Салық түспей, бюджет бүтінделмейді
Салық жүйесі – мемлекеттің қаржылық қуатының басты тірегі һәм негізгі кіріс көзі. Сол арқылы мемлекет өзінің көптеген қоғамдық-әлеуметтік, саяси-экономикалық мәселелерін шешіп, тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Сондықтан азаматтарынан алимент алмайтын ел жоқ. Оның ішінде әр аймақ, әр аудан салық базасын ұлғайту шараларын үздіксіз ұйымдастыруға күш салатыны анық.
Біздің ауданда бұл бағыттағы ахуал қандай? Расында, қырық жылға жуық қаржы органдарында қызмет істеген мені саланың жайы алаңдатады және жаңалықтарына құлағым түрік жүреді.
Жуырда Қазалы аудандық кірістер басқармасының басшысы Темірлан Қожаназаровпен хабарласып, жағдайын сұрағанымда, ол ауданның мемлекеттік бюджетінің кіріс болжамының жылма-жыл тұрақты орындалып келе жатқанын айтты.
2021 жылдың болжам жоспары 100 пайызға орындалып, бюджетке 110 млиллион теңге артық түсім түскен екен.
Кезінде әлем нарығында «қара алтынның» құны шарықтап тұрғанда, Қызылорда субсидиялықтан «донорлық аймаққа» айналады деп топшыланған. Алайда соңғы жылдары жаһанда мұнай бағасының күрт төмен түсуі өңір экономикасына кері әсерін тигізгенін білеміз.
Үстіміздегі жылы аудан бюджеті 20 миллиард 788 миллион теңге болып бекітілген. Оның ішінде: өз кірісіміз – 1 млрд 807 млн теңге болса, субсидия 14 млрд 413 млн теңге. Демек өз кірісіміз 8,7 процент қана. Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады?
Аудан тіршілігіне қажетті қаржының 91 проценті мемлекет есебінен өтелуде. Басқаша айтқанда, өндірісі дамыған табысты аймақтарға, мемлекетке масылдық көзқараспен қарап отырмыз деуге негіз бар. Бюджет тайқазанына ожауды салып, жантайып жатып іше бермей, субсидияны аз қолдану жолдарын қарастырып, салық салу базасын ұлғайту қажет. Осылайша масылдықтан арылып, өзін-өзі қамтамасыз ететін жағдайға ұмтылыс жасау керек.
«Түйесі жоқ ауылға тайлақ атан көрінер» демекші, көрші аудандарда ірі-ірі кәсіпкерлік нысандар мен өндіріс орындарының ашылып жатқанын білгенде еріксіз таңдай қағатынымыз бар. Кәсіпкерлік – ел экономикасының негізі. Сондықтан да мемлекет басшылығы осы салаға аса мән беріп отыр. Дамыған елдерде мемлекет бюджетінің басым бөлігін кәсіпкерлер толтырып отырады.
Ауданда бұл бағытта 5500-ден аса адам тіркеліп, облыста көшбастап тұр. Олардан түсетін алым салық жылма-жыл артып келеді. Бұл ретте біздің аудандағы салық саласы қызметкерлерінінің қажырлы еңбегін айта кеткен абзал. Десек те олардан түсетін түсім әлі де көңіл көншітерлік деңгейде емес. Себебін тарқатсақ, қазір ауданда құрылыс қарқынды жүргізіліп жатқанымен, оған қажетті материалдар кірпіш, брусчатка және тағы басқаларын өз өлкемізде өндіруге мүмкіндік болмай, сырттан тасымалдануда. Бүгінде баяғыдай асарлатып үй салу да жоқтың қасы. Оның орнын алмастырған жабайы құрылыс бригадалары заңды органдарда тіркелместен, жұмысын жайбарақат істеп жүр. Іздесеңіз, орталық базар маңынан да табуға болады.
Айтпағым, неге аудандағы заңды құрылыс мекемелері жеке тұлғалармен келісімшарт жасасып, қолжетімді бағада олардың үйін салмасқа? Бүгінде өзін-өзі қамтамасыз етіп жүрген жандар да жеткілікті. Олардың әлеуметтік жағдайлары жұмыспен қамтылған адамдардан артық боламаса, кем емес. Мемлекетке ешқандай салық төлемейді, бірақ мемлекеттік бюджет есебінен балаларын мектепке оқытып, ауырса, тегін көмек көріп отыр. Сондай-ақ такси қызметі, шоу-бизнес өкілдерінің (асаба, әнші, фото-видео түсіру, би топтары т.б) көбі тіркелмеген. Олардан салық өндірудің жолын қарастырған жөн.
Мұны неге айтып отырмын? Негізінде, біздегі кәсіпкердің дені сауда-саттық пен той бизнеске бетбұрыс жасаған. Өнім өндірушілері саусақпен санарлық. Бұл тұрғыда Самұрат Имандосов, Мнәжадин Өтеев, Аманбай Ерқатов, Төребек Игіліков, Мерей Есқожаев, Ібайдулла Тілеп, Есет Серімов сынды кәсіпкерлерді ауыз толтырып айтуға болады. Сондықтан жергілікті кәсіпкерлер жиған қаражатын мемлекет бюджетінің бүйірін қампайтатын әрі тұрақты жұмыс көзін көбейтетін өндіріске құйғаны қайырлы болар еді. Бұл өзгеге жалтақтамаудың қамы.
Қат-қабат мәселелердің тоғысқан ортасы Қазалы ауданына Мұхтар Әуесұлы әкім болып келгелі бері бұл бағыттағы жұмыстарға да мән беріп отырғанынан жұртшылық хабардар.
Ел Президенті Қ.Тоқаев шағын кәсіпкерлік, оның ішінде микрокәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайды жақсарту мақсатында «Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын кәсіпкерлік субьектілерін тексерулерді және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуді тоқтату» туралы жарлыққа қол қойған. Мемлекет басшысы аталмыш қаулымен кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік жасап, тапқан табыстарынан мемлекетке адал салық төлеулеріне сенім білдірген болатын. Бірақ сенімге селкеу түсіретін кәсіпкерлердің саны әліде азаймай тұрғаны қынжылтады.
Өзім байырғы салық бақылаушысы болған соң, кез келген кәсіпкерлік нысанның салықтан жалтару бағытындағы құйтырқы әрекеттерін бірден байқаймын.
Айталық, олардың көбі қарамағындағы жалдамалы жұмысшыларын кірістер басқармасынан тіркеуден өткізбейді. Сондықтан оларға зейнетақы қорына, сонымен қатар әлеуметтік салықтарын төлемейді.
Кешегі күнге дейін олар «Kaspi gold» арқылы есеп айыратын. Алайда олар салықтан жалтару мақсатында электронды төлемді кәсіпкерлікке қатысы жоқ адамдардың атынан қабылдайтын еді. Алайда интернет саудаға салық салынатынын естіп, бұл әдісін күрт тоқтатты. Қазір тізбектескен қымбатшылық жағдайында өмір сүріп жатқанымыз жасырын емес.
Айталық, құрылыс заттары 50 пайызға, тұрмыстық заттар 30, азық-түлік 20 пайызға деген сияқты арзандап жатқан дүние шамалы. Мені қызықтыратыны, сала кәсіпкерлері өз декларацияларында өткен жылдармен салыстырғанда табысында өсім бар ма? Салығында ше?
Көлеңкелі бизнеспен бел шеше күресу қажет. Мәселен, ауданда кәсіпкерлердің басым бөлігі бақылау-кассалық машинасымен халыққа қызмет атқарады. Қарапайым тілмен айтқанда, кәсіпкердің табыс мөлшерін өлшейтін аппарат. Сондағы көрсеткішпен олар кірістер басқармасына есеп берді.
Алайда олардың басым бөлігі түрлі құйтырқы әрекеттер жасап, тұтынушыларға түбіртек бермейтіні жасырын емес. Сатып алған тауарларына немесе көрсетілген қызметіне қасақана кассалық чек бермеу – табысты жасыру арқылы салықтан жалтару болып саналады. Бұл аз десеңіз, кейбір кәсіпкерлер мемлекеттік тіркеуде жоқ бақылау-кассалық машинасымен жалған түбіртек шығаруда. Мұндай әрекеттердің де тамырына балта шабу қажет. Ал бақылау-кассалық машинасының түбіртегінде мынадай ақпараттар болуы тиіс: салық төлеушінің атауы, ЖСН нөмір, касса машинасының тіркеу нөмірі, түбіртектің реттік нөмірі, қызмет көрсетілген күні, уақыты, касса қызметкерінің аты-жөні, тауардың, қызметтің бағасы, жалпы сомасы. Оның ішінде қосылған құн салық соммасы, қызмет көрсетілген тұрағы: Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті , көше атауы, үй нөмірі, АО «Қазақтелеком» сайты.
Бұл деректер түгел болмаған жағдайда түбіртек жарамсыз болып табылады.
Нарықтық экономика салыққа тәуелді болғандықтан, салық базасының көзін тауып ұлғайту – басты міндет. Көлеңкелі экономикамен күрес жүргізіліп, қазына қаржысын еселеген жөн. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтауға тиіс емес.
Кемел КӨПЖАСАР,
Қаржы, салық саласының ардагері