Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек еткеннің еңсесі биік

Еңбек еткеннің еңсесі биік

Әкімдердің есеп беру кездесуі бейсенбі күні Арықбалық ауылдық окургінде жалғасын тапты. Тұрғындар учаскелік полиция инспекторы Еркін Жақсылық, ауыл әкімі Мәулен Қайруллаев және аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың есебін тыңдады.
М.Мінажадинұлының сөзінен Арық­балық ауылдық округінде кәсіпкерлік кең қанат жайып келе жатқандығы аңғарылады. Елді мекенде 29 шаруа қожалығы, 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 29 жеке кәсіпкер, 59 шағын және орта бизнес субьектілері бар. Сонымен бірге дүкен, монша, шаштараз, кіші наубайхана, жолаушылар мен жүк тасымалы көлігі, буфет, мүлікті жалға беру, тұшпара, сален блок жасау, кафель желімін шығаратын цех, желілік маркетинг қызмет көрсетеді. Тағы да кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтем деуші екі тұрғынға жер беруге құжаттары рәсімделуде. Олар автокөлікке қызмет көрсету орны мен мал шаруашылығы құрылысын салуға ниетті. Несиеге қол жеткізіп, мемлекет қолдауын көргендер қатарында «Жүсіп Серік», «Қос-терек», «Фарида» шаруа қожалықтарының жетекшілері бар.
Жанқожа батыр ауылында жұмыссыздар санын азайтуда да бірқатар шаралар жүзеге асырылған. Мәселен, 2019 жыл бойынша ауыл әкімшілігіне жұмыссыз ретінде тіркелген 87 адамның 8-і тұрақты, 14-і маусымдық жұмысқа, 2-уі жастар практикасына орналасса, шартты және шартсыз түрінде 14 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек төленіп, 8 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған.Ауылда мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі өз деңгейінде жұмыс істейді. 2018 жылы пайдалануға берілген типтік жобадағы спорт кешенінде спорттың 4 түрінен шәкірттер тәрбиеленуде.
«Ауыл орталығындағы 10 көшенің 7-еуі толық жөндеуден өткен. Қауіпсіздік ережелерін сақтайтын белгілер, жүргіншілер жолы салынған, сонымен қатар аталған көшелерге жарық шамдары орнатылған. Өткен жылы орталық саябаққа, Әулие бағы мен көшелерге 1100 түп сыр талы қаламшалары, 250 түп көшет отырғызылып, түрлі гүлдер егілді. Отырғызылған қаламшалар мен көшеттердің шығуы 95 процентті құрады. Аптасына екі рет сукөтергіш насос арқылы ауыл тұрғындарының бау-бақшаларына аяқсу беру жолға қойылған. Көктемгі, күзгі көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазалық айлығына мекемелер мен ауыл тұрғындары, жастар белсене араласты», – деді ауыл әкімі.
Айта кетерлік жайт, бұл округ облыс бойынша өткізілген тіректі елді мекендер санатындағы «Үлгілі ауыл» конкурсында бас жүлдені иеленіп, 10 миллион теңге сыйақыны жеңіп алды. Аталған қаржыға ауылдың кіреберісіне жасыл белдеу орналастырылып, шағын спорт алаңына жөндеу жүргізілді. Жаңа берілген тракторға құм тиейтін құрылғы, дизельді дәнекерлеу аппаратын алу жоспарланып отыр. Бұның барлығы тұрғындармен ақылдаса келе, қабылданған шешім. Бір жыл бойы атқарылған істерді егжей-тегжейлі баяндаған, ауыл әкімі алдағы уақытта атқарылатын міндеттерді де назардан тыс қалдырмады.
– Ортақ Отанның басты құндылығын, асыл мұратын қастерлеп, құрметтеу әрбіріміздің парызымыз. Ел болып бірігіп, «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын алдымызға қойған мақсат-міндеттерін жүзеге асыру әрбір азаматтың борышы деп санаймын, – деген М.Мінажадинұлы келешекте шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, жұмыссыздық деңгейін азайту бағытында мал шаруашылығы мен бақша өнімдерін өндіретін кәсіпкерлік субъектілерін құруды мақсат етіп отыр.
Жиналғандар тарапынан қойылған «Мал қораларын дизенфекциялау қолға алынса», «Балалар өтетін мектеп маңына жол кедергісі орнатылса», «Аудан орталығына сыйымдылығы кең автобустар қатынаса» және көп балалы ананың «Балаларымның біреуін жұмысқа орналастырсаңыздар» деген өтініштеріне тиісті мекеме басшылары жауап беріп, оң шешім табу жолдары қарастырылатыны айтылды.

* * *
– Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес тұрғындар алдында барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беруі бүкіл республика бойынша өткізіліп келеді. Аталған басқосуда аумақтың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайлары сараланады. Бұл атқарушы органдардың халық алдындағы жауапкершілігін арттыратын өте тиімді ашық диалог, – деп сөз алған Көларық ауылдық округінің әкімі Серік Өмірзақовты жиналғандар зер сала тыңдады. Сондай-ақ учаскелік полиция инспекоры Еркін Жақсылық жыл ішіндегі қоғамдық тәртіпті сақтаудағы шаралар жайын тілге тиек етті.
Ауыл әкімінің мәлімдеуінше, өткен жылы Ақтан батыр елді мекенін көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына бөлінген 1 млн 422 мың теңге толығымен игерілген. Кіреберіс көше бойы абаттандырылып, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына берілетін трансферттер есебінен қоқыс тастайтын орын – «полигон» қоршалған. Бүгінге дейін 76 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Ботагөз Пірімжар 252 мың теңге грантқа ие болып, тігін қызметін көрсететін кәсібін ашқан. «Жас кәсіпкер» жобасымен оқыған Жанар Жәдігер қолөнер бұйымдарын жасау қызметі бойынша 505 мың теңге грант иеленіп, өз ісін жүзеге асыруда.
«Сыр маржаны» ЖШС 2019 жылы Ақтан батыр ауылында 2000 гектар күрішті күтімге алған. Әр гектардан 51,9 центнерден өнім жиналып, 103 мың 813 центнер өнім қамбаға құйылған. Бұдан бөлек арпа, бидай, жүгері және мақсары егіліп, тиісті мөлшерде өнім алынған. «Наурыз» шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы аясында Аграрлық несие корпорациясы арқылы 175,0 млн теңге несиемен қаржыландырылып, Чехия Республикасынан «Ангус» сиыр тұқымының 280 бас жас төлін, 12 бас бұқа алып, жерсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Ақтан батыр ауылындағы №190 орта мектепте 15 сынып комплектісінде 261 оқушы білім алуда. Сонымен қатар, мектеп жанындағы «Мерей» шағын орталығы екі топтағы 50 балаға тәрбие береді. Қазіргі уақытта мектепте 59 мұғалім, шағын орталықта 18 қызметкер жұмыс істейді. 2018-2019 оқу жылын 31 оқушы сәтті аяқтап, 100 процент жоғары оқу және арнаулы оқу орындарының грантын иеленді.
Дәрігерлік амбулатория ауыл халқына медициналық көмек көрсетіп келеді. Емдеу орнында ересектерді және балаларды, әйелдерді қабылдау, жұқпалы ауруларға қарсы егу бөлмесі, 9 орындық 2 палата, зертхана, науқастарды егу бөлмесі талапқа сай жабдықталған. Ауылдық клуб жанынан құрылған «Сыр аруы» би тобы республикалық «Дарын» бишілер байқауына қатысып, жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Клуб жанындағы ән, би, драма, домбыра үйірмелеріне қатысушылар аудан көлемінде өткізілген түрлі жанрдағы байқауларға қатысып, диплом мен жүлделі орындарға ие болды. Ауыл кітапханасында 18860 кітап қоры сақталған.
Халықты ел болашағының жарқын болуы жолында жұдырықтай жұмылып, ынтымақпен іс қылуға шақырған ауыл әкімі ауылдағы тозығы жеткен электр желілері мен құлау қаупі бар бағаналардың ауыстырылуына ықпал ету, елді мекенде осы уақытқа дейін іске асырылмаған, оның ішінде: шаштараз, наубайхана және тағы басқа тұтынушылар сұранысын қанағаттандыра алмай отырған кәсіп көздерін дамыту үшін түсіндірме жұмыстарын жүргізуді қолға алатынын баса айтып, қолдау көрсетуге шақырды.

* * *
Сарыкөл ауылдық округіндегі учаскелік полиция инспекторы Ұлықбек Бердібай, ауыл әкімі Байназар Ерқосаев та халық алдында жыл ішінде атқарылған жұмыстарды баяндады.
Жаз мезгілінде жасыл желекке оранып, менмұндалап көзтартатын ауылдың кіреберісіне төлқұжат қойылып, шығыс беткейдегі 1 гектар жерге 230 дана жеміс ағашы, 200 терек отырғызылып, қоршауға алынған. Осы ауылдағы тұрғындар да кәсіптің несібе көзі екендігін ескеріп, айтылған салаға бет бұрған. Шағын ауылдан азық-түлік, сүт өнімдері дүкені, шаштараз, наубайхана қызметін пайдалана аласыз.

Шаруа қожалығы, қолөнер шебері, тігінші, мал шаруашылығымен айналысып отырған жандар қатары да уақыт өте артып келеді. Тұрғындардың күніне екі рет аудан орталығына қоғамдық көлікпен қатынауына мүмкіндік жасалған. Бұдан бөлек жолау­­шылар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлер де табылады. Ауыл тұрғындарының асарлатуымен «Ыбырайым қари» мешіті жанынан салынған асхана ел игілігіне берілген. Жастардың ұйытқы болуымен мешіт ауласы қоршалған.
Білім, денсаулық сақтау, мәдениет салаларындағы жұмыстар жақсы жолға қойылған.
Мұндағы өзекті мәселе – Сырдария өзеніндегі қалқымалы көпір. Осы орайда ауыл әкімі: «Көпірді жыл көлемінде күтіп ұстау үшін тиісті мекемелермен жұмыс жасалып, қыс мезгілінде қалқымалы көпір қайта салынды. Көшелердегі түнгі жарықшамдарды күту назарда ұсталады. Екі трансформатор жөнделді. 190 үйге сервистік желі арқылы таза ауызсу тартылды», – деді.
Сонымен бірге округ басшысы тозығы жеткен электр желілері мен құлау қаупі бар бағаналарды ауыстыруды, Шоқан Уәлиханов көшесінің 700 метріне күрделі жөндеу жұмыстары және К.Жанділдаев көшесінің 1 шақырымына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жарықшамдар орнатуды көздеп отыр. Сондай-ақ тұрмысы төмен отбасыларға, қамқоршысынан айырылған және мүгедек жандарға қамқорлық көрсетіп, олардың мұң-мұқтажын тиісті орындарға жеткізуді, жаңа жұмыс орындары ашылған жағдайда жұмыссыздық есебіндегілерді алдымен орналастыруды алдағы міндеттер қатарына қосты. Ауылды көркейту-көгалдандыру, абаттандыру күн тәртібінен түспейтіндігін де тілге тиек етті.
Ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Алпамыс Түрікпенәлі тұрғындар атынан атқарылған істерге оң бағасын беріп, жол, жарық мәселесі шешілсе, нұр үстіне нұр болар еді деген ұсынысын білдірді.

* * *
Қазалы қаласындағы мәдениет үйіне жиналған халық учаскелік полиция инспекторы Нұрбол Есетов, қала әкімі Рахметулла Ізтілеу, аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың баяндамасын тыңдады.
Жиында мәлім болғандай қала тұрғындары да кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуге атсалысуда. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 31 адам білім алған. Оның екінші бағыты бойынша «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негізде 26 адам оқып, сертификат иеленген. «Еңбек нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған» бағдарламасы бойынша 7, «Өңірлік инвестициялық орталық» арқылы 4 азамат несие алып, түрлі бағытта кәсіптерін дөңгелетуде.
«Бизнестің жол картасы – 2020», «Стартап жаңа бизнес идея», «Қарапайым заттар экономикасы», «Агробизнес – 2020», «Бизнес кеңесші» бағдарламаларының игілігін көрушілер қатары жыл санап артып келеді. Нәтижесінде кәсіпкерлер саны 499-ға жеткен.
Қазалы қаласының шет аймағынан жаңадан ашылған 180 және 81 гектар жер учаскесін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында қазіргі уақытта жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Көркейту-көгалдандыру жұмыстары бойынша көшелер мен саябақтарға 2100 түп тал көшеттері отырғызылып, ағаш түптері мен көше жолының жиегіндегі бордюрлер ақталып, алаңдар мен саябақтардың, түнгі жарықшам бағаналары сырланды. Алаңдар мен саябақтарға және мекеме аулаларына жалпы көлемі 1550 шаршы метр гүл көшеттері егілді. Қаланың шет аймағында орналасқан бұрынғы өкпе аурулар диспансерінің орнына көлемі 1,5, Ақтан батыр ауылына шыға берістегі автожол жиегінен 1 гектар жасыл белдеу ашылып, қоршалды. Қаланың батыс, оңтүстік-шығыс бөлігінде және шығыс беткейінде орналасқан СНП-500/10 маркалы су айдайтын насос арқылы көшедегі талдар мен саябақтарға, үйіргелік жерлерге бекітілген кестеге сәйкес аптасына 3 рет аяқсу берілді.
Білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларында да ауыз толтырып айтар жетістіктер аз емес. 2018-2019 оқу жылында мектеп бітірген 31 түлектің 23-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 20 оқушы жоғары оқу орнының грант иегері атанды. Қазалы аграрлы-техникалық колледжінде 507 студент 10 мамандық бойынша білім алуда. Өткен оқу жылында колледжді 143 түлек бітіріп, 66-сы тұрақты жұмысқа орналасты. №18 аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебіндегі 7 секцияда 724 оқушы жаттығады.
Аудандық ауруханаға қарасты Қазалы қаласындағы амбулаториялық емхана ауысымына 150 адам қабылдайды. Күндізгі бөлімде 25 төсек жабдығы бар, айына 60 адамға дейін ем қабылдайды. Қазалы арнау­лы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 101 қызмет алушы тұрады. Қаладағы 2 кітапханада 84934 дана кітап қоры жинақталған. Қала әкімдігіне қарасты мәдениет үйінде 6 үйірме жұмыс жасайды. 2019 жылы 67 мәдени көпшілік іс-шаралары өткізіліп, көптің талғамынан шықты.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында, жемқорлыққа қарсы күресте барлық адамдардың заң мен сот алдында теңдігі, сыбайластық пен құқық бұзушылықтың зиянды зардаптарын жоюдағы барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың өз құзыреті шегінде күрес жүргізу жайы қамтылып, жалпыға ортақ міндет екендігі жөнінде тұрақты жұмыс жүргізілді.
Қазалы аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің қалалық полиция бөлімшесінде 2 учаскелік полиция қызметкері бекітілген. Қала бойынша 2019 жылы 18 қылмыс тіркеліп, оның 13-і дер кезінде ашылған.
Тұрғындарды қуантқан жағымды жаңалық – қала халқының көгілдір отынның игілігін көретін күннің жақындығы. Басшылардың айтуынша, тиісті қаржы қаралса, қалалықтар да көмір жағу машақатынан арылмақ.
Алдағы уақытта Қазақстан Республикасы Президентінің стратегиялық бағдарламаларын қала көлемінде жүзеге асыруға ықпал етуді көздеген қала әкімі Р.Жәдігерұлы мемлекеттік бағдарламаларға тұрғындарды жұмылдыруға күш салатынын айтты. Сонымен бірге Қазалы қаласы бойынша салық базасын ұлғайту мақсатында жеке кәсіпкерлерді тарту жұмыстарын ұлғайтып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуді де мақсат етуде. Қалаішілік жолдарды жөндеп, жаяу жүргіншілер жолын салу, аяқсу жүретін арықтарға қажетті желілер орнату, түнгі жарықшамдар орнату, шағын футбол алаңын ашу, Ғ.Мұратбаев саябағына абаттандыру жұмыстарын жүргізу де келешектің еншісінде.
– Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында көшелерге бейнебақылау камераларын қою, қоғамдық тәртіпті бақылауға алу, санитарлық тазалықты сақтау, №3 «Өрімтал» бөбекжай-балабақшасы ғимаратының төбе шатырын ауыстыру және сыртқы қабырғасын жөндеу, Қазалы қаласының аумағынан ашылған 180 гектар және 81 гектар жер учаскелерін инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп, тұрғын үй құрылысын жүргізуге жер сұраған азаматтарға кезегімен табыстауға жұмыстар жүргізу алдағы міндеттердің қатарында, – деді қала әкімі.
Көпшілік көкейдегі сауалдарын қойып, жауап алды. Орынды ұсыныстарды ортаға салып, ой бөліскен жандарға аудан әкімі алғысын білдірді.
Аталған ауылдық окургтер мен Қазалы қаласындағы халық алдындағы әкімдердің есепті кездесуіне Қызылорда облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Жаңабаев, облыстық аудандық мәслихат депутаттары, құқық қорғау, мекеме-кәсіпорын басшылары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.


* * *
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев пен ауылдық округ әкімдерінің халық алдындағы есепті кездесуі жұма күні Алға, Ақжона, Майдакөл ауылдық окургтерінде жалғасып, көпшілік көкейінде жүрген ой ортаға салынды. Әсіресе аталған үш ауылдың халқы ондаған жылдар бойы арман болған Әлсейіт көпірінің құрылысы біткеніне қатты қуанғандарын айтты. Қазіргі таңда ауа райына қарамастан аудан орталығына кедергісіз қатынап тұрғандарын қуанышпен айтып, аудан әкіміне алғысын жаудырды.
Таң атысымен Ү.Түктібаев ауылындағы клубқа жиналған халықтың қарасы қалың болды. Онда алдымен ауылдық округтің учаскелік полиция инспекторы Қайрат Кітабалиев баяндама жасады. Оның айтуынша өткен жылы төрт қылмыс оқиғасы тіркеліп, үш қылмыс дерегі ізі суымай ашылған. Тағы біреуінің мән-жайы зерттеліп, іздестірілуде. Ал отбасы тұрмыстық қарым-қатынастар аясында 6 азаматқа қорғау нұсқамасы толтырылып, профилактикалық есепке алынған. Бұдан бөлек 129 әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталып, тиісті шешімдер қабылданған.
Учаскелік полицей мал ұрлығы жайында ашып айтпады. Бірақ оның алдын алу үшін ауыл тұрғындарына малды кезекпен емес, бақташы арқылы бағуға кеңес берді. Сонымен қатар кәмелет жасқа толмаған жасөсіпірімдерді қылмыс жасаудан сақтау мақсатында №88 орта мектеп мұғалімдерімен бірлесіп, мейрам және демалыс күндері рейдке шығып тұрады. Ауыл жастары көбіне “Орымбет ишан” мешітіндегі жиындар мен дөңгелек үстелдерде жиі бой көрсететін көрінеді.
2000-ға жуық тұрғыны бар ауылдық округ әкімдігіне бюджеттен бөлінген 76 миллионнан астам қаржының 99,9 проценті игерілген. Бұл туралы Алға ауылдық округінің әкімі Абдулла Төлемісов есепті жиында мәлімдеді. Ал салық бойынша белгіленген жоспар артығымен орындалған. Ауыл әкімі келтірген дерек бойынша басқа салаларда да ілгерілеушілік бар.
– Қазіргі таңда мұнда 39 кәсіпкер тіркелген. Оның ішінде белсенді жұмыс істеп тұрған 13 шаруа қожалығы, әртүрлі қызмет көрсетумен айналысатын 23 жеке кәсіпкер, селолық тұтыну және 2 ауылшаруашылық кооперативі бар. Олар түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алып, істерін одан әрі жетілдіруде. Мәселен, “Ақмаржан” қожалығы шаруашылық құрылымдарын нығайту мақсатында “Қазалы несие” серіктестігі арқылы “Іскер” бағдарламасымен 11,6 миллион теңге, тағы бір жеке кәсіпкер қой малын көбейту үшін “Сыбағадан” 17,7 миллион теңге несие алып, жемісті жұмыс жасауда. Сонымен бірге ауылдың екі азаматы “Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ арқылы 3,7 миллион теңге иемденіп, жылқы малын өсірумен айналысуда, – деді А.Түлкібайұлы.
Өткен жылы сөз болған түйіткілді мәселердің биыл шешімін тапқанын байқау қиын емес. Елдімекенге “Арал-Сарбұлақ” топтық су құбырының №17 су көтеру бекеті арқылы ауызсу тұрақты түрде беріліп тұр. Округтегі мекемелер мен тұрғын үйлер ауызсудың сервистік желісіне қосылған. Сондай-ақ ауылда “КCELL” компаниясының ұялы байланыс нүктесі орнатылып, 270 шаңыраққа «Отау ТВ» жүйесі жеткізілген.
Бұдан соң аудан әкімі жыл бойы аудан бойынша атқарылған көлемді істер, қарқынды құрылыстар жайында баяндады. Алға ауылдық округінің тұрғындары өткен жылы ауылда оң өзгерістер орын алғанын айтып, Мұрат Нәлхожаұлына ризашылықтарын білдірді. Сонымен бірге орталық көшелерді жарықтандыруға, тозығы жеткен электр желілерін жаңартуға ықпал етуін сұрады.


* * *
Ақжона ауылдық округіндегі әкімнің халықпен кездесуі Майдакөл ауылындағы білім ордасында өтті. Алдымен округтің учаскелік полициясы 2019 жылы Ақжонада орын алған қылмыстық құқықбұзушылық жайында ақпар берді. Мал ұрлығы мен жасөспірімдермен жүргізілген профилактикалық жұмыстарды тілге тиек етті. Сәйкесінше ауыл тұрғындары полиция инспекторының қызметіне оң бағасын берді.
Ауылшаруашылық саласы бойынша округте 915 мүйізді ірі қара, 445 жылқы, 39 түйе, 1824 уақ мал мен 250 құс есепке алынған. Халық иелігіндегі мал саны біріктіріліп, базаға енгізілген. Сонымен қатар санитарлық тазарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұған дейін орталықтағы 6,5 гектар жерге егілген көлеңкелі ағаш күтімге алынып, аяқсу арықтары тазартылып, жасыл белдеуді қоршау жұмыстары жүзеге асқан. Ақжона ауылдық округінің әкімі Нүркен Сералиев округтегі құрылыс жұмыстары жайына да тоқталып өтті.
– Былтыр ауыл көлемінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүрді. Әлсейіт көпірі пайдалануға беріліп, Жалпақ елді мекені, Бозарық каналындағы Аяған көпірі жаңартылды. Бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, тұрғын үйлер сервистік ауызсу желісіне қосылды. Өткен жылы 10 тұрғын үй салынып, қазіргі таңда “Жиенбай ишан” мешітінің құрылысы жүріп жатыр.
“Арал-Сарбұлақ” топтық су құбыры арқылы 25 қоғамдық калонка тұрақты жұмыс істеп тұрса, тағы 8 үй өз қаржысымен сервистік жүйеге қосылған. Үй алдына дейін ауызсу құбырын жеткізу үшін жоба-сметалық құжат дайындап, облыстық бюджеттен 80 миллион теңге қаржы бөлу мақсатында жұмыс жасалуда, – деді ол. Сонымен бірге білім мен мәдениет саласында атқарылған көлемді істер жайын баяндады.
Бұдан соң аудан әкімі Мұрат Ергешбаев баяндама жасап, елдегі ахуал туралы әңгімеледі. Ауылдарға кіреберіс жолдарды жөндеу мақсатында 6 жоба дайындалып жатқанын, оның ақжоналықтарға да қатысы барын айтты. Жаңа көпірдің жақсылығын көріп, алғыс жаудырған тұрғындарға: “Бұл жоба Қырымбек Елеуұлы облыс әкімі болған тұста қолға алынды. Құрылысқа қажетті қомақты қаражат та сол азаматтың арқасында қарастырылды. Алғыс айтсақ, Қырымбек Елеуұлына айқанымыз жөн”, – деді. Ауыл адамдары аудан әкімінен енді клуб үйін салып беруді сұрады. Кездесуде аудан әкімімен қатар, ауылдық округ әкімі де тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

* * *
Майдакөл ауылдық округі бойынша 110 кәсіпкерлік субьектісі тіркелген. Оның 85-і жеке кәсіпкерлер, 25-і шаруа қожалығы. Бекарыстан би ауылында 10 азық-түлік дүкені, тігін цехы, май құю бекеті, асаба, шаштараз, кондитерлік өнімдер шығару, сұлулық салоны, пластик есік және терезе жасау цехы тұрғындарға қызмет көрсетеді.
2019 жылы «Еңбек нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы негізінде 2 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқу, 5 адам «Бизнес Кеңесші» және 10 адам «Бастау бизнес» жобасы негізінде оқыды. Нәтижесінде «Қызылорда Өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржылық ұйымы» ЖШС арқылы жүк тасымалы көлігін алу үшін 1 азамат 3,5 миллион және жылқы малын көбейту мақсатында 1 азамат 2 миллион теңге несиеге қол жеткізді. Сонымен бірге «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы жылқы малын көбейту үшін 2 ауыл тұрғыны 4 миллион теңге несие алды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының шеңберінде гранттық қаржыландыруға ұсынылған 1 азаматтың «Ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу (қауынқақ)» жобасы мақұлданып, 250 мың теңге грант берілді.
Бұдан бөлек, бизнес-идеяларды іске асыру бойынша 1 азамат 252 мың теңгеге жылқы малын алса, тағы біреуі кондитерлік өнімдер шығару жобасымен 500 мың теңге грант алып отыр. Бұл туралы баяндаған Майдакөл ауылдық округінің әкімі Ғалымжан Зинадинов басқа саланың барлығында даму белгісі барын алға тартты.
Жиында Бекарыстан би ауылының тұрғындары да электр желілері мен бағаналарының тозығы жеткендігін айтып, ауылға жаңадан КТПН трансформатор қондырғысын алуға ұсыныс білдірді. Сондай-ақ аудан басшысының назарына ауылға электр желісі тікелей Қазалы қаласынан емес, Қожабақы ауылынан келетіндігін, жолда жөндеу жұмыстары жүргізілсе жарық өшіп қалатынын жеткізді. Сондықтан жақын жердегі Жанқожа батыр ауылынан тартылса деген ойларымен бөлісті. Бұл ұсынысты Мұрат Нәлхожаұлы қолдап, тиісті бөлім басшыларына зерттеуге тапсырма берді.
Бұдан бөлек, бекарыстанбиліктер ауылға кең жолақты интернет жүйесі тартылса, ветеринариялық дәрігерге көмекші берілсе деген ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА,
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
21 қаңтар 2020 ж. 676 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 58

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930