Қазақстандағы зейнетақы мөлшеріне жайлы өмір сүру мүмкін бе?
Picodi.com зерттеушілері әлемнің 44 елі бойынша зейнетақы мөлшерін негізге алып, оның зейнеткерлерге қолайлы өмір сүру үшін қаншалықты жеткілікті екенін анықтап көрді.
Зерттеу барысында зейнеткерлерге ай сайын мемлекет тарапынан тұрақты төленетін ақша мөлшері қарастырылған.
Бірқатар елдерде зейнетақыдан салықтық, әлеуметтік жарналар алынбайды. Ал кейбір мемлекетте зейнетақы жалақыға теңестірілген және одан табыс салығы алынып отырады. Сондай-ақ мемлекеттік медициналық көмек үшін зейнетақыдан сақтандыру төлемдері алынатын елдер де бар. Picodi.com жасаған рейтингте зейнеткерлердің нақты қолына алатын зейнетақы мөлшері қарастырылады.
44 елдің ішінде ең жоғары зейнетақыны Норвегия ($2017) тұрғындары алады. Одан кейінгі орындарда Швейцария ($1913) және АҚШ ($1663) тұр.
Кейінгі ресми деректерге сәйкес Қазақстанда зейнетақыны 2 млн-нан астам адам алады. Ал орташа зейнетақы мөлшері 100 984,2 теңгені немесе $220 (рейтингте 37-ші орын) құрайды.
Рейтингке қатысқан елдер арасында ең төмен зейнетақы мөлшері Албания ($144), Молдова ($143) және Украинада ($123).
Сонымен қатар зерттеушілер зейнеткерге қажетті азық-түлік тізімін және оған орташа зейнетақы мөлшерінің шамамен қанша пайызы жұмсалатыны анықтап көрді.
Зейнеткердің азық-түлік қоржынында: нан, сүт, йогурт, жұмыртқа, күріш, ірімшік, ет, балық, жемістер мен көкөністер болуы керек. Бұл тізім ДДСҰ және жергілікті денсаулық сақтау министрліктерінің егде жастағы адамдарға ұсынатын тағам түрлері негізінде жасалды. Тізімдегі тағам түрлері аз болса да, оның құрамындағы өнімдер (көрсетілген мөлшерде) зейнет жасындағы адамның бір айлық қоректік қажеттілігін қанағаттандыра алады.
Нан (500 г-нан 12 бөлке нан) – 1 730 теңге;
Күріш (3 кг) – 1 030 теңге;
Жұмыртқа (20 дана) – 840 теңге;
Сүт (12 литр) – 4 060 теңге;
Йогурт (5 литр) – 5 330 теңге;
Ірімшік (1,5 кг) – 3 970 теңге;
Ет (3 кг) – 4 000 теңге;
Балық (3 кг) – 4500 теңге;
Жемістер (9 кг) – 5 510 теңге;
Көкөністер (15 кг) – 6 090 теңге.
2022 жылдың наурыз айындағы баға бойынша негізгі азық-түлік өнімдерінің құны 47 680 теңгені құрайды. Демек, ең қарапайым азық-түлік өнімін сатып алу үшін қазақстандықтар зейнетақының 47,2%-тін жұмсайды.
Адамдардың тамақтану әдебі тұратын мемлекетіне, отбасына және тағы да басқа факторларға байланысты. Соған қарамастан, зерттеу жүргізгендер әртүрлі елдердегі бірдей өнімдер құнын салыстырып, орташа зейнетақының қанша пайызы азық-түлікке кететінін тексеріп көрді.
Норвегия, Австрия және Франциядағы зейнетақы мөлшері азық-түлікке жұмсалатын ақшаның ең төменгі мөлшерін құрайды. Бұл елдерде жоғарыдағы тізімде көрсетілген қарапайым өнімдерді алу үшін зейнетақының бар болғаны 13,4%, 13,7% және 14,3%-ті жұмсалады.
Қазақстан бұл рейтингте Ресей (58,9%, 38-ші орын) мен Молдовадан (59,2%, 39-шы орын) озып, 47,2% нәтижесімен 44 елдің ішінен 37-ші орынға жайғасты.
Бұл рейтингте Украина, Беларусь және Албания соңғы орындарды алды. Аталған елдерде зейнеткерлер ең қарапайым азық-түлік жиынтығына зейнетақының 84,9%, 76,7% және 72,8%-тін жұмсайды екен.
Зерттеуде көрсетілген өнімдер тізімі тек шартты түрде статистикалық мақсатта. Өнімдердің мөлшері ДДСҰ және кейбір Денсаулық сақтау министрліктерінің егде жастағы адамдарға тұтынуға ұсынған ең төменгі нормалар негізінде есептелді. Зерттеуде аталған өнімдердің бағасы әлем бойынша ақпарат жинақталған numbeo.com сайтынан алынған.
Мақаладағы валюта мөлшерінің курсы 2022 жылдың I тоқсанындағы Google Finance орташа бағамы бойынша жасалған.