Салық базасын ұлғайту мәселелері талқыланды
Сәрсенбіде аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен салық базасын ұлғайтуға байланысты мәжіліс өтті. Мәжіліске дербес бөлім және мекеме-кәсіпорын басшылары, қала, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – салық базасын ұлғайтуға байланысты берілген тапсырмалардың орындалуы мен жұмысшы топтардың жұмысы жөнінде аудандық қаржы бөлімінің басшысы Әліби Әбиев хабарлама жасады.
Бөлім басшысының айтуынша, ауданда салық базасын ұлғайту жөнінде 3 жедел топ құрылған. Бірінші топ бақылау кассалық машинаны қолдану, чек талап ету жұмыстарымен, екінші топ құрылыс объектілерін зерттеу, тіркелмеген объектілерін салық төлеуге тарту жұмыстарымен, үшінші топ жолаушы, жүк тасымалы бойынша жұмыстар атқаруда.
Мұнан соң Қазалы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Темірлан Қожаназаров «Жергілікті салық жоспарының орындалуы туралы» баяндама жасады.
Бюджеттің орындалуы туралы хабарламаларды тыңдаған Мұхтар Оразбаев бюджет түсімі бойынша белгіленген жоспардың толық орындалуы тиіс екенін атап айтты.
Аудан басшысы бюджетке кіріс түсірудің жолдары өте көп екенін айта келіп, жасырын жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерді тіркетуді тапсырды.
Сондай-ақ, «Туған жерге демеу» акциясы аясында әрбір ауылда туып өскен кәсіпкер азаматтардың туған жерге көмек көрсетуін үйлестіруге болатынын айтты.
Басқосуда әрбір ауылдық округ бойынша 2024 жылға дейін жасалған экономикалық даму жоспары да сөз болды. Бұл туралы аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Ахметулла Аманов хабарлама жасап, осы жоспардың бүгінгі күнге жүзеге асырылу барысы туралы айтып берді. Жоспарда барлық салалар бойынша талдау жасалып, мүмкіндіктерге қарай жүзеге асырылатын жобалар мен мақсатты индикаторлар анықталған.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бөлім басшысына бөлімдерден жинақталған жобаларға келісе салмай, әлеуетімізді жан-жақты талдап, сапалы жоспар жасалуын қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
Сондай-ақ, қала, кент және ауылдық округ әкімдерінің салалар бойынша көрсеткіштері сараланып, берілген тапсырмаларды тиісті деңгейде орындамаған басшылардың жауапкершілігін қарауды тапсырды.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат