Халықтың күші – бірлікте
Бүгінде Қазақстан этникалық біртектілікті сақтай отырып, көпэтносты елдің үлгісін әлемге паш етуде. Қазақтың байтақ даласы 130-дан артық ұлт өкілдеріне ортақ отан саналады. Сол себепті де 1 мамыр – халқымыздың бірлігі күні болып есептеледі. Бұл күнді қазалылықтар да ерекше атап өтеді. Қазір ауданда 356 өзге ұлт өкілі бір-бірімен жарастықта тату-тәтті өмір сүруде. Оның ішінде, кәріс, неміс, украин, орыс, өзбек, татар, түрікмен, башқұрт, беларусь, грек және қырғыз ұлтының өкілдері бар. Осындай айтулы мереке қарсаңында интернационал отбасынан шыққан өзбек ұлтының өкілі Линда Рустамқызымен жүздесу сәті түсті. Еңбекқор жас Қазалы теміржол емханасында қызмет еткеніне биыл бес жыл толмақ. Әуелгіде ол білімін Шымкенттегі медициналық колледжінде емдеу ісі бойынша тәмамдап, фельдшер мамандығын иемденді. Дегенмен жас қыздың зеректігіне тәнті болған басшылық оны скринингке жауапты маман ретінде бекітілді. Жас қыз емханаға қаралатын теміржолшыларды профилактикалық тексеруден өткізіп, жинақталған мәліметтерді арнайы базаға тіркеп отырумен айналысады. Күніге 30-40 адамды қабылдайды.
– Тіл білудің пайдасы зор деген түсінікпен ата-анам орыс сыныбына берген. Мектептегі жақын құрбыларым мен көршілерімнің барлығы дерлік қазақтар болғандықтан мемлекеттік тілді меңгеру қиынға соқпады. Соның арқасында қазақ тілінен олимпиадаларға қатысып жүлделі орындарға ие болдым. Басшылық тарапынан қолдау да көрсетіліп, біліктілікті арттыру курсынан медбикелік сертификатқа қол жеткіздім. Әркез ұжымдастарым демеу жасап, маған жұмыс барысында зор мотивация береді, – дейді Линда Әділбай.
– Қазір Линда өзінің жүктемесінен бөлек, еңбек демалысындағы медбикенің қызметін қоса атқарып жүр. Басшы ретінде оның адамгершілік қасиетіне ризамын. Тапсырған жұмысты екі айтқызбай өте ұқыпты әрі тиянақты орындайды. Мінезі жайдарлы әрі биязы. Қарсы келіп, сөз сөйлеген емес. Ісіне жауапты болғандықтан сенбі күндері кезекшілікке қоямыз. Кез келген істі қорықпай тапсыруға болады. Компьютерді жақсы меңгерген. Жанындағыларға әрдайым көмектесуге жаны құмар. Сонысымен әріптестері арасында өте сыйлы, – деп сөзін түйіндеді теміржол емханасының меңгерушісі Нұргүл Муса.
Линда отбасында екі ағайынды. Оның ізіне ерген інісі Анвар бұл күні Оралдағы оқу орнында білімін жетілдіріп жүрген студент. Ауылға демалысқа келгенінде ата-әжесі мен ата-анасына үй шаруасында қолғабыс болады. Атасы Құдырет пен әжесі Анна жас кездерінде би кешінде танысып, көңіл жарастырған. Он бес одақ дүрілдеп шекараға шек қойылмаған кезде Анна Әділбай Украинаның Хмелницкая облысындағы Деразня ауданына қарасты Волоское селосынан өзіміздің сол шақтары ГПТУ атауындағы кәсіптік оқуға бір топ қызбен бірге білім қуалап келген. Қандай тағдыр десеңізші?! Дегенмен кәсіптік училещені Анна әжей белгілі себептермен бітіре алмайды. Оған аса қайғыра қоймаған апамыз теміржол мекемесінде, почтада телефонист қызметінде болды. Құдырет ата екеуі 3 ұлдан 5 немере мен 1 шөбере сүйіп отыр.
– Аннамен бірге отасқаныма 54 жыл болды. Шүкір бұл аралықта бір-бірімізге демеу болып, өзара ыммен түсінісіп келеміз. Оны ата-анасынан құда түсіп аларда бірге Украинаға 21 жасымда жол тарттым. Әуелі Мәскеуге туыстарына аялдап, сонан соң еліне бардық. Ол жақтағылардың қазақ ағайындардай бауырмашылдығы мен қонақжайлылығы ұнады. Табиғаты да керемет. Далада қалсаң да аш жүрмейсің, жан-жағың жеміс ағаштарына толы. Сосын ол жақта сені таны таныма барлығы сәлемдеседі. Сонысы тәнті етті. Осы кезіме дейін бірнеше рет Аннаның төркініне бардық. Сонда байқағаным, хабарды естіген көршілерінің барлығы жиналып ата-анасының үйінде кішігірім отырыс ұйымдастыратын. Кімнің қандай азығы бар: қаз-үйрек, шұжық сынды дәмділерді дастарқанға әкеп қоятын. Жерлері өте құнарлы. Әрине ол кездер естен кетпейді, – дейді өткенді еске алған Құдырет ата.
Құдырет атаның ұлы Рустам татар қызы Альмираны келін етіп түсіргеніне де отыз жылға жуықтапты. Альмира да теміржолшы аудандағы “ШЧ-40” мекемесінде электромеханик қызметінде.
Құдырет Әділбай бір жерде тапжылмастан теміржол зауытында 45 жыл слесарьлік қызметті атқарған. Оның жолын қуған ұлы Рустам да зауытта токарьлік жұмысты еңсеруде.
Құдырет атаның айтуынша, оның ата-бабалары сонау Николай заманынан Қазалыға келіп, қоныстанып қалған. Негізгі себебі – Қазалы қаласында сауда-саттықпен айналысуы. Бұхарадан 3-4 түйеден құралған керуенмен зат тасыған. Бірнеше өзбек осылайша бірігіп сауда жасаған екен.
– Бүгінде Қазалы дамып, көркейіп келеді. Алғаш поселкеге бала кезімде көшіп келгенімізде. Көршілердің басым бөлігі орыстар, немістер, кәрістер мен өзбектер еді. кейіннен олар көшіп, қазақ ағайындардың саны көбейді. Кезінде орталықта екі-үш көшеде ғана үйлер бар еді. Қазір қандай? 60-70 жыл аралығында қарқынды дамыды. Халық саны өсті. Еңбектенгенге жұмыс табылады. Қазалылықтардай бауырмал, ашық көңілді жерлестерімді өте құрметтеймін. Сондықтан туған жерімнен жыраққа кетпедім.
“Халықтың күші – бірлікте”. Осы ауызбіршілігіміз бен татулығымыз арта берсін. Бейбіт заман болсын! – деді Құдырет Әділбай.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА