Тоқсан бес жылдық торқалы той
Жұма күні Қазалы халқы ауданның 95 жылдық мерейтойын тойлады. Бір күн бұрын аудан орталығына жиналған қонақтар алдымен Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында өткен конференцияда бас қосты. Конференцияға қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессор-ғалымдары, елден жырақта жүрген қазалылықтар, аудандардан делегациялар, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.
«Кеше. Бүгін. Болашақ» тақырыбындағы ғылыми-танымдық шарада Қазалы ауданының әкіміМұхтар Оразбаев сөз алып:– Қайырлы күн, қадірлі қауым!Құрметті қонақтар!Биыл Қызылорда облысының құрылғанына – 85 жыл және Сыр елінің экономикасы мен әлеуметтік дамуында ерекше орын алатын Қазалы ауданының құрылғанына – 95 жыл. Бүгінде Тәуелсіздікпен бірге түлеп, дамудың даңғыл жолына түскен киелі өңірдің айтулы мерейтойларымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Қазалы ауданының құрылғанына 95 жыл толуына арналған «Кеше. Бүгін. Болашақ»атты аудандық ғылыми-танымдық конференцияға қош келдіңіздер.
Ұлы Жібек жолының бойында қарт Қаратау мен Аралдың арасын кең жайлаған Ақмешіт атырабындағы айшықты мекеннің бірі – Қазалы. Қазаққа қадым заманнан бері қадірлі өлкенің тамыры терең, тарихы кенен.Тамыры сонау орта ғасырдағы Оғыз мемлекетінің астанасы болған ежелгі Жанкент қаласымен астасып жатқан Қазалы талай тарихқа куә. Киелі топырақта Жалаңтөс пен Әйтеке, Жанқожа мен Ақтан, Сартай, Ашабай мен Сырлыбай, Жылқыайдар мен Жетес, Үмбет пен Ерімбет, тағы да басқа әйгілі батырлар мен би-шешендер өмір сүрген. Құтты мекеннен 6 Кеңес Одағының Батыры, 5 Социалистік Еңбек Ері шыққан. Аудан аумағында Орақ батырға, Жанқожа батырға, Ақтан батырға, Жалаңтөс баһадүрге кесенелер, т.б. тарихи тұлғаларға ескерткіштер орнатылған.
Тарихқа көз жүгіртсек, 1853 жылы іргетасы қаланған Қазалы қаласы патшалық Ресей мен Кеңес Өкіметі кезінде уезъд орталығы болып, қазіргі үш ауданның басын біріктірген үлкен аймақ. Бұған қазіргі Қармақшы, Арал аудандарының территориясы кірген.
Тарихымыздан белгілі, Қазалы ауданы 1928 жылы құрылып, 1958 жылға дейін Қазалы қаласы аудан орталығы болды. Онан кейін Жаңақазалы поселкасына, қазіргі Әйтеке би кентіне көшірілді. Аудан батысында Арал, шығысында Қармақшы аудандарымен, солтүстігінде Ұлытау облысының Ұлытау ауданымен, оңтүстігінде Өзбекстан Республикасымен шектеседі. 1928 жылы құрылған аудан жерінің аумағы 37,4 мың шақырымды алып жатыр. Әкімшілік бөлінісі 42 елді мекен, 1 қалалық, 1 кенттік әкімдік пен 19 ауылдық округке біріктірілген. Халқының саны 76,4 мың адам. Бүгінгі таңда киелі өңірде салт-дәстүр мен әдет-ғұрпы сабақтасқан 10-нан астам ұлт өкілдері тіл табысып, бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүруде.
Топырағын түрсең тарихы сөйлейтін қасиетті Қазалы ауданы – қашанда қайнаған қызу жұмыстың, тынымсыз тіршіліктің, қарқынды құрылыстың ордасы. Ауданда жүріп жатқан жүйелі жұмыстар, әрбір жағымды жаңалық пен жаңаруға куә болып жүрсіздер деп есептеймін. Тәуелсіздікпен бірге түлеген қасиетті Қазалының бүгінгі келбеті – бәріміздің мақтанышымыз, – деп аудан тарихына тоқталды. Кезек баяндамашыларға келгенде алғашқы болып Әбділда Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас«Қазалының қазынасы: «Тарих пен тағылым» тақырыбында баяндамасын жасады. Бұдан соң философия ғылымдарының докторы, Қазалы ауданының құрметті азаматы Баймырза Қожамберлиевке сөз кезегі берілді. ОлТәуелсіздік жылдарындағы ауданның даму тарихын «Кемелденген Қазалы» тақырыбындағы баяндамасында кеңінен айтты.
Халықаралық ақпараттар академиясының академигі, Қазалы ауданының құрметті азаматы Ермек Зәңгіровтің «Біз білмейтін қазалылық қазақтар» тақырыбындағы баяндамасы да жиналғандарға ерекше әсер етті.
Қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазалы және Арал аудандарының құрметті азаматы Айтбай Көшербаев,филология ғылымдарының кандидаты, Қазалы ауданының құрметті азаматы Әлімжан Жарылқағанов сөз алып, жерлестерге деген жүрекжарды лебізін жеткізді.
–«Ел – елдің бәрі жақсы, өз елің бәрінен де жақсы» демекші, қасиетті де құтты мекеніміз – Қазалының мерейлі тойында бүгінгі жеткен жетістігін айтудан әсте жалықпаймыз. Осынау ғасырға жуық уақыт аралығында ауданымыз қазалылықтардың еселі еңбегінің арқасында аймағымыздағы іргелі де экономикалық қуатты аудандардың біріне айналды.
Біз, Қазалы ауданының халқы Тәуелсіздікті баянды ету жолында аянбай атсалысып, іргетасын нығайтып, қабырғасын қатайтуға үлесімізді қосу үшін бар күш-қуатымызды сарп етудеміз. Бұл үшін өз мүмкіндіктерімізбен қоса республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржыларды халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында барынша тиімді пайдалануға күш салудамыз. Соңғы жылдары ел игілігіне пайдалануға берілген мектептер мен денсаулық сақтау нысандары, балабақшалар, электр желілері мен тас жолдар, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету шаралары осының айғағы.
Ауданда индустриялық-инновациялық жобаларды iске асыру, өндiрiстi индустрияландыру, агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту шаралары жылдан-жылға дамып келедi. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде аудан экономикасы тұрақты дамып, аудан бюджетінің кірісі көбейді, – деген аудан әкімі Мұхтар Әсеуұлы бүгінгі күнге жеткен жетістіктер мен толағай табыстарға тоқталды.
– Ауданның географиялық орналасуы мен негізгі кәсіп түрі ауылшаруашылығы саласын дамытуға бейімделгендіктен қазіргі уақыт талабы өнім өндіру, өңдеу саласын дамытуға басымдық берілуде. Бүгінде Қазалы ауданы «Дәмді» сүт өнімдерімен, Қазалы кәмпитімен, ет, балық және күріш өнімдерімен мақтана алады. Уақыт талабы мен нарық сұранысына сай кәсіпкерлер тарапынан көкөніс сақтау қоймасы, жылыжай шаруашылығы, құрылысқа қажетті бұйымдар өндіру және түрлі қызмет көрсету орындары салынды. Жыл сайын диқандар өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, қамбасын толтыруға, халықты қажетті азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге атсалысуда.
Қазалы ауданында атқарылған жұмыстардың легі осындай. Қазыналы Қазалының келбеті күн сайын жаңарып, жарқын болашаққа бет алып келеді. Бастысы – елдің тыныштығы мен береке-бірлігі. Елде тыныштық пен бірлік болса, алдағы уақытта да аудан экономикасының қарқынды дамуына құтты қадамдар жасалып, аудан халқының қолдауымен жүзеге асыратын боламыз. Бір сөзбен тамыры тереңде, тарихы тым әріде жатқан Сыр бойындағы киелі топырақтың бірі – Қазалы ауданының келешегі кемел, тұғыры биік болатындығына сеніміміз мол, – деді М.Әуесұлы.
Конференциядан кейін қонақтар мен тұрғындар мерейтой аясында жаңадан пайдалануға берілетін әлеуметтік нысандардың ашылу салтанатына қатысты. Алдымен Жалаңтөс батыр саябағында тал егу акциясы болды. Қазалы қаласындағы ашық спорт алаңы ашылды.
– Баршаңызды Қазалы ауданының 95 жылдық мерейтойыаясында бой көтерген жаңа спорт алаңының ашылу салтанатымен құттықтаймын. Ел келешегі – бүгінгі ойын балалары. Сондықтан біз олардың талап-тілегімен санасып, сұранысын қанағаттандыруға тиіспіз. Мемлекет басшысының Жарлығында да балалар ойнайтын, спортпен шұғылданатын алаңдарды көптеп салуымыз қажеттігі айтылып келеді. Міне бүгінгі шағын спорт алаңы жергілікті кәсіпкер Панабек Алиев басқаратын «Болашақ» серіктестігінің балаларға арнаған үлкен тартуы деп білемін. Осы жерден болашақ ел абыройын асқақтататын талантты спортшылар шығады деп сенемін. Себебі балаға құйылған инвестиция ел болашағының жарқын кепілі. Алдағы уақытта толықтай қоршалып, жарықтандырылған спорт алаңында балалар спорттың футбол, волейбол, баскетбол сынды түрлерімен айналысатын болады. Бүгінгі күні ауданның мерейтойы аясындабалаларға қуаныш сыйлап жатқан кәсіпкер азаматқа шынайы алғысымды білдіремін. Елге қамқор болар азаматтарымыз көп болғай, – деді аудан басшысы М.Оразбаев.
Жалпы Сыр елінде былтыр аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен қала, ауданда бір мезетте 80 спорт ойын алаңы ел игілігіне берілген болатын. Бұл бастама биылда ауданымызда өз жалғасын тауып, Әйтеке би кенті мен ауылдық жерлерде спорт алаңдары пайдалануға берілді.
Содан соң Абай ауылындағы орталық саябаққа барды. Саябақта орналастырылған жаңа жабдықтардың барлығы жоғары сапалы. Енді бұл жерде ауыл тұрғындары бос уақытын тиімді өткізіп, серуендейтін болады.
– Ауданымыздың мерейлі мерекесінде құрылысты сапалы әрі уақытылы аяқтап ауыл тұрғындарының игілігіне пайдалануға беріп жатқан «Данияр 97» ЖШС қызметкерлеріне ауыл тұрғындары атынан шынайы алғысымды білдіремін. Өздеріңізге белгілі бүгінгі таңда Абай ауылын газдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Сәтін салса Сіздер үшін көгілдір отынныңда игілігін көрер күн алыс емес. Мұнан бөлек ауылдың кіреберісінде бір мезгілде 20 адамға дейін медициналық көмек көрсете алатын дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жуық арада заманауи үлгіде салынып жатқан денсаулық нысаны ауыл тұрғындарының игілігіне берілетін болады.Баршаңызды жаңа саябақтың ашылуымен құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін, – деді аудан басшысы. Бұл күні «Отбасын қолдау» орталығы да салтанатты түрде ашылды.
Түс ауа Қазалы ауданының 95 жылдығына арналған «Қазалым – қарашаңырағым» атты ауқымды іс-шара өтті.
– Баршаңызды Қызылорда облысының 85 жылдығы мен құт қонған киелі мекен – Қазалы ауданының 95 жылдық мерейтойларымен және молшылықтың мейрамы саналатын «Алтын дән» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Қойнауы қазынаға толы, жері киелі, тарихы шежірелі Қазалы ауданы мерейтойға толайым табыстармен жетіп отыр. Қазалылық дихандар су тапшылығына қарамастан жиын-терім маусымын табысты қорытындылады. Нәтижесінде біз биыл төртінші жыл қатарынан ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы бойынша «Озат аудан» атанып, үздіктердің қатарынан көріндік. Бұл әрине Сіздер мен біздердің бірлесе атқарған жүйелі жұмыстарымыздың жемісі, аудан халқының ынтымақ-бірлігінің арқасы деп білемін.
Аймақ басшысының қолдауымен Қазалы ауданында түрлі жобалар іске асырылып, толымды тірліктер атқарылуда. Осындай нәтижелі жұмыстардың арқасында елді мекенішілік жолдардың 67 проценті, ауыл арасындағы жолдардың 86 процент жақсы деңгейге жетті. Аудан бойынша елді мекендердің 99 процентіне сапалы ауызсу жеткізіліп, халық игілігін көріп отыр. Ал, аудан халқының 65 проценті көгілдір отынмен қамтамасыз етіліп, тұрғындар «отын тасып, күл шығару» машақатынан құтылған. Өздеріңіз білесіздер, Қазалы ауданы қашан да қайнаған құрылыс алаңы болып табылады. Біз биыл да осы үдеден шыға білдік. Нәтижесінде бірнеше әлеуметтік нысандар салынып, көптеген тұрғындар баспаналы болды, – деді аудан басшысы.
Қазалыда жағымды жаңалық жетерлік. Жақында ғана Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Қуатты өңірлер ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 52 пәтерлік 26 тұрғын үй салынып, тұрғындарға жаңа пәтер кілті табысталды. «Жайлы мектеп» жобасыменЖанқожа батыр ауылында 300 орындық жаңа мектептің іргетасы қаланды. Келер жылы аталған жоба аясында тағы бір білім ордасы салынады. Халыққа сапалы дәрігерлік көмек көрсету мақсатында өткен жылы аудан орталығынан шалғай жатқан Жұбан, Жалпақ елді мекендерінен жаңа медициналық бекеттер пайдалануға берілді. Ал, биыл Абай, Бозкөл және Кәукей ауылдарында дәрігерлік амбулаторияның құрылыстары басталып, жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі.
Спорт – салауатты өмір салтын қалыптастырудың басты кепілі. Бұл бағытта да атқарылған жұмыстар аз емес. Атап айтар болсақ, өткен жылы Қ.Пірімов ауылында спорт кешені пайдалануға берілсе, биыл Ү.Түктібаевта заманауи спорт кешені салынды. Өткен жылы бір ғана Әйтеке би кентінің өзінен алты бірдей спорт алаңын салып, балаларға қуаныш сыйладық. Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын тауып жатыр. Одан бөлек, аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің қас беттері әрленіп, шатырлары жаңалануда. Бұл өз кезегінде ауданымыздың ажарын айшықтай түсіп, көз тартар көрікті жерлердің қатарын көбейте түсуде. Бұл бірлігі бекем, тірлігі түзу қазалылықтардың тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы жұмыстарының бір ғана көрінісі. Алдағы уақытта да 95 жылдық тарихы бар Қазалы ауданы ел дамуының басым бағыттарын жүзеге асыруға үлес қоса бермек, – деді аудан басшысы.
Торқалы тоқсан бес жылдық мерейтой кезінде биылғы жылды табысты аяқтаған ұжымдар мен еңбеккерлер марапат мінберінен көрінді. І дәрежелі «Озат шаруашылық» номинациясы «Агро Өркен» ЖШС басшысы Медеу Есқожаев берілді. Ал «Рза Агро» ЖШС (Имандосов Нұрлан) екінші, «Jankent agro» ЖШС (Ануар Абыханов) үшінші дәрежелі диплом марапатталды.
Сонымен бірге «Озат бригадир», «Озат комбайнер», «Озат жаткист», «Озат күрішші», «Озат бидай өсіруші», «Озат жоңышқа өсіруші», «Озат жүгері өсіруші», «Озат көкөніс өсіруші», «Озат бақша өсіруші», «Озат картоп өсіруші», «Озат агроном», «Озат су маманы», «Озат орманшы», «Озат балықшы», «Озат балық өңдеуші кәсіпорын», «Озат бақташы», «Озат жылқышы», «Озат түйеші», «Озат шопан», «Озат ветеринар», «Озат ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің маманы», «Озат БАҚ өкілі», «Озат газет тілшісі» номинациялары табыс етілді. Мерекелік кеш соңы эстрада жұлдыздары мен аудан өнерпаздарының гала-концертіне ұласты.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА