Қарашада ауа райы қандай болады
Pixabay.comБұл туралы "Қазгидромет" РМК мамандары мәлімдеді. 2025 жылғы қараша айында Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады деп болжануда, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Синоптиктердің алдын ала мәліметінше, елдің көп өңірінде жауын-шашын негізінен қар түрінде түседі. Ал оңтүстік және оңтүстік-батыс аймақтарда қар аралас жаңбыр күтіледі.
Ай бойы республиканың солтүстік, орталық және шығыс облыстарында қатты жел, бұрқасын, көктайғақ пен тұман жиі байқалуы мүмкін.
Температуралық құбылулар күтіледі
Қараша айында ауа температурасының айтарлықтай ауытқуы болады.
Айдың алғашқы онкүндігінде еліміздің солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде түнгі уақытта ауа температурасы 2–7 градус аяздан 0–5 градус жылыға дейін, ал күндіз 2–10 градус жылыға дейін көтеріледі. Онкүндіктің соңына қарай температура біртіндеп төмендеп, түнде 7–12 градус аязға, күндіз 0–5 градус аязға дейін түседі деп күтіледі.
Екінші және үшінші онкүндіктерде суық күшейеді: түнде 5–16 градус аяз, ал орталық пен шығыста 18 градусқа дейін аяз, күндіз 3 аяз – 2 жылыдан 5–10 градус аязға дейін ауытқуы мүмкін.
Айдың соңына қарай аяздар күшейіп, кей аймақтарда түнде 15–20 градусқа, күндіз 10–15 градусқа дейін төмендейді.
Оңтүстікте ауа райы қандай болады
Республиканың оңтүстік, оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс өңірлерінде қараша айында ауа райы салыстырмалы түрде жылырақ өтпек. Мұнда түнгі температура 3–12 градус аяздан 0–7 градус жылыға дейін, ал күндіз 1–18 градус жылыға дейін ауытқиды.
Дегенмен айдың соңында кей күндері түнде 5–15 градус, күндіз 0–5 градус аязға дейін суытуы ықтимал.
Жауын-шашын мөлшері
Қарашада жауын-шашын көлемі елдің көп бөлігінде норма шамасында болады деп болжанады.
Бірақ Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарының басым бөлігінде, Атырау мен Маңғыстау облыстарының батысында, Қостанайдың солтүстік-шығысында және Абай облысының шығысында жауын-шашын мөлшері нормадан көп болуы мүмкін.
Қыс қоңыржай жылы болмақ
Алдын ала болжам бойынша, алдағы қыс маусымы қоңыржай жылы болады.
Республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында күтіледі.
Дегенмен кей кезеңдерде бұрқасын, екпінді жел, көктайғақ және тұман секілді құбылыстардың жиілеуі мүмкін. Сонымен қатар, температуралық ауытқулардың әсерінен қар жамылғысында мұз қабыршықтарының пайда болуы да болжануда.










