасы ашық тұрған үйден бір ит шығып, қауып алды. Артынан үй иесі шықты. «Итіңізді байлап қоймайсыз ба?» деген едім. Өзіме ұрсып қоя берді. Ақыры сол үйдің алдымен өткеніме өзім кінәлі болып қалдым. Заңдылығына сүйенсек, оның үстінен арыздануыма болар еді. Еш жерім зақымданбаған соң, онымен салғыласпай, жөніме кете бердім. Егер менің орнымда басқа біреу болса, айыппұл төлетіп, әкімшілік жазаға тартқызар еді. Бірақ болмашыға дауласуды құп көрмедім. Осы ретте тұрғындарға мына нәрсені баса айтқым келеді. Ит асырамаңыздар демеймін. Дегенмен жауапкершілікті де ұмытпағандарыңыз жөн. Есігіңіздің алдында жатқан төбеттің біреуге залал келтірмеуін ойлағаныңыз абзал, – дейді кент тұрғыны Сырымбек есімді азамат.
Қауіп келтірмеу керек деген сөз айтуындай айтылып-ақ жатыр. Иесі бар иттерге жауапкершілік артуды да күн тәртібінен түсірмей келеміз. Бірақ қаңғыбас иттерден қорғанудың жайы қағажу қалып тұрғаны жасырын емес. Жаңа заңда жануарларға жауапкершілікпен қарауды ескергенімізбен, екіншісін ұмыт қалдырдық. Әйтеуір олардың құқы қорғалу керек дегенді алға тартамыз. Қорғалмасын демейміз, бірақ салпаңқұлақтылардан келетін қауіптен сақтануды да ұмытпауымыз керек. Қарап тұрсақ, жыл сайын мемлекет есебінен соларды қорғау мен қадағалауға қаншама қаражат бөлінеді-міс. Бірақ сол қаржының нысаналы жұмсалып жатқандығына да күмәнданбай тұрмайсың. Себебі жасалып жатқан жұмыстар көңіл көншітпейді. Оларды оқшаулау мәселесі де кейінге қалып тұр. Білуімше, оларды оқшаулап ұстайтын орындар өңірлерде әлі жасақталмаған. Жақын уақытта дайын болады дегенге сену тіпті қиын. Сенімсіздіктің жұмысты тұралататыны айтпаса да түсінікті. Жаңсақ заңның зардабы қоғамға тимесін десек, үкімет қараусыз иттен қорғанудың басқа да амалын қарастыруға мүдделі болуы тиіс. Сонда ғана көңіліміздегі күмәнді сейілтіп, қаңғыбас ит пен одан тарайтын құтыру ауруынан өмірімізді сақтандырар едік.
Арайлым ЖҮСІПОВА
28 қараша 2023 ж. 348 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930