Ақын атындағы ауыл

Жалпы ауылдық округ құрамына Абай және Жұбан елді мекендері кіреді. Аталған ауылда 1500-ға жуық адам тұрады. Балық сүйер қазалылықтардың мұнда жиі бас сұғатыны үйреншікті жағдайға айналған. Өйткені ауыл іргесімен аймаққа көрік, қармақ салғанға балық беретін Сырдария өзені ағып жатыр. Соның арқасында Абай ауылы кейбір ауылдық округтердегідей тіршілік көзінен тарықпайды. Бұдан кейін жергілікті жұртшылықтың мал шаруашылығы мен бау-бақша егумен айналысатыны ешкімді таңғалдыра қоймасы анық. Ауыл адамдарының арасында жаз түссе жер еміп, қыстыгүні қансонарда аңға шығуды кәсіп қылатындар да бар.
Заман ағымына, технологияның қолжетімділігіне байланысты Абай ауылының инфрақұрылымы өзгелерден қалыс емес. Сарыкөл ауылдық округі бойынша 11 көше бар болса, оның 8-і ақын есімімен аталатын ауылда орналасқан. Бұған дейін елді мекеннің 3 көшесіне асфальт төселген. Тағы екі жолға қиыршық тас жайылып, көлік қозғалысын біршама жеңілдетті. Ол аз десеңіз биыл Абай Құнанбаевтың мерейтойына орай бюджет бағыты осындағы екі бірдей көшені жөндеуге бұрылған. Ұзындығы 1,4 шақырым болатын Шоқан Уәлиханов көшесі толығымен асфальтталып, Кеулімжай Жанділдаев көшесінің бір шақырымы қиыршық таспен тегістелді.
Мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдау аясында іске қосылған бағдарламалары ауылды айналып өтпеген. Халық саны ауыз толтырып айтарлықтай көп болмаса да округте жетпіске жуық кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Басым бөлігі – жеке кәсіпкер. 26 шаруа қожалығы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Биыл ауылдағы алуан кәсіпкерліктің қатарына біріктірілген құны 22 миллионға жақындайтын тағы 5 жоба қосылған. Мәселен, «Кіші Абай» шаруа қожалығы “Қазалы несие” қаржы ұйымынан 7,2 млн теңге несиені ірі қара өсіру үшін алған. Жеңілдетілген несие беретін осы ұйымнан «Жайлау» шаруа қожалығы да мал басын көбейту үшін 9,2 млн теңгеге қол жеткізіп, тіршілігін бастап кеткен. Сол сияқты жеке кәсіпкер Калыбай Жүсіпәли ауылшаруашылықты қаржылай қолдау қоры арқылы жылқы өсіру үшін 3 млн жеке кәсіпкер Патима Балмаханова дәл сондай мақсатта 2 миллион теңге еншіледі. Ал ауыл тұрғыны Анар Ибайдаева стартап жобасы бойынша 550 мың теңге грант жеңіп алған. Ол қазіргі таңда тігін тігумен айналысады.

Еске сала кетейік, Абай ауылы аудан орталығы Әйтеке би кентінің оңтүстігінде 14 шақырым қашықтықта орналасқан. Тарихи деректерге сүйенсек, ауылдың іргетасы 1928 жылы қаланған. Өз заманында, нақтырақ 1928-1996 жылдар аралығында қаракөл қойын өсіретін ұжымшардың орталығы болған.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ