Аудан әкімі ауылдарды аралап, тұрғындармен кездесті
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев келесі күні Жанкент, Бірлік, Қожабақы, Бозкөл және Тасарық ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Аудан басшысы алдымен өткен жылдың ерекшеліктері мен атқарылған жұмыстарды тілге тиек етіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
– Өткен жыл – біз үшін де, әлем елдері үшін де оңай жыл болған жоқ. «COVID-19» инфекциясынан сақтану үшін көптеген қауіпсіздік шаралары қолға алынды. Адамдардың көптеп жиналуына тыйым салынды. Карантиндік талаптарды сақтау үшін биылғы жылғы есеп беру кездесулерім «Online» өтетін болды. Жаңа технологияның көмегімен өтетін бұл шарада мәселелердің бірі айтылып, бірі айтылмай қалуы мүмкін. Сондықтан да бүгін өздеріңізбен жүзбе-жүз кездесіп, пікірлесуді жөн санадым. Ауылдағы көптеген мәселелерді білеміз. Кейбіріне жобаларын дайындап, қаржыландыруға ұсынып қойдық, – деген Мұрат Нәлқожаұлы биылғы жылы «Қарлаң» көпірінің жобасын дайындауға қажетті қаражаттың бөлінгендігін тілге тиек етті.
Жанкентте өткен кездесуде тұрғындар ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның іші салқын екенін және медициналық мекемеге жаңа жедел жәрдем көлігі қажеттігін айтты. Сондай-ақ, халықтың қолындағы азын-аулақ малын суару жағы қиындап кеткенін, бұл мәселені шешу үшін скважина қазу қажеттігін, спорт зал салу және ауылға көгілдір отын тарту жөнінде мәселе көтерді.
Сырдария өзеніндегі су көлемінің азаюына байланысты төрт түлікке қажетті судың тапшылығы Бірлік ауылында да сезіліп тұр. Бұл туралы ойларын аудан басшысына ауыл халқы бүкпесіз ашық жеткізді. Мұнан бөлек тұрғындар ауыл ортасындағы Жанқожа батыр көшесіне жол кедергісін салу, ауылдық клубтың ішін жылыту және интернет сапасын арттыру жөнінде ұсыныстарын жеткізді.
Қожабақы ауылдық мәдениет үйінде өткен кездесуде тұрғындар спорт зал салу, «Агро Өркен» шаруа қожалығының пайданылмай тұрған бос жерлерін мемлекет теңгеріміне өткізіп, құжаттарын рәсімдеп, кәсіпкерлік мақсатқа және жайылымдық жерге беру және Бірлік-Қожабақы ауылдары арасындағы «Қаракөл» көлшігін жайылымдық жерге беру жөнінде ұсыныстар тастады.
Ауыл малдарын суару қиындап тұрғанын Бозкөл ауылының халқы да айтты. Сондықтан ауылдағы 5 скважина көздерін тазалау мәселесін маңызды екенін жеткізді. Сондай-ақ, бозкөлдіктер ауыл көшелерін жарықтандырып, Қ.Өтепбергенов көшесіне тал егу үшін қоршау және дәрігерлік пункт қажеттігін, ауылға кіреберіс жолдың бойындағы көне гаражды бұзып, орнына көшет отырғызу мен жұмыссыздық мәселесін қоғамдастық арқылы шешу мәселесін көтерді.
Бұл күнгі кездесу түстен кейін Тасарық ауылында жалғасты. Аудан орталығынан шалғай жатқан елді мекен тұрғындарын жол мәселесі алаңдатады. Сондықтан болар олар аудан басшысына бірінші кезекте «Отгон» көпірінен Тасарық ауылына дейінгі жолды дұрыстап, көшелерді жөндеу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, ауылға жедел жәрдем көлігі мен «басы ауырып, балтыры сыздаған» жандарға көмек көрсететін медициналық маманның жоқтығын айтып, «Ердес» бөгетіне шлюз қою, «Қоса» дамбысын жөндеу жөнінде ұсыныс тастады.
Бұл жиында округке қарасты Лақалы ауылының да мәселелері айтылды. Мәселен Лақалы ауылындағы клубтың салқындығына байланысты жөндеу және Лақалыдан Жанкент ауылына баратын жолды дұрыстауға қаражат бөлуді сұрады.
"Қазалы" ақпарат