Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл шаруашылығы министрі ауданда болды

Ауыл шаруашылығы министрі ауданда болды

Өткен жексенбіде ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қасиетті Қазалы ауданында болды. Сапар барысында «РЗА» акционерлік қоғамының 660 бас мүйізді ірі қараға арналған сүт-тауарлы кешені және 30 мың тонна сүт өнімдерін қайта өңдеу зауытының жұмысымен танысты.

Ол алдымен сүт-тауарлы кешеніндегі автоматты түрде ұйымдастырылған сауу процесін көрді. Мұнан соң сүт зауытындағы сүт өнімдерін қайта өңдеу, сақтау және тасымалдауды ұйымдастыру жұмыстарына қанықты.

Аймақ экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген белгілі кәсіпкер, «РЗА» акционерлік қоғамының президенті Самұрат Имандосовтың айтуынша, 660 бас мүйізді ірі қараға арналған сүт-тауарлы кешені мен 30 мың тонна сүт өнімдерін қайта өңдеу зауыты 2010 жылы пайдалануға берілген. Мұнда «Дәмді» сауда маркасымен пастерленген, ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сары май, сыр сияқты өнімдер шығарылады. Алдағы уақытта дәл осындай маркамен йогурт, майлы айран, сүзбе ірімшік және балмұздақ шығару жоспарда бар.

«РЗА»-ның барлық өнімі облыс аумағында қолайлы бағамен сатылады. Сондай-ақ, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарына өнімдерді жеткізу жолға қойылған.

Іссапар аясында «РЗА» АҚ басшысы Самұрат Имандосов Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа өңірдегі мал шаруашылығын дамыту бағытындағы түйткілді мәселелерді тілге тиек етіп, олардың оңтайлы шешілуіне ықпал жасауын сұрады.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың ауданға жұмыс сапары кезінде Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев бірге болды.
Ұлболсын ЕРБОЛҚЫЗЫ



04 маусым 2019 ж. 1 675 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031