Топтық төбелестің алдын алу жолдары талқыланды
Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығында аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен құқық бұзушылық профилактикасы саласында атқарылып жатқан жұмыстарды талқылау мақсатында кеңейтілген мәжіліс өтті.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі – жастар мен жасөспірімдер арасында топтасып төбелесуді болдырмау және алдын алу бағытындағы шаралар болды.
Маңызды басқосуды аудан прокуроры Дарын Әбіш ашып, жүргізіп отырды.
Кеңейтілген мәжілістің кіріспе сөзі аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа берілді. Өз кезегінде Мұхтар Әуесұлы аудан әкімдігі тарапынан жастар арасындағы топтық төбелестің алдын алу бағытында көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Дегенмен де қабылданған түрлі шараларға қарамастан соңғы уақытта топтық төбелес тыйылмай тұрғаны көңілге қаяу түсіретіні жасырын емес екендігін тілге тиек етті.
Басқосуда ең алдымен аудан прокуроры Дарын Әбіш күн тәртібіндегі мәселеге байланысты баяндама жасап, құқық бұзушылық профилактикасының алдын алу бағытындағы жұмыстарда кемшілік бар екенін атап көрсетті.
Сондықтан да ауданда келеңсіз оқиғаларды тоқтату үшін бірлесіп нақты іс-шараларды атқару қажет екендігін айтып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
– Бірінші топтық төбелестің алдын алу үшін учаскелік полиция инспекторларымен, жергілікті атқарушы орган қызметкерлерімен, мәслихат депутаттарымен, үкіметтік емес ұйымдармен және әр аймақтағы аймақ белсенді жастарымен мобильдік топ құрып, рейдтік жұмыстар жүргізу қажеттігін ұсынамын.
Ол үшін мобильдік топқа аудандық прокуратураның қызметкерлерін және әр аймақтың беделді азаматтарын, келісімдері бойынша депутаттарын, мемлекеттік мекеме басшыларын кемінде 7 адамға әр аймаққа бөліп, түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет, – деді Дарын Елтайұлы.
Аудан прокуроры Дарын Әбіш сондай-ақ, мал ұрлығы мен жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты атқарылған жұмыстарға да тоқталды.
Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Кабизов сөз алып, жастар арасындағы топтық төбелестің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Мұнан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов, аудандық мәслихат депутаты Ғазиз Әліш, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері Асқар Дәлиев пен Жәнібек Жұбанғанов өздерінің ой-пікірлерін білдіріп, пікір алмасты.
Кеңейтілген мәжілістен кейін «Ашық есік күні» шарасы өткізіліп, аудандық прокуратура қызметкерлері мен дербес бөлім басшылары және Әйтеке би кентінің әкімі аудан тұрғындарының сауалдарына жауап берді.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат