Ырыс алды – ынтымақ
Кеше аудан әкімі Мұрат Ергешбаев 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай өзге ұлт өкілдерін қабылдап, сый-құрмет көрсетті. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен басқосуға мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап пен орыс, неміс, грек, өзбек, татар және кәріс ұлтының өкілдері қатысты.
Жиналған қауымды алдымен аудан әкімі Мұрат Ергешбаев құттықтап, игі тілектерін жеткізді.
Мерекелік кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов пен өзбек өкілі Муаззам Рахметова, орыс ұлтынан Галина Шамина құттықтау сөз сөйледі. Мұнан соң Галина Шамина орыс әндерінен попури орындап берсе, Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығының өнерпаздары қазақ әнін әуелете шырқады.
Қазақстан халқының бірлігі күніне орай мерекелік шараға қатысушылардың барлығына аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың «Құттықтау» хаты табысталып, сый-сияпат жасалды.
Айта кетейік, бүгінгі таңда қасиетті Қазалы ауданында 9 түрлі ұлттың 400-ге жуық өкілі жергілікті тұрғындармен тату-тәтті өмір сүруде. Олардың барлығы қазақ тілі мен салт-дәстүрлерін жетік меңгеріп, ортақ үйіміз – Қазалы ауданының дамуына орасан үлес қосуда.
«ҚАЗАЛЫ» газеті