Сыйлықта сапа болса екен...
Жаңа жыл – жақын адамдардың бір-біріне ізгі тілектерін арнап, түрлі сыйлық сыйлайтын мереке. Мұны ойыншықтармен әрленген шыршасыз, балаларға арналған қуыршақ пен сый-сияпатсыз елестету мүмкін емес. Алайда жақындарымызды қуанту үшін берілген кәде олардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін екенін ескере бермейміз. Бүгінгі күні «қытайлық» арзан ойыншықтардың зияндылығын анықтайтын арнайым ұйым болғанымен кәсіпкерлер амалын тауып, сапасыз бұйымдарды саудалап жүргені рас. Себебі бағасы қолжетімді. Болмашы тиынға сатып алып, балаларына немесе жақын жандарға сыйлап, риза қылдым деп ойлап жүргендер оның қаншалықты зиян екенін білгені жөн. Бүгін осы тақырып төңірегінде ізденіп көрелік.
Ойыншықтың дәмі
Қазір балалар дүкені сөрелерінде көз тартарлық ойыншықтар көп-ақ. Бала күнімізде ғана армандайтын осынау жарқыраған сән-салтанат қазіргінің кішкентайларына жаңалық емес. Балалардың көңілін аулап, қызықтыратын ғана емес, сонымен қатар оның денсаулығына қауіпсіз ойыншықтарды қалай дұрыс таңдау керек?
ЕАЭО аумағында жасалған немесе одақ елдерінен әкелінетін балалар ойыншығы Кеден одағының «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің талаптарына сәйкес болуы керек. Сол сияқты тұтынушыға өндіруші немесе жеткізуші сәйкестік сертификатын ұсынуы қажет.
Ойыншықтардың техникалық регламенті 3 жасқа дейін және 3 жастан асқан балаларға арналып жасалады. Бұл әлі есін білмейтін балаларға арналған бұйымның зиянын барынша азайтуға арналған. Ал тексерістен өткізетін мамандар олардың бала ауыз қуысындағы шырышты қабығына қауіпсіздігіне сынақ жүргізеді.
Сыйлық таңдағанда нені ескеру керек?
Сыйлықтарды елге кіргізу бойынша жалпыға бірдей талап бар. Техникалық ерекшелігінде 3 жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтың құрамында ұсақ бөлшектер, сондай-ақ үлбір, шыны, фарфор, шынайы былғары, қадалы резеңке, картон, қағаз, 3 мм өлшемінен кіші түйіршіктер сияқты материалдар болмауы керек. Бала бәрін аузына салатындықтан, заттың бетіне тұрақсыз бояу жағуға да тыйым салынады.
Әрине кішкентайлардың қауіпсіздігі тек өнім шығарушы жақтан ғана қадағаланбайды. Өзіміз байқап жүргендей, сапасыз ойыншықтар дүкен сөрелеріне амалын тауып жайғасқан. Бұдан кейінгі бақылау ата-анаға жүктелсе керек. Ойыншық сатып алғанда оның үшкір бөліктеріне, серіппелеріне, бекіткіштеріне сүйірленген қатпарлары мен бұрыштарына назар аударылу керек. Бала көбіне осындай бөліктерден зардап шегеді. Жұмсақ аюдың тігісінің беріктігін, олардың толтырғышында қатты немесе өткір заттың болмауын тексеру қажет.
Балаларға арналған маска мен каскаларды сатып алғанда, міндетті түрде өзі киіп, тексеру керек. Дәрігерлер жаңа жыл қарсаңында аталған ойыншық салдарынан өкпесіне оттегі жетпей, тұншығып қалатындар көптеп саналатынын айтады. Сол сияқты оптикалық ойыншықтарды (дүрбі, ойыншық микроскоптар, телескоптық көздеуішпен ойыншық қару) таңдағанда ерекше қырағылық таныту маңызды. Неге десеңіз, арзан бағадағы мұндай ойыншықтың оптикалық бөлшегі бүлдіршіннің көру қабілетін нашарлатып жіберуі мүмкін. Жарықдиодты пайдаланатын ойыншықтар көзіне теріс әсер етпеуі, зиянды сәулеленуді тудырмауы тиіс. Әсілі, лазерлік жүйесі бар ойыншықты таңдамаған дұрыс.
Ойыншық жасау оңай іс емес
Жылда мереке қарсаңында кәсіпкерлер үлкен қалалардан, тіпті жақын шетелдерден дәмі тіл үйірер торт таситын. Бағасы арзан болғасын дастарқанның сәні деп жұрт жұмыла сатып алатын еді. Қазір ауданда кондитерлік өнімдер жасау ісі ілгерілеп келе жатқандықтан жергілікті тұрғындар сырттың тағамынан гөрі өзімізде жасалған тәттіні алғанды жөн көреді. Сол сияқты бағасы қолжетімді, ұлттық нақыштағы ойыншықтар жасап шығару ісін дамыту керек-ақ.
Балалардың ертегілерді жақсы тыңдайтынын білеміз. Егер қазақ ертегілерінің желісімен ойыншықтар жасалса, бұл таптырмайтын сыйлық болар еді. Бүлдіршіндер үшін батырлар асынған қару-жарақ, мінген арғымақ пен ыдулыға-сауыттары қызықты. Әрісін айтпағанда, ен далада жайылған төрт түлік мал мен жануарлардың өзі сәбилердің бір-бір ойыншығы емес пе?!
Бүгінде әрбір қазақ баласының қолынан көк көзді, жалбыр сары шашты қуыршақ пен шетелдік жаңа үлгідегі машина, соғысуға бейім тапанша, «Терминатор» тәрізді ойыншықтарды көресің. Бәлкім, отандық ойыншықтар болмағандықтан, ата-аналар сынаптай сырғып, тез сынатын шетелдік ойыншыққа мұқтаж болар. Ал егер сол қуыршақтар таза жүннен не мақтадан, машиналар ағаш пен темірден жасалған болса, бала кішкентайынан қоршаған орта туралы дұрыс мәлімет алмақ. Оның үстіне денсаулығына қауіп те азаяр. Осы тұста сала басшылары кәсіпкерлерді ойыншық жасау ісіне, инновациялық қазақы жобаларға жігерлендірсе нұр үстіне нұр болушы еді.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ