Сенаторлар біркүндік жалақысын тасқын судан зардап шеккендерге аударады
Сенат депутаттары біркүндік жалақысын тасқын судан зардап шеккен Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарына аудару шешімін қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Шығыс Қазақстан облысында тұрғындар тасқын судан зардап шегіп отыр. Бес қала мен 12 аудан су тасқынына ұшырады. Осыған байланысты бірқатар ауданда төтенше жағдай жарияланды. Жергілікті атқарушы орган табиғи апатқа байланысты тиісті шаралар қабылдауда, барлық шығысқазақстандық жұмылып, тілсіз жаумен белсене күресіп жатыр. Алайда техника, адам күші барынша жұмылдыруына қарамастан орын алып отырған жағдай қосымша қаржылай қолдауды қажет етеді", — деді бүгін сенаттың отырысында депутат Дүйсенғазы Мусин.
Сенатор бұған дейін де осындай жағдайға душар болған отандастарға депутаттардың көмек қолын созғанын, сол қамқорлық пен ағайындықты биыл да көрсетуге шақырды.
"Әріптестер, су тұтқынында қалған және табиғи апат салдарынан үлкен қиындықтарға кез болған Шығыс Қазақстан облысындағы отандастарымызға көмек қолын созып, біркүндік жалақымызды аударуды ұсынамын. Осылайша, қиын уақытта қолымыз жетпесе де, көңіліміз бен жүрегіміз осы өңір халқымен бірге екенін көрсетіп, ұсынысымды қолдауларыңызды сұраймын", — деді сенатор.
Депутаттың бұл бастамасын сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдады.
"Ешкім қарсы болмайтын шығар. Жақсы ұсыныс. Шешім қабылданды деп есептейміз. Бұл біздің Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқынан зардап шеккен азаматтарға көрсеткен көмегіміз болсын", — деді ол.