Серпінді сенбілік ұйымдастырылды
Қазалы ауданында «World clean up day» атты дүниежүзілік тазалық акциясы аясында серпінді сенбіліктер ұйымдастырылды.
Акцияның басты мақсаты – табиғаттың ластану проблемасына назар аудару және экологиялық мәдениетті қалыптастыру болып табылады.
Тазалық акциясына аудан әкімі Мұхтар Оразбаев та қатысып, қазалылықтармен бірге өз үлесін қосты.
Мұхтар Әуесұлы аудан орталығындағы Жанқожа батыр кесенесінің ауласында шабылған шөптерді жинастырып, халық көп жиналатын орынның мұнтаздай таза болуына септігін тигізді.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев «Бірге – таза Қазақстан» экологиялық акциясына атсалысып жатқан ұжым мүшелеріне алғысын айтып, туған жердің көркеюіне үлес қосқандарға ризашылығын білдірді.
Аудан орталығындағы дербес бөлімдер мен мекеме-кәсіпорын ұжымдары Әйтеке би кентінің шет аймақтары – «Водокачка» елді мекеніне баратын жол, 5 кварталдағы «Қазақ» қорымы мен оңтүстік беткейдегі теміржол өткелінің аумағына тазалық жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде белгіленген аумақтардағы қоқыстар алынып, арам шөптерден тазартылды.
Дәл осындай шаралар Қазалы қаласы мен ауылдық округтерде ұйымдастырылып, тазалық жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, жыл сайын 19 қыркүйек күні бүкіл әлемде «World cleanup Day» акциясы өтеді. Миллиондаған адам қоғамдық орындарды қоқыстан тазарту үшін сенбілікке шығады.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат