Аймақ басшысы ауданда болды
Жаңа Қазақстан түсінігі пайда болғалы билік өкілдері мен халық арасындағы диалог жанданып келеді. Әсіресе Президент Жарлығы аясында әкімдердің тоқсан сайын бұқара алдында есеп беруі, аудандар мен ауылдық округтерге ат басын бұруы экономикалық, әлеуметтік бағытта дамуға да серпін берері сөзсіз. Облыс әкімі болып Нұрлыбек Нәлібаев тағайындалғалы әкімдерге талап күшейіп, қоршаған ортаның тазалығы алдыңғы қатарға шықты. Қазалы қаласын көгілдір отынға қосып, лентасын қиып кеткеніне көп болмаса да, бірер күн бұрын өңір басшысы қазалылықтармен кездесуге қайта келді.
Алдымен аймақ басшысы өңірде атқарылған негізгі жұмыстарды тізбелеп, Қазалы ауданы үшін өзекті мәселелерге тоқталды. Оның ішінде өнім өндіруге бағытталған жобалар жайын тарқатты.
– Биыл ауданда «1200 басқа арналған Ірі қара мал өсіру кешенінің және сүт өңдеу зауытының ІІ кезеңі» мен «Балық қалдықтарынан жасалған балық ұнын өндіру кешені» жобаларын жалғастырамыз. Бұл жергілікті жұмыссыздық деңгейін төмендетуге септесіп, өндіріске серпін беруі тиіс.
Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында мал басы саны да артып келеді. Мәселен, Қазалы ауданында ет өндіру ісі 101,3 сүт өнімінің көлемі 105 процентке артты. Соған қарамастан мал басы өсім алып, 115 процентке дейін өскен. Ендігі кезекте мал өнімдерін өндірумен бірге оны жандандыруға мән береміз, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Бүгінгі күні аса өзекті жолдарды жөңдеуден өткізу, ауылдарды көгілдір отынмен қамту ісі кідірмегені маңызды. Бұдан бөлек екі аралықтағы жолдың жайы жырға айналғаны бар. Өңір басшысы осыған байланысты: «Биыл Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы аралығындағы автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталады», – деп көптің көңілін серпілтті.
Заман көші ілгерілеген сайын тұрғындардың өмірін жеңілдетуге бағытталған жоспар ауқымы кеңеюі тиіс. Бұл ретте алдымен инфрақұрылым қажеттіліктің көшін бастайды. Әсіресе ауылдарға апаратын жолдардың сапасын жақсартып, жүргізушілерді әуре-сарсаңнан арылту ісі де кезек күттірмейді. Осыны еңсеру мақсатында халықпен кездесуде Қазалы қаласынан Жаңақұрылыс, Бекарыстан би ауылынан Майдакөл елдімекені бағытына қарай жол тораптарын орташа жөндеу жұмыстары басталғаны айтылды.
Сондай-ақ Қазалы қаласынан Кәукей, Қожабақыдан Бекарыстан би және Абай ауылынан Басықара елдімекені бағытындағы автомобиль жолдарын орташа жөндеуді жолшылар биыл толық аяқтап, ел игілігін көреді.
Бірер апта бұрын аудан әкімінің халық алдында есеп беру жиынында жарықтандыру, электр желілері мен бағаналарын жаңарту сөз болған еді. Өңір басшысы осы мәселе жайын да тарқата, нақтылап өтті. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында биыл Қазалы қаласының 10 көшесі жарықтандырылып, 16 шақырым электр желісі жаңғыртылады. Әйтеке би кенті мен Мұратбаев ауылы тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізсе, сәуір айында облыс әкімі ауданға жасаған жұмыс сапары барысында Қазалы қаласында алау отын жақты. Енді биыл Жалаңтөс батыр, Пірімов, Басықара ауылдарына газ кіреді.
Аймақ басшысы Қазалы ауданында кәсіпкерлік, өндіріс, ауыл шаруашылығы, білім мен денсаулық салаларында атқарылған жұмыстарды баяндап, биыл қолға алынған жобаларды тізбеледі. Мәселен, азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында жоспардан бөлек, ауданда 114 гектар жерге қосымша егін егілген.
Нұрлыбек Нәлібаев Қарлан көпірінің мәселесіне арнайы тоқталды.
– Аудан жұрты үшін ғана емес, аймақ үшін Қарлан көпірінің маңызы зор. Әсіресе, көктем мен күзгі сең жүрген уақытта екі ортадағы жол қатынасында біршама қиындық туындайтынын білеміз. 10 елдімекенді аудан орталығымен байланыстыратын көпір мәселесін арнайы барған уақытта мердігермен ақылдасып, негізгі жұмыстарды бағдарлаған едік.
Биыл ғана басталған көпір құрылысының қазірде 20 проценті орындалды. Көпірді 2024 жылы аяқтаймыз, – деді облыс әкімі.
Халықпен кездесу соңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Мұнан соң кезектілік тәртібімен азаматтардың жеке мәселелері бойынша қабылдап, аудан әкімі мен жауапты сала басшыларына нақты тапсырма берді.
***
Аймақ басшысы тұрғындарды жаңа емхананың ашылуымен құттықтап, ауданға қажетті нысандарды салу алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
– Бүгін сіздермен көптен күткен ауысымына 250 келушіге арналған аудандық емхананың ашылу салтанатында жүздесіп отырмыз. Бұл – тек қазалылықтар үшін ғана емес, барша облыс халқы үшін аса маңызды жаңалық. Жаңа аурухана науқастарға сапалы, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету үшін заманауи медициналық техникамен, құралдармен жабдықталған. Ресейден «Ангиограф» медициналық аппараты алынып, орнатылды. Бұл коронарография жасайтын аппарат аудандар ішінде тек Қазалыда ғана бар. Бұның барлығы сіздердің сапалы дәрігерлік көмек алуларыңыз үшін жасалған игі істер, – деді аймақ басшысы.
Іс-шарада «РЗА» акционерлік қоғамының президенті, Қызылорда облысының құрметті азаматы Самұрат Имандосов жерлестерін құттықтап, жылы лебізін білдірді. Бұдан кейін облыс әкімі емхананың 1 қабаттағы орналасқан медициналық кабинеттердің жұмыстарымен танысты. «Жасыл дәлізден» өтіп, балалар бөлімін аралап шықты және рентген, флюрография, маммография және ФГДС кабинеттерінің жұмыстарын көзбен көрді.
Айта кетейік, емхана құрамында қабылдау бөлімі, педиатрия, жұқпалы аурулар бөлімі, рентгендік диагностикалық бөлім, ортопедия және бронхоскопия, УДЗ кабинеті сынды бөлімдерде білікті дәрігерлер мен тәжірибелі мейірбикелер қызмет көрсететін болады.
***
Егін егу маусымы басталар алдында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев азық-түлік қорын көбейту және сырттан алатын өнімдерге деген тәуелділікті азайту үшін әр аудан, қаладағы ауылдарда егін егуге арнайы жер дайындауды және бақша дақылдарын егуді тапсырған еді. Нәтижесінде, аймақта 1454 гектар жер дайындалды. Қазалы ауданына сапары барысында Ақжона ауылдық округіндегі егістік алқабына барды. Мұнда бақша дақылдарын егумен айналысатын шаруалармен кездесіп, егін мәселесінде пікірлесті.
Облыс әкімі қазіргі кезде егісті әртараптандырудың маңызды екенін және әр ауылдың өзіндік ерекшелігін ескере келе, өнімділікті көбейту керектігін баса айтты. Сондай-ақ, арналарға су жеткізу, насос қондырғыларын уақытылы алу мәселесін жеделдетуді тапсырды.
Еске сала кетейік, Қазалы ауданында егін шаруашылығын әртараптандыру бағытында 114 гектар жер бөлініп, 228 отбасына үлестірілді. Оның ішінде 30 гектар картоп, 70 гектар көкөніс, 14 гектар бақша дақылдары орналастырылмақ.
Бұдан бөлек, Майдакөл ауылы тұрғындарына бау-бақша көкөністерін егу үшін Бекарыстан би және Ү.Түктібаев аралығындағы тас жолдың бойындағы Құлпыбай учаскесінен бау-бақша егу үшін 30 гектар және Қурайлы, Бозарық каналы бойынан 20 гектар, Жаңаталап учаскесінен 20 гектар жер учаскелері бөлінген. Мұнда шаруалар қауын, қарбыз, картоп өнімдерін егеді.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ