Халық күткен қуаныш
Мезгіл сайын жергілікті аумақта орын алған мәселелер мен игі істерге орай облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қазалы ауданына ат басын бұрып тұратыны қалыпты жағдайға айналды. Мұны облыс тізгінін ұстап отырған шенеуніктің халық жиі ұшырасатын қиындықтарды көзбен көріп, құлақпен естуге деген ұмтылысы десек жарасар. Дәл қазіргі сәтте дала еңбеккерлері биыл келер судың көлемін, жер анаға не егерін білмей отырған қиын кезеңді бастан өткеріп отыр. Осыған байланысты кеше өңір басшысы ауданға іссапармен келіп, бірқатар ауылдық округтерге де ат басын бұрды.
Өңір басшысы алдымен аудан әкімі мен жерігілікті зиялы қауыммен қауышып, бұдан соң Жалаңтөс батыр ауылына сапарлады. Себебі Әйтеке би кентінің оңтүстік-шығыс беткейінде орналасқан 3 елді мекенді газдандырудың құрылысына сәттілік тілеп, мердігерлерді сапалы жұмыс істеуге үндеу керек болды. Айта кету керек, ауылдық округтерді көгілдір отынмен қамту мақсатында 12 дана шкафты газ реттегіш пунктін орнатып, жоғары, орта және төмен қысымды газ жүйесін жүргізу жоспарланған. Көп ұзамай заманауи отынның игілігі 800-ге жуық тұрғын үйге кіргізіліп, 23 әлеуметтік нысанды жылыту автоматтандырылады. Ал Жалаңтөс батыр ауылындағы орамішілік газ желілері құрылысының бас жобалаушысы «МС ИНДУСТРИАЛ» серіктестігі екенін еске салайық. Мұнда көгілдір отынды күтіп отырған 237 тұрғын үй мен 11 әлеуметтік нысан бар. Ол үшін бюджеттен 470 миллионға жуық қаржы жұмсалатыны айтылды.
Биыл Қ.Пірімов атындағы ауыл да от жағу машақатынан құтылуы тиіс. Сол сияқты Басықара ауылдық округін газдандыруға 283,2 миллион теңге қаралған.
Мұнан соң облыс әкімі Қарлаң учаскесіне салынатын көпірдің іргетасын қалау рәсіміне қатысты.
Бірнеше жылдан бері Қазалы ауданының тұрғындары қыста мұз қатып елді әбігерге салатын, қызыл судан құтқаратын көпір салуды көтеріп келді. Енді бұл мәселе шешімін тауып, Қарлаң өткелінің құрылысы басталды. Жаңа көпір арқылы Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы, Өркендеу, Бірлік, Қожабақы, Аранды, Бозкөл, Ажар, Тасарық және Кәукей елді мекеніндегі 12 мыңға жуық халықтың алыс-берісі артып, жол қатынасы жақсармақ.
Аймақ басшысы Сырдария өзені арқылы өтетін темір-бетон көпірі құрылысының маңыздылығына тоқталып, тұрғындармен кездесу барысында бұл нысанның ерекше бақылауда болатынын жеткізді.
– Бүгінгі күні аталмыш көпірді салу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Көпірдің экономикалық тиімділігі де зор. Себебі, сауда-саттық қарым қатынасын жақсартуға және Сырдария өзінінің арғы бетіндегі егін және балық шаруашылығы дамытуға оң септігін тигізеді. Қауіпсіз және тұрақты көлік қатынасымен қатар, медициналық қолжетімділікке оң әсерін беретін болады. Жалпы Қазалы ауданында жол салу, инфрақұрылым жүргізу, әлеуметтік нысандар салуға бағытталған 10-нан астам жоба жүзеге асырылады, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Айта кетейік, Қарлаң учаскесіндегі темір-бетон көпірі «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автомобиль жолының 16 шақырымында орналасқан. Өткелдің ұзындығы 249 метрді құрайды. Бұған дейін көліктер Сырдария өзені арқылы өтетін қалқымалы көпірмен қатынап келді.
Сапар аясында облыс басшысы Бозкөл ауылының тұрғындарымен кездесіп талап-тілектерін тыңдады. Ауылдық ардагерлер кеңесі мен қоғамдастық төрағасы Жанұзақ Келімбетов аймақ басшысының сапарына сәттілік тілеп, ауылға жаңа балабақшаның ауадай қажеттігін тілге тиек етті. Қазіргі таңда “Ақкөгершін” балабақшасы апатты жағдайда. Балалар мектептің бір блогында уақытша орналастырылған. Онда елу бүлдіршін тәрбиеленуде. Жаңа балабақша бой салынса, ол тоқсан орынға арналып, жұмыспен қамтылатындар саны артпақ. Сонымен қатар аймақ басшысы Бозкөл мен Қожабақы арасындағы жол және ауыл ішіндегі бір жол жөндеуден өтетіндігін айтты. Бұдан соң облыс әкімімен бірге, бірқатар азаматтар ауылдағы орталық саябаққа тал екті. Ауыл ақсақалы, 90 жастың төріне шыққан қария Бердалы Қиясов ақ батасын беріп, жұмыс сапарымен келген топты шығарып салды.
Естеріңізде болса, биыл тамыз айында тағы бір жаңа мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жобаның құны 850 миллион теңгеге жуықтайды. 250 балаға арналған білім ұясының құрылысы өткен жылы қыркүйек айында басталған. Құрылыстың А, Б, В блоктары бойынша бірінші қабат қабырғаларының кірпіштері өріліп, плитасы жабылған.
Бүгінде мұндағы шаруа қарқынды жүргізілуде. Бұл бағытта атқарылып жатқан істердің барысын бақылап, саралау мақсатында облыс басшысы Гүлшара Әбдіқалықова арнайы барды. Ардагерлермен жүздесіп, халықтың ұсыныс-пікірін тыңдады.
Қиындықтарды еңсере аламыз ба?
Игі істердің ақжолтай жаңалығы хабарланып, нақты тапсырмалар берілгеннен кейін ауыл шаруашылығы мәселелерін талқылау бойынша аудан әкімдігінде мәжіліс өтті. Онда өңір басшысы қуаңшылыққа байланысты жарияланған төтенше жағдайға тоқталып өтті. Сол тұста облыстық қазынадан 450 миллион теңге бөлінгені есте. Қомақты қаржы мал азығын қамтуға, жүк көліктерінің жанармайын тауып беруге жұмсалған. Гүлшара Наушақызы биыл да маусымдық қиындықтарды еңсеру үшін тиісті шаралар атқарылатынын еске салып, жергілікті ахуалды баяндау үшін сөз кезегін аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа берді.
– Қазіргі таңда ауданда 300-ге жуық ауылшаруашылық техникасы бар десек, оның 90 проценті жұмыс жағдайында тұр. Осы сәтте жайылымдар мен егістікке су жіберуге дайындалып жатырмыз. Сондай-ақ істен шыққан насостарды қызу тіршілік басталғанша жөндеп бітіреміз. Шөп тапшылығы жоқ, қазіргі сәтте ауыл, қала, кентті қосып есептегенде қорда 33,5 мың тонна мал азығы бар, – деп маңызды мәселелерге қысқаша тоқталды. Әсіресе, Тасарық пен оның айналасындағы елді мекендерді жаз бен күз мезгілінде су басатынына ден қойды. Қиындықты еңсеру үшін өңір басшысынан Алтай каналын тазартуға ықпал етуін сұрады. Мұндай мәселе Бекарыстан би ауылында да орын алған.
Мәжілісте облыстық су шаруашылығы басқармасының өкілдері биылдың өзінде сумен қамтуда біршама қиындық туындайтынын ашып айтты. Жауапты мамандар 1 сәуірге дейін 5,2 миллиард текше метр су жинауды жоспарлап отыр. Ол үшін Көксарай мен Шардараға құйылатын 9 миллиард текше метр тіршілік нәрінің жиналғанын күтіп отыр. Сәйкесінше бір бөлігі Қазалыға келуі тиіс. Өзбек пен қырғыздың су мамандары жауын шашын мөлшерін лимитті есепке салып, болжап береді. Мұндағы құзырлылар көрші елдің сушылары берген көлемге қарай өңір, аудандарға бөліністерді бірер күнде жарияламақ. Солай бола тұра биыл өткен жылға қарағанда су мөлшері 25 процентке кемуі мүмкін екені айтылды.
Әңгіме көлдер жүйесін суландыру жайына келгенде «РЗА» АҚ-ның төрағасы Самұрат Имандосов ұңғымалар мен электронды насостардың қажетсіз жерге орнатылғанын қадап айтты. Жұрт басына түскен қиындықты жеңу үшін мемлекет бөлген қаржыға алынған құрылғылардың нәтиже көрсетпейтініне налыды. Осы тұста Гүлшара Наушақызы қаржының тиімсіз жобаға жұмсалуы сұралатынын басқарма басшыларына қатаң ескертті.
Бұдан соң Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев саласына байланысты баяндама жасады. Диқандар күріш көлемін қысқартуға мәжбүр екенін мәлімдеді. Сондай-ақ жоңашықаның осы тұста тиімді кәсіп екенін еске салып, майлы дақылдар көлемін арттыруға күш салуға шақырды. Ресей мен Украина арасында туындаған санкцияға байланысты өзбектің арзан күрішін сатып алатынын, сонда қазақстандық диқандар өсіп шыққан өнімді өз бағасына да сата алмай қалу қаупі барын ескертті. Осы мәлімдемеге байланысты С.Имандосовтың: «Қандай майлы дақыл егуге кеңес бересіз? Жоңышқа өсетіні рас. Жердің тұздануы 25 процентке артқанын біліп отырмыз. Егер Қазалы күріш екпесе тұз көрші ауданға көшетінін білесіз бе?», – деген сауалы жауапсыз қалды. Дегенмен басқарма басшысы ауылшаруашылық ғалымдарымен топырақты зерттеу, егінге байланысты шешім шығаруда бірлесе жұмыс жасайтынын айтты.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
Суреттерді түсірген
Нұрлан ҚАНАТ