Білім ошақтары есік ашты
1 қыркүйек – ауданның барлық мектептері білім алушыларға есіктерін айқара ашып, мектеп табалдырығын алғаш аттаған кішкентай бүлдіршіндерді ықыласпен қарсы алды. Яғни, көптен күткен алғашқы қоңырау қағылды. Елдегі санитарлық талаптарға сай, биыл алғашқы қоңырау салтанатты шарасы 1 сынып оқушылары үшін ұйымдастырылды.
Осыған орай Білім күнінде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Әйтеке би кентіндегі №276 мектептегі шараға қатысып, мұғалімдер мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
– Білім күні мерекесінің әрбір адам өмірінде алар орны ерекше. Әсіресе мектеп табалдырығын тұңғыш аттайтын балғындардың жүрегінде бұл күн мәңгіге сақталады. Бүлдіршіндер үшін бұл сәулелі сәт қана емес, сонымен қатар жарқын болашағына жасайтын маңызды қадам. Мектеп оқушыларына сапалы білім, өнегелі тәрбие беру үшін барлық мүмкіндік жасалуда. Мектептер салынып, осы заманғы озық технологиямен, керекті құрал-жабдықтарпен қамтамасыз етілуде. Ұстаздарды әлеуметтік жағынан қолдау шаралары да жүзеге асырылуда, – деген аудан басшысы оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беріп жүрген ұлағатты ұстаз, №276 мектеп директорының орынбасары Бағдат Орымбастың «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгі иегері атануы үлкен жетістік екенін атап өтті.
Салтанатты шарада Мұхтар Әуесұлы мектеп табалдырығын алғаш аттаған 1 сынып оқушыларына «Әліппе» оқулығын тапсырып, оқуда озат болуларына тілектестігін білдірді. Мұнан соң аудан басшысы мектеп ғимаратын аралап, сыныптардың жаңа оқу жылына дайындығын көрді.
Айта кетейік, 2021 жылы оқу жылы ведомствоаралық комиссияның шешімімен және ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің Қаулысына сәйкес дәстүрлі форматта басталды. Сондай-ақ аудандағы білім беру ұйымдарында 16574 оқушы білім алады. Биылғы оқу жылында 1756 бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттады.
А.БАҚЫТҰЛЫ