Жыр жаттаған жүйріктер
Сейсенбі күні Ержігіт Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде Қобыланды батыр жырын жатқа айтудан республикалық «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының аудандық кезеңі өтті. Оған аудан мектептерінен 340 талапкер қатысты.
Айтулы шараны аудандық білім бөлімінің басшысы Бектұр Қали ашып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқауда Марабай жырау нұсқасы бойынша жазылған 132 беттен тұратын жырды түгел жаттаған 20 оқушы екінші кезеңге өтті.
Қорытындысында жырдың кез келген жерінен мүдірмей айтқан №170 мектеп оқушысы Аяулым Әзен бірінші, №249 мектеп-лицей шәкірті Гүлзира Қонысбай екінші, №170 мектептен Гауһар Әзен үшінші орынды иеленді. Сонымен қатар сайыстың екінші кезеңіне өткен оқушыларға аудан әкімінің орынбасары мен аудандық білім бөлімі басшысының Алғыс хаттары табысталды.
– Бүгінгі жыр жарысының оқушыға берері көп. Байқауға 340 бала қатысты. Олар әрбір үйдің үкілеген үміті. Солар сахнада тұрып ең кемі 5-6 бет жырды жатқа оқыды. Бұл – қатысушылардың барлығы аталмыш сайыстың себебімен осынша жырды жатқа біліп қалды деген сөз. Ал, байқауда өзгелерден оза шығып, топ жарған 3 талантты шәкірт облыстық кезеңге жолдама алды. Олар 2 қазан күні «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының облыстық кезеңінде аудан намысын қорғайды. Айта кетерлігі, олар республикалық байқаудан бірінші орын алған жағдайда 1 миллион теңге қаржылай сыйлық иеленулеріне мүмкіндік бар, – дейді қазылар алқасының мүшесі Жанар Қазиқызы.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат