Жаңашыл ұстаз – жаңа заман айнасы
5 қазан елімізде барлық мамандықтың атасы атанған мұғалімдердің кәсіби мерекесі тойланды. Өскелең ұрпаққа білім беруді өзіне кәсіп қана емес, өмірлік мән қылған ардақты да қадірлі мұғалімдер өңірімізде жетерлік. Сондай жандардың бірі – Ақгүл Қалжанова.
Ол 1991 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген. Сол аудандағы №234 орта мектепте оқып, білім алады. Қарашаңырақтан түлеп ұшқан соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне грант негізінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға түсіп, үздік дипломмен бітіреді. Одан соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне грант негізінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына магистратураға түсіп, педагогика ғылымдарының магистрі ғылыми дәрежесін алған. Талапты жастың еңбек жолы 2013 жылы Ақсуат ауылдық округіне қарасты Ж.Маханбетов аулындағы №268 мектеп-лицейінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі ретінде басталады.
10 жылдан бері оқушыларды білім нәрімен сусындатып келе жатқан жан бүгінде екі баланың анасы. Отбасылық өмірімен қызметін қатар алып келе жатқан сол мектеп-лицейдің қоғамдық жұмыстарына, оқу-тәрбие істеріне белсене араласып, шәкірт тәрбиелеуде еңбек етуде. Облыстық, қалалық деңгейдегі іс-шараларда белсенділікпен қатысып келеді. Ұйымдастырылған кәсіби байқаулар мен сайыстарға қатысып, жетістікке жетіп, кәсіби шеберлігін шыңдауда. 2021 жылы өткен қалалық «Үздік қазақ әдебиеті пәні мұғалімі - 2021» кәсіби байқауының I орын иегері атаныпты. Одан басқа да түрлі марапат иесі атанған Ақгүл Қуанышқызы бағдарлама бойынша мақалалары республикалық басылымдарда жарияланып жүр. Жұмыс жасау кезінде білім алушылары да түрлі байқаулар мен сайыстарға қатысып, биік белестерді бағындыруда.
«Ұстаз – «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» иесі. Ыстық қайратымен бар білген білімін оқушы бойына сіңіретін, нұрлы ақылымен өміріне жарық сәуле шашатын, жылы жүрегімен баланың жан-дүниесін баурай білген ұстаз ғана баланы тұлға ретінде қалыптастырады. Жаңа ғасыр мұғалімінің бойында сергектік, байқағыштық, сезімталдық, әділдік, байсалдылық, ұстамдылық, сабырлылық сияқты қасиеттер тоғыса келе, мейірімділік атты ұлы ұғыммен ұштасып жатса ғана ұстаз еңбегі өз мәресіне жетіп ұстаз деген ардақты атаудың шын иегері болады», – дейді жас ұстаз.