Аудан әкімі Ғ.Мұратбаев ауылының тұрғындарымен кездесті
Кеше аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Ғ.Мұратбаев ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, мұң-мұқтаждарын тыңдады.
Ауылдық мәдениет үйінде өткен кездесуде тұрғындар елді мекен айналасындағы жайылымдық жерде өзге аумақтың жылқылары жайылып, халыққа қиындық туғызып жатқанын жеткізді. Бұл мәселе соңғы үш жылда қайталанып келе жатқанын айтып, заңдылығына сәйкес шешіп беруді сұрады.
Халықпен кездесуге арнайы шақырылған бірқатар шаруа қожалық иелері келмеді. Аудан басшысы бірінші кезекте ол азаматтармен бетбе-бет кездесіп, халықтың талап-тілектерін жеткізетінін айтты.
– Негізі заң бойынша елді мекеннен радиусы 5 шақырым болатын аумақтан жер ешкімге берілмеуі керек. Ауыл тұрғындарының айтып отырғаны өте орынды. Әр шаруашылықтың төрт түлігі өздері алған жерге жайылуы тиіс. Азаматтардың кәсіп ашып, мал басының көбейгені жақсы. Бірақ біз өзгеге зиянымызды тигізбеуіміз керек. Жаңа кейбір азаматтардың малы болғанымен, жері жоқ екені айтылды. Бұл дұрыс емес. Сондықтан мал шаруашылығымен айналысып отырған кәсіпкерлерді шақырып, мән-жайды түсіндіріретін боламыз, – деді аудан басшысы.
Кездесуде тұрғындар одан бөлек ауылдың өсіп-өркедеуіне елеулі үлес қосқан Ерғали Төлепов пен Үсенхан Өсербаевқа елді мекеннен көше атауын беру туралы ұсыныстарын жеткізді.
Сондай-ақ, "Палуан шүңгіл" уческесінен бұлақ қазу, ауылдағы 3 көшеге инфрақұрылым тарту жөніндегі талап-тілектерін тілге тиек етті.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат