Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Балық өңдеп, қайық жасайды

Балық өңдеп, қайық жасайды

Балық шаруашылығы аймақ экономикасының негізгі салаларының біріне айналды. САРАТС жобасының алғашқы кезеңінің нәтижесінде тұралап қалған байырғы кәсіп қайта жанданып, бүгінде халықтың әл-ауқатын, өңірдің экономикалық жағдайын елеулі жақсарта түсті.
Өткен жылы су маржандарын өндіру 8,7 тоннаға дейін жетіп, оның ауқымды бөлігі өңдеу зауыттарында өңделді. Бұл кезеңде 3410 тонна балық өнімдері экспортталса, оның ішінде ТМД және Еуропа елдерінің нарығына шығарылғанын айта кеткен жөн. Дания, Германия, Польша, Голландия мемлекеттерінде Арал балығы үлкен сұраныспен пайдаланылады. Соңғы уақытта бағалы өнім Қытай еліне де экспорттала бастады. Балық өңдеу зауыттарының барлығы дерлік еуропалық сапа талаптарына жауап береді. Экспортқа көксерке сүбесі, қатырылған және тоңазытылған торта, табан балықтар шығарылып келеді.
Бүгінгі таңда салада жалпы саны 3 мыңдай адам еңбекпен қамтылса, өңдеу зауыттарында 500-дей адам жұмыс істейді. Саланы тұрақты дамыту бойынша облыста 10 тауарлы балық өсіру шаруашылықтары іске қосылды. Оларда тұқы тектес және өсімдік қоректі балықтар өсірілуде. Тоғандап балық өсіру – болашақта табысты салаға айналатынына сенім мол.
Биыл Арал қаласының индустриялық аймағында «Қазақстан Аквакультура ЛТД» ЖШС-ның «Балықты тереңдеп өңдеу және пластикалық қайық жасау» цехының жобасы жүзеге асырылуда. Аталған нысан жыл аяғына дейін іске қосылады. Кәсіпорын директоры Т.Көбесовтың мәліметінше, жобаның жалпы құны 160 млн теңгені құрайды.
Жаңа зауыт толық қуатында жұмыс жасағанда жылына 4000 тонна балық және 50 қайық шығаруға мүмкіндігі бар. Бүгінде жобаның филе шығару, балықты қатырып мұздату цехының және әкімшілік ғимараттарының құрылыстары аяқталуға жақын. Жаңа кәсіпорында 30-40 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жобаның тағы бір жаңалығы, қайық құрастыру цехын салу жоспарланған. Бұл балықшылардың кәсібін өз деңгейінде атқаруға мүмкіндік беретін саланың қазіргі мұқтаж тірліктерінің бірі.
Сөйтіп, жаңа зауыт балық өңдеп, қайық жасап шығармақ.
16 қазан 2018 ж. 6 098 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930