Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шұрайлы мекеннің шырайлы келбеті

Шұрайлы мекеннің шырайлы келбеті

Сырдарияның бойын жағалай орын тепкен Сарыкөл ауылдық округінің құрамына Абай ауылы мен Жұбан елді мекені кіреді. Бұнда 1419 адам тұрады. Жаз мезгілінде жасыл желекке оранып, анадайдан менмұндалап көзтартатын ауылдың кіреберісіне төлқұжат қойылып, шығыс беткейдегі 1 гектар жерге 230 дана жеміс ағашы, 200 терек отырғызылып, қоршауға алынған. Тұрғындар кәсіптің несібе көзі екендігін ескеріп, айтылған салаға бет бұрған. Шағын ауылдан азық-түлік, сүт өнімдері дүкені, шаштараз, наубайхана қызметін пайдалана аласыз.
Келешек –кәсіпкерлікте
Шөбі шұрайлы шырайлы мекенде шаруа қожалығы, қолөнер шебері, тігінші, мал шаруашылығымен айналысып отырған жандар қатары да уақыт өте артып келеді. Тұрғындардың күніне екі рет аудан орталығына қоғамдық көлікпен қатынауына мүмкіндік жасалған. Бұдан бөлек жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлер де табылады. Ауыл тұрғындарының асарлатуымен «Ыбырайым қари» мешіті жанынан салынған асхана ел игілігіне берілген. Жастардың ұйытқы болуымен мешіт ауласы қоршалған. Білім, денсаулық сақтау, мәдениет салаларындағы жұмыстар жақсы жолға қойылған.
Округ бойынша осы жылдың 1 тоқсанында жалпы кәсіпкерлер саны 82-ге жеткен. Ауыл әкімі Байназар Ерқосаев ауылдағы ахуалды былай деп баяндады:
– «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 6 адам оқуға ниет білдіріп отыр, «Еңбек kz» порталы арқылы электронды тіркелуге құжаттары дайындалды. Тіркелу уақытын күтуде. Аграрлы несие корпарациясы арқылы құны 15 миллион теңге болатын 2 жоба ұсынылды, қазіргі уақытта қаржыландырылуын күтуде. 6 адам ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылған және жастар практикасы бойынша 1 маманға өтінім берілді. Алдағы уақытта жұмысқа жіберілетін болады.
Округ бойынша 5 бұлақ құжаттандырылып, оның ішінде ауыл халқының тіршілігіне қажетті Абай орталығы, Коровник – 2 және Жұбан елдімекеніндегі бұлақтарды қазу жұмыстарын жүргізуге жобалық-зерттеу жұмыстары құжаттары дайындалып, аудандық ауылшаруашылығы бөліміне өтінім берілді. Көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына 2175,0 мың теңге, елді мекеннің санитариясын қамтамасыз етуге 546 мың теңге бөлінді. Елдімекеннің санитарлық тазалығына, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына жұмсалып мақсатты игеріледі.
Сарыкөл ауылдық округі, Жұбан елді мекенінде «Медициналық бекет» құрылысын салу үшін 51,6 миллион теңге қаражат облыстық бюджеттен бөлініп, құрылыс жұмыстары аяқталды. Қазіргі таңда ел игілігін көріп отыр. Бұндағы білім ордасында 12 сынып комплектісі бар. Мектепте 242 оқушы білім алды. Абай ауылдық дәрігерлік амбулатория бөлімшесінде дәрігер, фельдшер, 6 мейіркеш жұмыс жасайды. Бөлімше жедел-жәрдем автокөлігімен және 2 орындық күндізгі стационар бөлімімен қамтамасыз етілген. Халыққа медициналық көмек уақытылы әрі жүйелі түрде көрсетіліп келеді. №23 «Қарлығаш» балабақшасында 50 бала тәрбиеленуде. Онда 8 жоғары білімді педагог-қызметкер жұмыс жасайды.
Ауылдық кітапханада 22237 кітап қоры бар. 2022 жылдың 1 тоқсанында оқырмандар саны 164-ке жеткен. Оның 92-сі мектеп оқушылары. Клубта әрбір мереке атап өтіледі. Жыл басында жоспарланған мәдени іс-шаралардың барлығы ауыл тұрғындарының қатысуымен өтеді. Бұл ауылда сервистік ауыз су жүйесі толығымен тартылған. Оған «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбыры бөлімшесі қызмет көрсетеді.

Жайқалған жасыл желегі

Ауылға барған сапарымызда әкімдік қызметкерінің жол сілтеуімен ауласы жасыл желекпен көмкерілген екі отбасына бас сұқтық. Оның бірі – Нұркелді Сахидың шаңырағы. Жеміс-жидектің түр-түрі тізіліп тұр. Кезінде колхозда еңбек еткен азамат қазір көктем шығысымен жер аударып, жеміс ағаштарының түбін әктеп, шыбын-шіркейден қорғайтын дәрі-дәрмектерді даярлайды. Таң атысымен үйін қоршай егілген бағына кіріп, жасыл желектің жай-күйімен танысады.
– 1985 жылы алғашқы жеміс ағашын отырғыздым. Қазір шие, сары өрік, қара өрік, алма, алмұрт, жүзім бар. Қызанақ, асқабақ, қияр, басқа да көкөністер кіші бақшада. Жыл сайын өнім береді. Оны сатып, азық-түлік, үйге қажетті дүниелерге жаратамыз. «Баптай білсе, жер жомарт». Еңбек етуіңе қарай, берекетінде көресің» – дейді Нұркелді аға.
Бұдан соң өнімі де, көлемі де өзгелердікінен ерекше Әбутәліп ағаның бақшасына бардық. Бұнда жеміс-жидек атаулының бәрі бар. Тіпті құрма мен анар да өнім беріпті. Бағбандық кәсіптің қыр-сырына әбден қаныққан тұрғын алма мен алмұрт ағашын будандастырып, бір ағаштың бойына қос жемісті қатар шығарғанын көріп, таңдандық. 300-ге жуық жеміс ағашы жайқалған бақтан бір ғана өріктің бірнеше сортын, алма, алмұрт, шие, шабдалы және жүзімнің бес түрін таба аласыз.

– Екі ұлым бар. Балаларымның жасы шамамен 5-6-да кезі. Біздің аулада бірде-бір ағаш, не жеміс болмаған. Көрші үйден өрікті сатып алып жеп жүретін. Бір күні балаларыма «Ертең, есіктен кіргеннен жұлып алып жей беретіндей қылып, бақ жасап беремін» деп уәде еттім. Сөйтіп 2005 жылы қолға алдым. Нәтижесін көздеріңіз көріп тұр. Жер деген тұрғанымен береке ғой. Шүкір, ащы тердің тәтті жемісін жеп отырмыз. Үйді қаладан арнайы іздеп келіп, өнім алатындар бар. Ұлым Әбдуали көтерме бағада базарға апарып өткізіп келеді, – дейді Әбутәліп Бердіқұлов.
Жүрген жерінде жеміс ағаштарын жинап жүретін бағбан Орал, Қостанай, Ақтөбе, Алматы, Шымкентке барған сапарларында да құр қол қайтпай, көшеттер ала келеді. Бақшаның бабын жасай білген ол тыңайтқыштарды уақытылы сеуіп, зиянкестерден ағаштарды арашалап отырудың маңыздылығын айрықша атады. Жеміс-жидекке қырғидай тиіп, ең тәттісін «тесіп» кететін торғайларға да бағбанның ойластырған айласы бар екен.
Еңбек етуге еті үйреніп кеткен азамат бақшадан бөлек, төрт-түліктің барлық түрін асырайды. Заанен тұқымды ешкісін арнайы алдырып, сүтін сатумен де айналысып отыр.
Тұрғындар тілегі тасада қалмайды

Бұл округ әкімінің айтқаны. Яғни, алдағы уақытта атқарылар іс аз емес. Бәрі де халықтың әл-аухатының артуына бағытталған бастамалар. Мәселен, шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге жұмыс жүргізбек. Ауылдағы тозығы жеткен электр желілері мен құлау қаупі бар бағаналардың ауыстырылуына да ықпал жасаймын деп отыр. Сонымен қатар Сырдария, І.Саймаханов және Жаңа ауыл көшелеріне түнгі жарық шамдарын орнататын күнде алыс емес. Ауыл әкімі Басықара-Абай айналма жолының аяқталмаған бөлігіне жөндеу жұмыстарын жүргіздіртуге де күш салмақ. І.Саймаханов, Жаңа ауыл көшелерінің жолына жөндеу жұмыстарын кезең-кезеңімен жүзеге асыру да болашақтың еншісінде. Егіншілікке етене жақын ауыл тұрғындарын қуантқан басты мәселе ауыл әкімінің: «Ауылға аяқ су айдайтын электронасос алу жоспарымызда бар» деген сөзі болды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
ФОТО: Қаракөз ЕРМЕКБАЕВА
11 маусым 2022 ж. 574 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 55

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930