Жаңа оқу жылы басталды
Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Әйтеке би кентіндегі №276 мектепте Білім күніне орай өткен шараға қатысып, мұғалімдер мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
– Білім күні мерекесінің әрбір адам өмірінде алар орны ерекше. Әсіресе, мектеп табалдырығын тұңғыш аттайтын балғындардың жүрегінде бұл күн мәңгіге сақталады. Бүлдіршіндер үшін бұл сәулелі сәт қана емес, сонымен қатар жарқын болашағына жасайтын маңызды қадам. Мектеп оқушыларына сапалы білім, өнегелі тәрбие беру үшін барлық мүмкіндіктер жасалып келеді.
Жаңа мектептер салынып, осы заманғы озық технологиялармен, керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Ұстаздарды әлеуметтік жағынан қолдау шаралары да жүзеге асырылуда, – деген аудан басшысы оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беріп жүрген ұлағатты ұстаз, №276 мектеп директорының орынбасары Бағдат Орымбастың «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгісінің иегері атануы үлкен жетістік екенін атап өтті.
Салтанатты шарада Мұхтар Әуесұлы мектеп табалдырығын алғаш аттаған 1 сынып оқушыларына «Әліппе» оқулығын тапсырып, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.
Мұнан соң аудан басшысы мектеп ғимаратын аралап, сыныптардың жаңа оқу жылына дайындығын көрді.
Айта кетейік, биылғы жаңа оқу жылы ведомствоаралық комиссияның шешімімен және ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің Қаулысына сәйкес дәстүрлі форматта басталды. Жаңа оқу жылында аудандағы білім беру ұйымдарында 16574 оқушы білім алады. Осы оқу жылында 1756 бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттады.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат